17
Наурыз

«Ақжолдың» республикалық штаб мүшелері соңғы үгіт-насихат жұмыстарын Түркістан облысында қорытындылады

17 наурыз 2023 жыл, «ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі 

«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды жорығын қасиетті Ұлытаудан, Жошы бабаның кесенесінен бастап еді, бүгін хандар жатқан қарт Түркістанда түйіндеді. Бұл да символикалық мәні бар жүріс болды.

«Ақ жол» демпартиясының үгіт-насихат тобы алдымен хандар мен әулие-әмбиелердің рухына құран бағыштады.


Партия лидері Азат Перуашев, төраға орынбасары Қазыбек Иса, Шымкент  қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов, Түркістан облыстық филиалының төрағасы Абзал Салықбаев Түркістан облысының тұрғындармен және бизнес өкілдерімен кездесеті. 

Республикалық штаб өкілдері партияның саяси бағдарламасының «Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы», «Демократия және парламентаризм, «Сыбайлас жемқорлық және де-офшоризация», «Әлеуметтік әділеттілік», «Нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау», «Сыртқы саясат» бағытын жан-жақты таныстырды. 

«Ақжолдықтар» кездесуге келгендермен ашық әңгіме өрбітіп, салық, несие пайыздарын азайту, жастарды үймен қамту, азық-түлік бағаларының тұрақсыздығы туралы мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, жақында күшіне енген «Жеке тұлғалардың банкроттығы» туралы пікір алмасты. 

Азат Перуашев тұрғындар сұрағына жауап бере отырып, басқалар өз қиялымен уәдені үйіп-төксе, біз нақты не істегенімізді және бұл жұмысты әрі қарай қалай жалғастыратынымыз туралы айтамыз. Біздің басымдықтар: ұлттық ұстанымдар, еркін экономика мен отандық өндірушілерді қолдау, парламенттік республика, де-офшоризация мен капиталдарды елге қайтару.

«Ақ жол» фракциясы парламенттегі жұмысы кезінде заң жобаларына 10 мыңнан астам ұсыныс, 600-ден астам депутаттық сауал жолдап, 14 заң жобасының ұйтқысы болды. Бюджеттің атқарылуы туралы есептер, министрлерді тағайындау және басқа да маңызды мәселелерді талқылағанда «Ақ жол» өзгеше пікірін айтып, дауыс бергенде үкіметті ұдайы қолдамайды. «Ақ жол» демпартиясы құрғақ сөз емес, нақты іске ұласуы үшін өз үлесін қосып келеді деді. 

Жиында Бәйдібек ауданынан келген ақсақал осы кездесуге үлкен үмітпен келгенін айтып, ауыл тұрғындарының бұйымтайын жеткізді.


Қария сөзін партияның істеген жұмыстарын тыңдап, көңілі қуанып отырғанын айтудан бастады. Ауылдағы мал жайылымы, егін  науқаны басталғанда жер жырту үшін жанар-жағармай мен автобөлшектердің қымбаттығы кәсіпкерлерге де, шаруаларға да қиын болып отырғанын да айтты. Сондай-ақ, ақсақал «неке туралы» заңды елімізде қайта қарауды ұсынды. Ол біздің ата-бабаларымызда ажырасу деген болмаған. Қазір ажырасқан жастар өте көп. Тепсе темір үзетін жігіттер ажырасады да, жұмыс істемей. Жұмыссыз болғандықтан алимент те төлей алмайды деп, өкінішін білдірді.  

«Отбасын сақтау туралы өте дұрыс мәселе көтеріп отырсыз. Біздің билікті кейбір кезде түсіну өте қиын. Әлеуметтік жәрдем берген кезде ол отбасында ешқандай шаруашылық болмауы керек, мал болмауы керек. Сонда мемлекеттен көмек алу үшін біздің азаматтар не істеуі керек? Бұрын кішігірім кәсібі болса, оны жауып тастады. Сосын әлеуметтік баспана беру үшін, жалғыз басты ана болу керек. Қаншама жастар үйлі болу үшін ажырасты. Біздің билік осындай шешім қабылдағанда қандай тәжірибеге сүйенеді? Мен түсінбеймін. Біздің ойымызша, халқымыздың санын көбейтуіміз керек. Әйтпесе ата-бабаларымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен алған жерін, әрі қарай ұстап қала алмаймыз. Бос жер жау шақырады. Жерімізді бос қалдыруға болмайды. Біз оны қалай толтыра аламыз? Өзіміздің халқымыздың санын көбейту арқылы. Ол үшін жас отбасыларды көпбалалы болуға ынталандыруымыз керек. Қалай ынталандырамыз? Жас отбасыға әр бала туған кезде мемлекет тарапынан көмек берілу керек. Мысалы, біздің елдегі заңға сәйкес, отбасында 4-ші бала дүниеге келгенде, ол жанұя көпбалалы отбасы болып есептеледі. Ал, біз жас отбасылар үшін  ипотекалық несиенің 25% мемлекет өз мойнына алған дұрыс деп ұсынып отырмыз. Отбасында 4-ші бала туылғанда отбасының ипотекасын мемлекет толықтай жабу керек. Бұл жастарға өте жақсы көмек деп ойлаймыз.», - деді Азат Перуашев. 


Мұнан соң республикалық штаб өкілдері Ордабасы ауданы Бадам елдімекенінде орналасқан Мұнай өңдеу зауытына барып, өндірістің жағдайымен танысты. Зауыттың бірінде 100-ге жуық, екіншісінде 80 қызметкер жұмыс істейді.

Зауыт көмірден мұнай өндіріп, сол мұнайдан 10 түрлі өнім алады. Жылына 12 тонна дизель өндіреді. Зауыт басшысы болашақта өнімнің түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Өндірілген өнім Түркістан облысының барлық аймағына тарайды.

Кездесу барысында «ақжолдықтар» партияның сайлауалды тұғырнамасын жан-жақты  түсіндіріп, жұмысшылардың сауалдарына жауап берді. 

Ұжым қызметкерлері банк пайызын төмендету туралы ұсыныстарын айтты. Жиналған қауым бірауыздан «Ақ жолға» дауыс беретіндіктерін айтып, партияға ақ жол тіледі. 

Республикалық штаб мүшелері сайлаушылардың сөздері мен ұсыныстарын назарға алып, 19 наурызда сайлау учаскелеріне келуге науқанға белсенді қатысуға шақырды.