04
Маусым

Ақжолдықтар Долинка ауылындағы «Карлаг» музейіне арнайы барып қайтты

4 маусым 2025 жыл, Қарағанды облыстық филиалы

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, «Ақ жол» партиясының Павлодар облыстық филиалы қоғамдық-идеологиялық жұмыс жөніндегі маманы Айбек Оралхан павлодарлық жас өлкетанушылар мен «LЕР» әдеби бірлестігінің мүшелерін бастап, Қарағанды облысы, Долинка ауылындағы «Карлаг» музейіне арнайы барып қайтты.

Бұл тағылымды сапардың мақсаты – қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңдерді еске алып, жастарға тарихи жадыны ұлықтау арқылы отансүйгіштік рухты дәріптеу. Карлаг (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері) – кеңестік репрессиялық жүйенің ауқымы мен қатыгездігін әйгілейтін тарихи орындардың бірі.

Музей ішінде қатысушыларға Карлаг тұтқындарының тұрмысы, лагердегі жазықсыз жапа шеккендердің тағдыры, қуғын-сүргін науқанының саяси астарлары туралы кеңінен мағлұмат берілді. Жастар экспозицияларды аралап, тарих беттерінен сыр шерткен құжаттармен және фотоматериалдармен танысты.

Сонымен қатар, делегация Жартас ауылындағы тарихи маңызы зор мекен — «Мамочкино моласына» зиярат жасап, саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына арнап дұға бағыштады. Бұл мола – кезінде аналар мен балалар көмілген қасиетті орын ретінде тарихта сақталған.

Сапар барысында Долинка ауылының тұрғындарымен де кездесу ұйымдастырылып, олардан лагер тарихы жайлы тың деректер мен естеліктер жиналды. Жергілікті халықтың аузынан жеткен әңгімелер жас зерттеушілер үшін ерекше маңызға ие болды.

Айбек Оралхан бұл сапардың жастарға берері мол екенін атап өтті:

"Тарихты білу – болашақ алдындағы жауапкершілігіміз. Қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, олардың аманаты мен мұрасын ұмытпау – біздің басты міндетіміз", – деді ол.

Осы бір тағылымды шара саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып қана қоймай, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға сеп болды. Мұндай бастамалар еліміздің өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, келешекке деген жауапкершілік пен үмітке жол ашады.