БҰҰ мінбері: Тіліміз төрткүл дүниеге танылған күн ретінде тарихта қалады -ҚазАқпарат
Тарихқа көз жүгіртсек, Қазақстан дүниедегі алпауыт ұйым - Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғалы оның мәртебелі мінберінен қазақ тілі екі мәрте сөйленіпті. Бұл сонау 1992 жылы Қазақстан БҰҰ-ға алғаш мүше болған жылында Ұйымның Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, сонда дана Абайдың: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген дана сөзін таза қазақ тілінде айтқан екен. Осы бір ауыз сөздің өзі сол Тәуелсіздіктің ең алғашқы жылында үлкен жетістік болатын. Содан бергі уақытта әлемнің барлық елінен алты мемлекеттің ғана ресми тілі сөйленіп жүрген мәртебелі мінберден БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 70-сессиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев тұтастай қазақ тілінде баяндама жасап, ұлт мерейін мейлінше үстем етті.
Айта кетейік, БҰҰ-ның алқалы жиындары бұрыннан ресми жұмыс тіліне айналған халықаралық алты тілде (ағылшын, араб, испан, қытай, француз және орыс) өтеді. Олардың қатарында қазақ тілі жоқ әрине. Алайда, БҰҰ-ның ережесіне сәйкес, тиісті аудармасы қамтамасыз етілген болса, барлық мемлекет басшылары өздерінің ұлттық тілдерінде сөйлеуге құқы бар. Осы құқыққа сүйенген Елбасы Н. Назарбаев дүниедегі ең биік мінберден қазақтың тілін, қазақтың үнін бүкіл әлемнің құлағына жеткізді. Бұл халқымыз үшін мақтан тұтарлық игі іс. Кейіннен, АҚШ-қа сапары мен БҰҰ бастамаларын қорытындылаған Президент Н. Назарбаев мұны жақсылықтың нышаны деп бағалаған болатын. «Біздің тіліміз дүниежүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Ары қарай жылжыта береміз. Мен әдейі солай жасадым. Бәрібір онда барлық тілге аударылады. Бірақ, біздің адамдар әбден үйреніп кеткен. Сөйлескісі келмейді. Тілі басқа жаққа үйреніп, жаттығып кеткен. Сондықтан мен айтқаннан кейін менен кейінгі біздің басшылар солай сөйлейді деп сенемін!», - деген болатын.
Президенттің бұл қадамын Қазақстан қоғамы қуана құптады. Зиялылар Елбасының ерен ерлігіне баласа, ақындар тіл мерейін үстем еткені үшін Мемлекет басшысына алғысын айтып, хат жолдап та жатыр. Мәселен, жақында ақын Ауыт Мұқибек «Сен қазақша сөйледің...» деген арнау өлеңін Елбасыға жолдады.
«Сен қазақша сөйледің, ер Нұрекем,
Тәуекелге байлап бір белді бекем.
Қазақ бірге шалқиды сен шалқысаң,
Қазақ бірге жүдейді сен жүдесең!
Сен қазақша сөйледің, алтын Ағам,
Ақ маңдайың күн ұқсап жарқыраған.
Бересіңді әлемнен алам дедің,
Бермесіңді ақылмен тартып алам.
Сен қазақша сөйледің шын көсіліп,
Сайрап кетті өзіңмен бірге осы жұрт.
Ана тілдің жетпесек қадіріне,
Қазақ болып қайтеміз күн кешіріп!», - деп жырлаған ақын Қазақстан Президентінің осы арқылы барша қазақстандықтарға үлгі-өнеге көрсеткенін айтқан.
Мемлекет басшысының қазақ тілінің беделін әлемге танытқаны қоғамды шын қуантса, оған Мәжіліс депутаттары да өз пікірін білдіріп, ойларын ортаға салды. Мәселен, Парламент Мәжілісіндегі депутат, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Елбасының ерлігін Қазақ хандығының 550 жылдығына тамаша тарихи сыйлық деп бағалайды. Депутат қазақтың құнарлы тілі арқылы Мемлекет басшысы дүниедегі маңызды мәселелерді әлем елдерінің алдына ұсынғанын ерекше тарихи жайт ретінде айтады. «Бұл тарихи баяндама халықаралық алты тілге аударылды. Экономикалық дағдарыс күшейіп, дүние дүбірге толы болып тұрғанда әлемдік күрделі мәселелерді шешімді түрде түйінін түйіп айту, әлемнің бүкіл мемлекет басшыларына құнарлы қазақ сөзімен құйып айтудың бағасын ешнәрсемен салыстыруға болмас. Қазақ тілін бүткіл әлем тыңдады. Тәуелсіздігіміздің 24-жылында Елбасымыз қазақша баяндаған себебін: «біздің тіліміз дүниежүзіне естілсін, құлақтарына сіңсін деп ойладым. Ары қарай жылжыта береміз. Мен әдейі солай жасадым, сондықтан, мен айтқаннан кейін, менен кейінгі басшылар да солай сөйлейді деп сенемін» деп түсіндірді. Әлемнің 190 президентінің қазақ тілін тыңдағаны ұмытылмайтын сәт. Тіліміздің әлемге танылған күні Елбасымыздың Қазақ хандығының 550 жылдығына тартқан тамаша тарихи сыйлығы болды деп білеміз», - дейді Азат Перуашев.
Бұл ретте Мәжіліс депутаты мемлекеттіліктің символы болып табылатын мемлекеттік тілді Конституцияға сай дамытуды алға тартып, ол үшін Елбасының ерекше ерен еңбегіне қарап отыра бермеуге шақырды. Бұл ретте Азат Перуашев Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам қайраткерлерінің барлығы мемлекеттік тілге үлкен құрмет жасап жүрген Президенттен үлгі алуға тиіс екенін сөз етті. «Сол себептен мемлекеттік тілге мемлекеттік органдармен бірге саяси партиялар, әрбір қазақстандық азамат өз үлесін қосуға міндетті. Әсіресе, «БҰҰ-ның қазақстандық үлгісі» аталып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің көрсететін кез келді. Осылайша, Елбасы бастамасын Ассамблея жалғастырып, Президент айтқандай «мемлекеттік тілді ұлт бірлігінің тілі» ретінде іспен дәлелдеулері керек», - дейді Азат Перуашев.
Ал Мәжіліс депутаты, жаңағы Перуашев мырза айтқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Розақұл Халмұрадов та әлемдік мінберден қазақ тілінде баяндама жасалуын тарихи сәт ретінде бағалады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемге өз ойын қазақ тілінде жеткізді. БҰҰ-ның ресми тілдері ретінде ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдері бекітілген болса да, сол ресми тілдің біреуі - орыс тілін жетік білетін болса да Елбасы әлемдік мінберден Ұлы дала елінің тілінде сөйледі. Дүниежүзі көз тіккен осынау алқалы жиында Президент қазақ тілінде сөйлеп, мерейімізді тасытып қана қоймай, қасиетті қазақ тілінің құдыретін әлемге танытты. Күллі әлем Елбасының арқасында жұмыр жер бетінде Қазақстан деген мемлекет барын ғана емес, оның рухты, әуезді, ғажап тілі бар екенін де біліп, соған куә болды. Тіл - қай кезде болмасын мемлекеттің ең асыл қасиеті, табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Қазақтың сары даласы қандай кең болса, тілі де сондай бай. Әлемдік мінберде мұны Елбасы тағы бір дәлелдеді», - деді Розақұл Халмұрадов.
Оның айтуынша, қазақ тілі тұңғыш рет БҰҰ мінберінен естілуі Елбасының даналығы мен даралығын, ана тілінің нағыз жанашыры екенін көрсетеді.
«Мемлекет басшысының осы әрекеті бірінші кезекте Үкімет мүшелеріне, Ұлы дала елі Парламентінің депутаттарына - біздерге үлгі болуы тиіс. Мемлекеттік тілді білмейтіндерге амал жоқ. Олар тілді жайлап үйрене жатар. Ал білетін бәріміз алдағы уақытта қазақ тілінде сөйлеп, оның мерейі мен мәртебесін көтеруге атсалысайық!», - деді депутат Розақұл Халмұрадов.
Түйіндей айтсақ, бұл күн, яғни қыркүйектің 28-і, шын мәнінде БҰҰ мінберінен алғаш қазақ тілінде баяндама жасалған күн ретінде тарихқа енетіні белгілі. Өйткені, шындығында бұндай биік мінберден баяндама ұлтымыздың тілінде бұған дейін еш уақытта жасалмаған. Ендеше, біздің де сөздің түйінін ақын ағамыз жырлағанындай:
«Алсын халық бұл күнді жылда есіне,
Тіксін тұлпар бәйгенің жүлдесіне!
Қазақ тілін шегелеп кеттің мәңгі,
Дүниенің ең үстем мінбесіне!», - деп аяқтағымыз келеді.