24
Қараша

Бекзат Дайрабайұлы өңір тұрғындарының мүддесін қорғау мақсатында, Кеңгір су қоймасына қатысты ресми депутаттық сауал жолдады

24 қараша 2025 жыл, Ұлытау облыстық филиалы

Ұлытау облысы бойынша ҚДП “Ақ жол” партиясының облыстық мәслихат депутаты Бекзат Дайрабайұлы өңір тұрғындарының мүддесін қорғау мақсатында аса маңызды мәселені көтеріп, облыс әкімі Д.А. Рыспековке Кеңгір су қоймасына қатысты ресми депутаттық сауал жолдады.

Қоғамдық талаптың нәтижесінде Кеңгір су қоймасы мемлекет меншігіне қайтарылғанымен, оған тиесілі қондырғылар мен құбырлар әлі де жеке компания қарауында қалып отыр. Соның салдарынан ауыз су беру құзыреті “Қазақмыс” корпорациясында, ал тұрғындар ПТВС арқылы сол компанияға төлем жасауды жалғастыруда. Сонымен бірге су қоймасын тазалау үшін қаржы бюджеттен, яғни халықтың қалтасынан қайта сұратылуда.

Бұл — жыл сайын халық қаражатының тиімсіз жұмсалуына және мәселенің қайталана беруіне себеп болып отырған жүйелі түйткіл.

Қазақстан Республикасының Су кодексінің 14-бабы стратегиялық су шаруашылығы нысандары міндетті түрде мемлекеттік меншікке тиесілі болуы керектігін нақты көрсетеді. Демек, Кеңгір су қоймасына қатысты барлық насос жүйелері, құбырлар мен инфрақұрылым толық көлемде мемлекет қарауына өткізілуі тиіс.

Осыған орай, Бекзат Дайрабайұлы мәселені тұрақты комиссия отырысында жан-жақты талқыға салып, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов бұл бастаманы қолдап, депутатты ҚР Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің жұмыс тобына енгізді. Бұл — бастаманың стратегиялық деңгейде қаралуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Бекзат Дайрабайұлы: «Халықтың заңды талабын орындау үшін Кеңгір су қоймасы мен оған қатысты барлық инфрақұрылымды түгелдей мемлекет қарамағына қайтару — нақты әрі әділ шешім. Мәселені жыл сайын бюджеттен қаржы сұраумен емес, оның түпкі себептерін жойып, түбегейлі шешуіміз керек. Біз салдармен емес — себеппен күресуіміз қажет» - деді.

ҚДП «Ақ жол» партиясы — әділдік пен ашықтықты алға қоятын, халық мәселелерін сөзбен емес, нақты іспен шешуге бағытталған партия.