08
Қазан

БҚИТУ-де «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауы таныстырылды

8 қазан 2025 жыл, Батыс Қазақстан облыстық филиалы

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Ақ жол» Демократиялық партиясының бастамасымен ұйымдастырылатын «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты жалпыұлттық байқауға арналған кездесу өтті. Іс-шараға партия өкілдері, университеттің оқытушылары және студенттер қатысты.

Кездесуде «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауының таныстырылымы өткізіліп, оның негізгі мақсаттары мен шарттары түсіндірілді. Байқау студенттер мен жастар арасында Алаш мұрасына деген құрмет пен қызығушылықты арттыруға, отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ, Алаш қайраткерлерінің ел дамуына қосқан үлесі мен олардың идеяларының бүгінгі жастар үшін бағыт-бағдар болатыны ерекше атап өтілді.

Студенттер белсенділік танытып, байқау талаптары мен Алаш қозғалысының тарихына қатысты өз ойларын ортаға салып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды. Қатысушылар арасындағы пікір алмасу барысында жастардың Алаш идеяларына деген қызығушылығы мен тарихи санаға бейілділігі айқын көрінді.

Кездесуде қазіргі Қазақстан дамуы мен Алаш идеяларының сабақтастығы да сөз болды. Алаш қайраткерлері көтерген білім, әділдік, ұлттық мүдде мен ел бірлігі идеялары бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарымен үндесетіні атап өтілді. Бұл бағытта жастардың ел болашағына белсенді қатысуы мен жауапкершілігін арттырудың маңызы ерекше екені айтылды

Іс-шара соңында мазмұнды пікірталас өтіп, қатысушылар Алаш идеяларының қоғам дамуына әсері мен оның қазіргі заманмен үйлесімді жалғасын тапқаны туралы ой бөлісті. Кездесу жастардың тарихи санасын күшейтіп, ұлттық рух пен бірліктің маңызын айқындай түсті.

Алдағы уақытта университет оқытушылары мен студенттерінің қатысуымен Алаш қайраткерлеріне арналған мұражайларға танымдық сапарлар ұйымдастыру жоспарлануда.