13
Қыркүйек

Бұл – қанатымызды қатайтып, керегемізді кеңейту үшін қажет - 'Егемен Қазақстан' газеті


         «Егемен Қазақстанның» арнаулы беті - 13.09.2014жыл
 Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Нұрлан Жазылбеков Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінеді:
Бүгінгі күнде үш қазақтың бірі Қазақстаннан тысқары елдерде өмір сүруде. Олардың қазіргі тағдыры отаршылдық үстемдік дәуіріндегі  қилы тарихи кезеңдердегі әділетсіз сая­си себептерге байланысты қалып­тасқандығы баршамызға белгілі. Бүгінгі сырттағы қан­дас­тарымыздың басым көпшілігі империялардың қазақ жерін пышақ үстінен бөліске салған замандарда өздерінің байырғы атақонысында отырып-ақ шетелдік болып шыға келді. Ал қалған бөлігін жаппай қуғын-сүргін, ашаршылық күштеп ұйымдастыру кезеңінде, адамгершілікке жат өзге де сая­си шаралар салдарынан респуб­лика аумағын тастап кетуге мәжбүр болған бейкүнә жандар құрайды. Сол қазақтардың бүгінгі ұрпақтарының басым көпшілігі еліміз тәуелсіздік алғанына 23 жылға аяқ басса да, әлемнің 40-тан астам елінде тарыдай шашылып жүр.
Республика Үкіметінің сол қандастарымызды елге көшіруді жеделдету мақсатында қазақ көшін көлікті етудің құқықтық және әкімшілік тетіктерін оңтайландыруға бағытталған аса маңызды саяси шешім қабыл­дағаны белгілі. Ұлттық мемле­кетімізді одан әрі бекемдеу жолындағы мұндай игі бастамалардың дұрыстығы дау тудырмайды. Бірақ, жеткіліксіз! Себебі, шетелдерде тұратын қазақ диаспорасының ұлттық болмы­сына төнген қатер жыл өткен сайын ауырлай түсуде. Кешегі тоқсаныншы жылдардың өзінде 90 пайыздан аса бала өз ана тілінде білім алатын Қытай мен Өзбекстанда қазақ мектептерінің саны адам шошырлық жылдам­дық­пен кеміп жатыр. Ал олармен мәдени байланыстарды кү­шейтуге міндеттелген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысы сын көтермейді. Және ол бар болғаны қоғамдық ұйым ғана. Сол себепті, мем­ле­кеттік Көші-қон және диас­пора мекемесін ресми орган ре­тінде құрудың маңызы ерекше зор. Израиль, Германия, Ре­сей және Қытай елдерінде өз диаспораларының құқық-мүд­десін қорғауға бағытталған арнайы мемлекеттік құрылымдар аса өнімді жұмыс істеп келеді.
Еліміздің көші-қон саясаты, дау жоқ, ұзақ мерзімге бағытталған кешенді жоба. Қазақ көші де таяу болашақта толас таппайды. Сондықтан, тәуелсіз Қазақ елінің алдында тұрған қасиетті парызы да тағдырдың жазуымен жат елдерде өмір сүріп жатқан өз қандастарымызды біртіндеп елге көшірумен қатар, олардың тұрғылықты жеріндегі құқық-мүддесін қорғау мен ұлттық болмысын сақтауына да ерекше қамқорлық көрсету!
Ал елімізде бүгінге дейін осындай орасан зор міндетті атқаратын мемлекеттік орган жоқ болып отыр. Ішкі іс­тер министрлігіндегі Көші-қон де­пар­таментінің қызметі тек виза­лық рұқсат берумен шектеулі екені белгілі. Ал қоғамдық ұйым­дар мұндай жүкті көтере алмайтыны анық. Сондықтан, қолында құзыреті бар Көші-қон және қазақ диаспорасы мемлекеттік немесе ресми мекемесін құруды кезек күттірмес мәселе деп білеміз.
Бұл, ең алдымен, қазіргідей дүниенің дүрбелеңі көбейіп тұрған алмағайып заманда Тәуелсіз Қазақстанымыздың ірге­сін бекемдей түсу ұлттық қауіп­сіз­дігімізді нығайта түсу үшін қажеті маңызы зор мәселе. Оның үстіне, бұл еліміз Еуразиялық эконо­микалық одаққа кіріп отыр­ған сәтте шетелдегі қандас­тарымызды атамекеніне тарту арқылы қанатымызды қатайтып, керегемізді кеңейте түсудің бір жолы болып табылады.
 
   Дерекнама www.egemen.kz