27
Ақпан

Білімді «жеген» пара /Төлен Тілеубай/ - Жас казак (Алматы)

 
Елімізде білім беру саласындағы жемқорлықтың айы оңынан туып тұр. Тіпті балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін дендеген жегіқұрт ұлтымыздың келешегіне үлкен қатер төндіруде. 2014 жылы еліміздегі әрбір 6-шы жемқорлық қылмысты білім беру саласының қызметкерлері жасаған. Сұрықсыз статистиканы жуырда «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелері жария етті.
Кеңес мүшелері білім беруде жемқорлықтың рейтингі жоғары екенін социологиялық зерттеулер де көрсетіп отырғанын жасырмады.
Жемқорлар жарысындағы көшбасшы
Білім және ғылым министрлігінің «Ақпараттық-сараптамалық орталығы» АҚ былығы осыған мысал. 2011 жылдың 15 қыркүйегінде үкімет қаулысымен құрылған мекеменің басты қызметі – білім беруді дамыту мәселелеріне зерттеу жүргізу мен жобаларды жүзеге асыру болғанымен, министрлік 2014 жылы оның жарғысына «Оқыту курстарын ұйымдастыру мен өткізу, білім және ғылым қызметкерлерінің біліктілігін арттыру» деген қызметті қосақтапты. Сөйтіп, шетелдерде (Чехия, Канада, Ұлыбритания, Сингапур) министрлік қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін сомасы 136 897 811,68 теңгені құрайтын қызмет түрін орталықтан сатып алған. Бұл аз десеңіз, орталық аппараттың қызметшілері кабинетке сыймай отырғанына қарамастан, «Ақпараттық-сараптамалық орталық» АҚ бірінші басшысына Министрліктер үйінен №902 бөлмені беріп қойған. Сөйтсе, акционерлік қоғам «Мәскеу» бизнес орталығында қыруар шаршы метр жерді жалдап отырған көрінеді.
Жауапсыз хат
Осы мәселе туралы «ақжолдық» депутат, осы кеңестің мүшесі Мерует Қазбекованың аузынан естігенде, жағамызды ұстадық. Ол жиын мінберінен: «2014 жылдың 9 айында жергілікті атқарушы органдардың білім беру саласы қызметкерлеріне қатысты 228 (2013 ж. 9 айда – 117) жемқорлық қылмыс тіркелді. Мұндай қылмыстың қатарында қызмет бабында жалған құжат жасау, біреудің мүлкін иемдену және ысырап ету жолымен ұрлау, қызмет бабын теріс пайдалану, парақорлық басым. Білім және ғылым министрлігінің қызметкеріне қатысты 2012 жылы – 5, 2013 – 9, 2014 жылдың 9 айында – 19 жемқорлық қылмыс тіркелген» деп мәлімдеді. Министр Аслан Сәрінжіпов өткен жылдың 6 айында бірде-бір адамды жеке қабылдамаған. Білімдегі былыққа қатысты министрлік сайтына жіберілген 534 өтініштің көпшілігі жауапсыз қалыпты.
Балабақша мен 1-сыныптың «ставкасы»
Ақша «асағыштар» балабақша меңгерушілері көрінеді. Аймақтарға байланысты «ставканың» көлемі – 50-100 мың теңге. Бұған себеп, елімізде балабақша кезегінде тұрған балақайлар саны 500 мыңнан асады. Демек, сыбайлас «сабаздар» үлкен сұранысты тиімді пайдалануда. Семейлік бір бастық кезек тәртібін бұзып, 100 баланы мектепке дейінгі мекемеге орналастырған. Бас прокуратура анықтағандай, мұндай қылмыс еліміздің 7 аймағында тіркелген. Соның ішінде 83 590 бала кезекте тұрған Елордамыз да бар. Кеңес мүшелерінің алдында «терлеп-тепшіп» есеп берген Астана қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева 2014 жылы Елордада 4 балабақша меңгерушісінің қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын мойындады.
Ақталмақ болған ол: «Астанада күн сайын 60-70 сәби дүниеге келеді. Соның нәтижесінде бір тәулікте халыққа қызмет көрсету орталықтарында 90 бала балабақша кезегіне тұрады. Бұған аймақтардан көшіп келетіндердің 20 баласын қосыңыз. Ал орналастыру жұмысымен 3 адамнан құралған шағын бөлім айналысады» деген уәж айтты. Бірақ онысы ескерусіз қалды. Керісінше, кеңес мүшелері білікті маман тапшылығына ұрынған мектепке дейінгі ұйымдардың аянышты халін сөз етті. Барлық аймақтарда осы ұйым педагогтарының 40 пайызының базалық білімі жоқ екені анықталған. Мысалы, Алматы, Қарағанды, Семей қаласындағы 3 университет жылына бар-жоғы 60 маман шығарады. Содан шығар, облыстарды айтпағанда, Астананың өзінде тәрбиеші тапшы. Мысалы, Астанадағы №70 бөбекжайдағы 25 тәрбиешінің 15-і біліксіз маман болып шығыпты.
Алматыда баланы 1-сыныпқа беру қиямет-қайым. Сөмке асынған бүлдіршінді үлгілі мектепте оқытпақ болсаңыз, 250 мың теңгеңізді дайындаңыз. Қатардағы мектептің «ставкасы» – 30 мыңнан басталады.
Кәсіптік-техникалық білім беретін мекемелер де жемқорлыққа белшесінен батыпты. Солай емей немене, бір мамандық бойынша екі колледждегі оқу ақысының құнының айырмасы – жер мен көктей. Меруерт Айтқажықызы айтқан бір-екі деректі келтірейік. Мысалы, Петропавл қаласындағы «Қызмет көрсету колледжіндегі» «Тамақты ұйымдастыру» мамандығы бойынша оқу ақысы – 176 мың теңге, ал «Айыртау ауыл шаруашылығы колледжінде» (Солтүстік Қазақстан облысы) – 900 мың теңге, яғни 6,7 есеге көп. Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік тапсырыс аясында «Ізденіс» атты жекеменшік колледжге бармақ бастымен 53 млн (!) теңге бөлінген. Сөйтсе, колледж жалға алынған 36 шаршы метр жерде «білім беріпті».
Айтпақшы, жоқ оқушыға өтірік баға қойып, шәкіртақы тағайындап, «нәпақа» табатын директорлар да бар екен. Осыған орай Бас прокуратураның басқарма басшысы Әсел Сатыбалдиева қызықты дерек келтірді. Қызылжар қаласындағы құрылыс колледжінің директоры Бабажанов колледждің жүзін көрмеген 26 студентіне шәкіртақы «беріп», өтірік баға қойып жүріпті. Жемқор басшысының кінәсінен мемлекетке 1,5 млн теңге шығын келген. Тұзаққа түскен Бабажанов Қылмыстық кодекстің 176-бабы бойынша сот үкімімен 5 жылға шартты жазаға кесілді. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмаған соң, колледждердегі білім сапасы да қатты құлдыраған. Бұған мысал, еліміздегі 478 (елімізде барлығы 867 кәсіптік-техникалық колледж бар) кәсіптікті-техникалық колледжді тексерген прокуратура органдары оның 171-інің немесе 35,8 пайызының біліктілік талабына сай еместігін анықтаған. Солай десек те, барлық колледж (ОҚО-дағы «Ізденістен» басқасы) білім беру қызметін ұсынуды жалғастыруда. Айтпақшы, 2013 жылы да тура осындай жағдай орын алған.
Жоғары оқу орнындағы сорақылық
Жемқорлық жаппай жайлаған жердің бірі – жоғары оқу орындары. 2012-2014 жылдары жүргізілген оңтайландыру нәтижесінде еліміздегі жоғары оқу орындарының саны 149-дан 127-ге азайды. Алайда білім ордасының саны азайғанмен, жемқорлық қылмыс көбейіп барады. Міне, дәлел: өткен жылы прокуратура органдары білім беру мен лицензиялау заңнамасына қатысты 2600-ден астам заңбұзушылықты анықтаған. Соның ішінде 18 оқу ордасын лицензиядан айыру туралы ұсыныс жасалған. Қылмысты қарау қорытынды бойынша 40-тан астам қызметкер тәртіптік, 32-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылған, 2 қылмыстық іс қозғалған. Мысал келтірсек, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетінің (Орал қаласы) «Дизайн» мамандығы межелі балл ала алмаған студенттердің жайы үшін «жүк ауыстыратын база» рөлін атқарған. Мәселен, аталған мамандық бойынша 2013-2014 оқу жылында 1-курстың күндізгі бөліміне қабылданған 1458 студенттің 26-сы ғана 2 курста оқуын жалғастырған, қалғандары басқа мамандыққа ауысып кетіпті.
Турасын айтсақ, қазіргі таңда сыбайлас қылмыстың үлкен нарығы жоғары оқу орындары болып отыр. Ең өкініштісі, студенттердің сессиясы ақшамен шешіледі. 4 жыл көз майыңды тауыспай-ақ, сауық-сайран құрып жүріп, 4-курста дипломыңды 120 мың теңгеге сатып аласың. Тіпті коммерциялық қызмет түрін ұсынатын «www.diplomki.kz» атты сайт та бар. Одан әрі магистратура мен докторантураға да «қалтаңды» қампайтып барасың...
 
Дерекнама - Жас казак (Алматы), № 8 (528), 27.02.2015