«Біз жанбасақ лапылдап…» /Бауыржан Әліқожа/ - Казак унi (Алматы)
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Біз жанбасақ лапылдап…» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасы жүлдегерлерінің жырларын газет оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн санадық.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының һәм «Сұңқар» студенттер кәсіподағының ұйымдастыруымен «Біз жанбасақ лапылдап…» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасы өтті.
Шараның мақсаты – тасада жүрген талантты жастарды қанаттандыру, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін сіңіру; егемен елдің ертеңі – ұлтжанды ұлан екенін сезіндіру. Студент шақтағы жастық жалынына оранған жігерлі жырды, тұмса бұлақтай мөлдір өлеңді насихаттау. Балауса ақындарды ынталандыру.
Мүшәйраға Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Павлодар, Семей, Қарағанды, Ақтөбе, Орал, т.б. қалалардан қырықтан аса автордан шығармалар келіп түсті. Жыр додасына қатысушы жастар Қазақ хандығының 550 жылдығына арнаған, сондай-ақ студенттік гүлдәурен тақырыбындағы өлеңдерін жолдаған.
Жүлдегерлерді белгілі шайырлар – «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубек, «Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлім, «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса, сондай-ақ ақын Талапбек Тынысбек сынды қазылар анықтады.
Нәтижесінде ҚазҰУ-дың Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 4-курс студенті Шерхан Талап бас жүлдені қанжығаға байлады. Бірінші орынды ОҚМУ-дың студенті Әлімжан Әлішер алса, екінші орын Нұртас Тұрғанбек пен Мұқағали Кенжетайұлына бұйырды. Үшінші орынды Әрі би Әрі Бек Өр Алтай, Еламан Хасенұлы, Аслан Тілегенов өзара бөлісті. Нұрболат Үсенов, Ақан Марғұлан, Тұрсынбек Башар, АбайОраз, Нұрболат Жолдасбек, Ерзат Асылұлы, Қазбек Сағидолла, Төлтай Файзулла, Алпамыс Файзолла, Дәулеткелді Жәкей ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Мүшәйраға «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, «Қазығұрт» баспасы, республикалық «Қазақ үні» газеті, факультеттің профессор, оқытушылары, ақын Т.Тынысбек демеушілік жасады. Шара барысында танымал эстрада өкілдері Е.Сәдуақасов, Д.Сағындықов әннен шашу шашты. Қолдау көрсеткендерге ұжым атынан факультет деканы ыстық лебіз білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
Бас жүлде иегері – Шерхан Талап. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 4-курс студенті.
Дала зары
Беу, боз дала, бота-дөң, бозғылт қырат,
Қасіретіңді қайтейін, сөз ғып құрап.
Құба жонның бетімен ғасыр көшіп,
Тепкісіне тарихтың төздік құлап.
Мылқау мұңнан көрдім бе көшті ордалы,
Қай қиядан естілер қостың зары?!
Саулы інге боп ыңырсып жатса белім,
Ойға да ауыр тұлпардың осқырғаны.
Әруағын шақырса бақсы құмдар,
Қасалы ерді құл қылар тасқыным бар.
Адырнасын тартады түн-әулие,
Айға қарап «Әу-у-у» десе қасқыр ұлдар.
Қозы жауырын жебе ұшса жауға жемір,
Қанға бөгіп қалады қарғалы өңір.
Семсерінен серт таймас құба арланмын,
Көз алартса тасадан қарғап обыр.
Көтере алмай киесін қағыл жердің,
Өте де алмай басынан адыр, белдің,
Жау да қалды жыртысып, жағаны алған,
Қайратынан сескеніп арынды ердің.
Далам, сенің сырың бар басқа қандай,
Жол қалды ма көнерген таспалардай?
Тақсыз ханның елесі жүреді ылғи,
Бабыр үйген төбеден бас таба алмай…
Ескі жұрттан естілген зар әнді ұғар,
Ұлтың қайда, таппаған бағаңды дәл?!
Балбал тастың алдында рухын жоқтап,
Көкке созып қос қолын бабам жылар…
1-орын
Әлімжан Әлішер
Қазақ шығар
Қазақ шығар шақпақ тастан отты үзіп,
Жарығын да, жылуын да аңғарған.
Қазақ шығар көпке сөзін өткізіп,
Ең алғашқы қаған болған,
Хан болған.
Маған тиген сөз оған да тиеді,
Бәрін салып үйренгенмін ақылға.
Қазақ шығар қалам ұстап киелі,
Ең алғашқы өлең жазған ақын да.
Тұмсығында басталғанда тіршілік,
Зау биіктен көзін тіккен Тұранға.
Қазақ шығар көкке қарай құлшынып,
Ең алғашқы қанат қаққан қыран да.
Өршілдігі өткірлікпен бағамдас,
Апанына әлімсақтан бас тұлға.
Қазақ шығар азу тісі-ақ алмас,
Алғаш етке жерік болған қасқыр да.
Тұлпарлардай төзімшілдік жоқ-ты асқан,
Елемейтін кетсе-дағы жидіп тер.
Қазақ шығар тұяғынан от шашқан,
Құлагердің бабалары, жүйріктер.
Өз еңсесін түсірмеген, о, бастан,
Төбесінен бұйра бұлттар ауғанда.
Қазақ шығар аспанменен таласқан,
Көк тіреген биік-биік таулар да.
…Туыс дейміз онсыз да біз көп елді,
Ойға батып ақыр соңы күлдім мен.
Адам ата Хауа ана да әуелгі,
Қазақ болған шығар бәлкім кім білген?!
Қазыбек Иса, «Ақ жол» партиясы төрағасы орынбасары, «Қазақ үні» газеті Президенті:
Енді жастарға аламан бәйгеде де бақтарын сынауға болады
Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы еліміздегі ең басты мереке екені белгілі. Сондықтан бұл мемлекеттік деңгейде де, түрлі қоғамдық ұйымдарда да жарқын көрініс табатыны анық. Соның ішінде үнемі алдыңғы қатарда жүретін ақындар бәйгесін ұйымдастыру кеңінен қолға алынуда. Ең алғашқы болып «Ақ жол» партиясы Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап «Ел мен Ер» атты халықаралық мүшәйра жариялап, төрткүл дүниеге сауын айтса, енді, міне, жастар да қалыспай жатыр. Республикалық жас ақындардың «Біз жанбасақ лапылдап…» атты мүшәйрасы жоғары білімнің қарашаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінде мәреге жетіп отыр.
Біз мына жастардың арынына қарап, «Ақ жол» партиясының Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап өткізетін «Ел мен Ер» атты халықаралық мүшәйрасында жастар үшін арнайы бір номинация жариялайтын болдық. Енді жастарға сол аламан бәйгеде де бақтарын сынауға болады.
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 13 (672), 07.04.2015