Бүгін,
5 қаңтар 2026 жылы, Ақтөбе облысына іс-сапары барысында ҚР Парламенті
Мәжілісінің Төрағасының орынбасары Дания Еспаева «Даму» кәсіпкерлікті дамыту
қоры» АҚ Ақтөбе өңірлік филиалы ұжымымен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі
кәсіпкерлікті қолдау шаралары, жаңа жобаларды дамыту мүмкіндіктері және бизнес
ортадағы өзекті мәселелер талқыланды.

Дания Еспаева Мәжілістегі жаңа заңдарға түсініктеме беріп, алдымен жаңа Салық кодексіне тоқталды:
«Сессияда ең қызу талқыланған құжаттардың бірі – Салық кодексі. Енді көп табыс тапқан тұлғалар салықты көбірек төлейтін болады, ал табысы төмен азаматтар үшін елеулі жеңілдіктер қарастырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер жеке табыс салығынан босатылады. Сонымен қатар, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер Мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көмек көлемдері (ГОВМП) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) аясында ҚҚС-тен босатылған.»
Сонымен қатар, жаңа Бюджет кодексі бойынша да маңызды өзгерістер бар:
«Жаңа Бюджет кодексі арқылы бюджет процесі едәуір жеңілдетіліп, екі есеге дейін қысқартылды. Ұлттық қор активтерін басқару стратегиясы өзгертілді. Өңірлердің қаржылық дербестігі артты, олардың түсімдерінің өсуі байқалады.»
Кездесу
барысында филиал қызметкерлері өз ұсыныстарын айтып, тәжірибе алмасу
мүмкіндігіне ие болды. Кездесу қорытындысы бойынша өңірлік кәсіпкерлікті
дамытуға жаңа серпін беретін бірқатар ұсыныстар қаралды.