Депутаттар жол қозғалысы туралы жаңа заңның нормасын бір жылға кейін шегеруді ұсынады /Қанат Қазы/ - www.alashainasy.kz
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Меруерт Қазбекова Үкімет басшысының атына сауал жолдап, онда қоғамда үлкен дау тудырған жол қозғалысы туралы жаңа заң нормасын бір жылға дейін шегеру туралы мәселе көтерді. Сүйтіп, бұған дейін өздері қабылдаған заңға мәжілісмендердің өздері қарсылық танытып отыр.
«Ақ жолдық» депутат Меруерт Қазбекова жол қозғалыстарына қатысты жаңа ережелерге, соның ішінде көлік жүргізушілеріне 12-жасқа дейінгі балаларға арналған арнайы құрылғысыз алып жүруге тыйым салатын нормаға ерекше назар аударды. Бұл ретте мәжілісмен осындай норманы қабылдаудағы басты аргумент балалардың қауіпсіздігін қорғау болатынын жеткізіп, бірқатар мәліметтерді алға тартты. Оның айтуынша, 2014 жылы Қазақстанда жол-көлік апаты салдарынан қайтыс болған кәмелетке толмаған балалар саны 89 болса, 1704 бала түрлі дәрежедегі жарақат алған. Тіпті 2015 жылдың алғашқы 7 күні ішінде 6 жолаушы-балалар жол апатынан қаза болып, 17-і жарақат алған. Сондықтан да практикада балаларды алып жүретін көліктерге арнайы автоорындық орнату талабы туындаған. Алайда, бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды.
«Республикамызда бүгінгі күні 4,5 млн. автокөлік тіркелген. Егер осы автокөлік иелерінің ең құрығанда төрттен бірінде 12 жасқа толмаған бала бар деп есептесек, онда 1 млн.-ға дейін автоорындық сатылымға шығарылуы қажет екен. Бұл мүмкін емес! Оның үстіне отбасында үш және одан да көп бала болса ше? Онда бұл шығын одан да шарықтап шықпай ма?», - дейді депутат. Бұны қойыңыз, шағын габаритті, үнемді автокөліктерге ондай бірнеше автоорындықтарды орналастыру да мүмкін емес. Ал осындай «жаңалықтың» нәтижесінде автонарықта қарбалас туып, алыпсатарлап көліктегі орындыққа бағаны еселеп көтерген. «Осының салдарына, заңдағы норма мен ережелерді бірден орындауға еш мүмкіндік жоқ, керісінше сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жол ашады. Қазір балалы азаматтарды тасымалдаудан такси де қашқақтайды, жол-жөнекей баратын көліктер де алып кетуден бас тартып жатыр. Такси парктері осындай жағдайға қосымша қаражат белгілеген. Мұндай проблема ауыл тұрғындары үшін одан сайын қиындық туғызып жатыр», - дейді депутат Қазбекова.
Сосын мәжілісмен баланың жасына қатысты да мәселе баршылық екенін айтады. Мәселен, оның айтуынша, көліктегі балаларға арналған құрылғыларды міндетті түрде пайдалану Бельгия мен Данияда 3 жасқа дейін, Жапонияда 6 жасқа дейін болса, Финляндияда - 3-тен 12 жасқа автоорындықтарға отырғызу туралы ұсыным болғанымен, аталған норма міндетті болып табылмайды.
«Мәжілісте осы заң нормасын талқылау барысында «Ақ жол» партиясы еуропалық тәжірибені алға тартып, балалар автоорындықтарға талап етілетін жасты 12 емес 7-ге дейін шектеуге табандап көріп еді. Алайда, Ішкі істер министрлігі бұған илікпеді», - дей келе депутаттық фракция атынан жаңа ережеге қатысты бірқатар ұсыныстарды алға тартады.
«Біріншіден, жоғарыда айтылған нормаларды жүзеге асыру үшін және автоорындықтармен қамтамасыз ету үшін 12 айлық мерзімге өтпелі кезең белгілеу. Мәселен, Ресейде тура осыған ұқсас норманы 2006 жылы енгізгенде бұндай норма 1 жылға шегерілген болатын. Екіншіден, көрсетілген мерзім ішінде заңның осы нормасын қайта қарап, оның ішінде 6 жасқа дейінгі балаларды автоорындықтармен қамтуға қарай жеңілдету керек. Ал 6-12 жасқа дейінгі аралықта бұл норма міндетті сипаттан арылтып, ұсынымдық сипатта қарастырылсын. Дегенмен, жеңіл автокөліктегі барлық жолаушылар қауіпсіздік белбеуін тағынып отыруы тиіс», - деді Меруерт Қазбекова.
Өз кезегінде Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов осындай олпы-солпы заң тудырған жобаны әзірлеушілер мен комитет төрағаларына «теерңірек қарау керек еді» деген ескертуін айтып қалды.
«Депутат Қазбекова дұрысын айтып отыр, бұл тікелей сыбайлас жемқорлыққа апарады. Бұдан соң жаңағы аптечкалар шығады. Онда үш дәке деп тұр, екі дәке ғана болса? Сол үшеудің орнына бір ғана үлкен дәке салып қойса не болады? Міне, мұндай жағдайдың бәрі жол бойында тұрған сержанттарға «беруге» итермелейді. Ешкім де ештеңені дәлелдей алмайды ғой. Олар: «үш дәке болуы керек, қайда?», «12 жасқа дейін автоорындық болуы шарт, қайда?» деп кете береді. Бұл біздің жұмыс комиссиямыздың кемшілігі», - деді Мәжіліс төрағасы.