Зейнолла Абажан
24.05.2019
https://qazaquni.kz/2019/05/24/100221.html
Елімізде 9 маусымда өтетін Қазақстан Президентін сайлауға дайындық қызу қарқын алды. Халық тағдырын шешетін сайлау ашық, әділ өтеді деп үміттенген тұрғындарымыз өз таңдауын жасамақшы. Бұл жолғы сайлаудың бір ерекшелігі – тарихымызда тұңғыш рет әйел адам Президенттікке үміткер ретінде тіркелді. Ол – «Ақ жол» партиясы ұсынған Дәния Мәдиқызы Еспаева. Бұған кейбіреулер теріс қарағанмен, «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тебеткен әйел», – деп түсінетін көпшілік бұл жаңалықты жылы қабылдады. Бір жасында анасынан, он жасында әкесінен айырылса да, жетімдікке жасымай, өзінің адал еңбек, маңдай терімен жетіліп Парламент Мәжілісі төріне көтерілген Дәния Еспаева ең алдымен өмірдің ауыртпашылығы мен тұрмыс тауқыметін бастан өткерген, еңбекпен шыңдалған білікті маман, бала-шаға өсіріп, немере тәрбиелеп отырған ана. Қаржыгер ретінде: «Өмірдің өзі Жаратушымыздың бізге берген несиесі, оны той-томалақпен өткізуге, немесе маңызды іске арнап, халқымызды байлы-бақуатты етіп, келер ұрпақ үшін қуатты мемлекет құруға да болады», – деген Дәния Еспаеваның Президенттікке үміткер ретінде алға қойған мақсаты жайында біздің тілшімізге берген сұхбатын оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.
ӘРКІМНІҢ ӨЗ ТАҢДАУЫ БАР
– Дәния Мәдиқызы, бізде бірқатар партиялар бар, мысалы, мүйізі қарағайдай «Нұр Отан» партиясы деген сияқты. Қалайша Сіздің таңдауыңыз «Ақ жол» партиясына түсті, не себепті басқаның емес, осы саяси ұйымның мүшесі болуды қаладыңыз?
– Ия партиялар баршылық. Бірақ менің таңдауым дәп осы – «Ақ жол» болды. Мен қаржыгермін, жастық жігер-күшімді, 34 жыл өмірімді осы мамандыққа арнадым, барлық саналы ғұмырым осы салада өтті десем де болады. Түрлі қаржылық ұйымдарда ең төменгі қатардағы қызметкерден бастап, 17 жыл басшылық лауазымдарды атқардым. Банк біреулерге ақшаның ортасы, бәрі де тікелей бір ғана қаржыға ғана қатысты сияқты көрінгенмен, ол жердегі басты жұмыс адамдармен тығыз байланысты. Оның ішінде жеке адамдар ғана емес, көптеген заңды тұлғалармен де кездесуге тура келеді. Мысалы, ол кездерде, қазір де банк жұмысында несиелендіру басты бағыттардың бірі болып саналады, сол арқылы кіріс кіреді. Адамдар банктен бірнеше жылға несие алып, өзіне аса қажет деген баспана алу, көлік немесе өзге де аса қажетті деген тұрмыстық мәселелерін шешкісі келеді. Әсіресе кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіргендер дәп осы қаржыға зәру. Қаржы – экономиканың күре тамыры деп босқа айтылмаған. Өйткені, бір кішкене ғана шағын бизнесті ашу үшін де ақша қажет, онсыз бұл мақсатыңызды іске асыра алмайсыз. Ал, ондай қаржы барлығының бірдей қалтасынан табыла бермейді, амал жоқ банкке келіп несие алады. Өкінішке орай, сол кәсіпкерлердің бәрі бірдей өз ісін дөңгелетіп әкете алмайды. Ақырында пайда көрмек түгіл, банкке төлейтін қаржысы қалмай қиналысқа түседі. Ондайларға қарап тұрудың өзі аянышты. Ештеңе ішіп-жемей қарызға батады.
– Демек, кәсіпкерлікке деген біліктілігі мен тәжірибелері жоқ деген сөз ғой?..
– Жоқ. Олардың бәрін сауатсыз деуге болмайды. Кәсіпкерлердің арасында танымал, жоғары білімді мамандар баршылық. Кез келген істі игеріп кететін іскерлер де жетерлік. Мәселе – біздің ұстанған экономикалық, қаржылық саясатымызда болып отыр. Мысалы, біз кәсіпкерлікті қолдап, отандық өндірісті өрістету туралы көптеген бағдарламалар мен қаулы-қарарларды қабылдадық. Ол өте дұрыс. Бірақ соны іске асырудың кейбір тетіктерін алдын ала ойластырмаймыз. Мысалы, өз басым жеке немесе заңды тұлғаға несие рәсімдемес бұрын оның бизнес-жоспарын әрбір әрпіне дейін мұқият тексеретінмін. Өндірісті жүргізу бағытындағы барлық мүмкіндіктерін тиянақты түрде саралап, оның жолында кездесетін кедергілерді арыз берушінің есіне салып, соңы немен аяқталуы мүмкін екенін күні бұрын ескертетінмін. Сұраған екен деп несиені қолына ұстата салудың соңы үнемі жақсылықпен бітпейді. Өндірісші шикізатты қайдан алады, оны қалай дайындайды, оған бүгінгі нарықта сұраныс бар ма, дайын тауарды қалай және қайда өткізеді, осының бәрі ескерілуі қажет. Ол үшін аймақ пен еліміздің, тіпті, әлем елдерінің экономикасын, іс-тәжірибесін жақсы білу керек. Мен бірінші есеп-кредит техникумын, одан кейін экономист мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Бұл екі түрлі мамандық болып көрінгенмен, бір-бірімен байланысты. Сондықтан, кәсіпкерліктің оңай жол еместігін жақсы білемін. Кейбір тетіктер қарастырылмағанын алдында айттым. Солардың қатарында несие берудегі жоғары үстемелік пайыз, салықтың есепсіз салмағы, отандық өндірушілердің мүмкіндігін шектеп, оған қарағанда шетелдік тауарларға басымдық беру сияқты кезінде санаға сиымсыз ережелер орын алды. Міне еліміздегі ондаған, жүздеген мың кәсіпкерлер қиналған қиын кезеңде «Ақ жол» партиясы көмекке келді. Олар заңдық тұрғыдан көптеген кедергілерді жою үшін айтарлықтай күш жұмсады. Біздің Мәжілістегі «Ақ жол» депутаттық фракциясы саны жағынан аз болса да, көптеген ірі мәселелерді көтере білді. Үкімет атына қаншама депутаттық сауалдар жолдап, кәсіпкерлерге бірқатар жеңілдіктер жасауға тікелей ықпал етті. Оны мен телеарна арқылы ғана емес, өзім күнде жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлердің көңіл-күйінен сезіндім.
Әрине, банкир ретінде кәсіпкерлердің күйін күйттеуге мен міндетті емеспін. Қарызды сот арқылы болсын қайтарып аламыз деп отыра беруге болатын-ды. Бірақ одан кәсіпкер де, банк те, өнеркәсіп те, тіпті тұтастай алғанда ел экономикасы ұтпайды, керісінше ұтылады. Сондықтан, осы аталған тараптардың бәріне ортақ ұтымды жол қарастырған жөн. Сол дұрыс жолды «Ақ жол» партиясы көрсетіп, нақты ісімен дәлелдеп берді, әлі де сол бағытын берік ұстанып келеді. Бұл менің де ұстанымдарым мен көзқарасыма тұтастай сәйкес келеді. Менің «Ақ жол» партиясын таңдауымның басты себебі осы болатын. Ол жағынан қателескен жоқпын деп ойлаймын. Енді міне, әріптестерім мені Президенттікке үміткер ретінде ұсынып отыр. Үлкен сенім, бірақ жауапкершілігі одан да жоғары. Әйел адамға оңай емес, мен бала-шаға, немерелерімді өсіріп отырған анамын, әжемін. Сол бәріміздің балаларымыздың бақыты мен біздің еліміздің жарқын болашағы үшін мен бар білімім мен күш-жігерімді жұмсауға міндеттімін.
ӘЛЕУМЕТТІК-ТҰРМЫСТЫҚ ЖАҒДАЙ БАСТЫ НАЗАРДА
– Ия, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы ел экономикасына тікелей тәуелді. Көпшіліктің, әсіресе жас отбасылары мен көпбалалы аналардың жанайқайы осының нақты дәлелі емес пе?
– Соңғы кезде мемлекетіміз халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына баса назар аудара бастады. Бұл саланың артта қалғанын мен де жақсы білемін. Негізгі қызметімді атқарумен қатар 14 жыл бойы Ақтөбе облыстық әкімдігі жанындағы «Отбасы және әйелдер ісі бойынша комиссиясының» мүшесі болып өңірдегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан кездерім болды. Аты айтып тұрғандай бұл комиссияда отбасына қатысты неше түрлі жағдайлар жиі қаралатын. Соның ішінде жас отбасыларының, көпбалалы аналардың тұрмыстық ахуалы да аз қаралған жоқ. Өзім де бала-шаға өсіріп отырған ана болғандықтан, олардың жағдайын жете түсіндім. Қолдан келгенше көмегімізді аяп қалмадық. Әрине, бәріне бірден жақсылық жасай қоюға мүмкіндік бола бермейді. Ол үшін мол қаржы керек, жергілікті бюджеттің жағдайы көтермейді. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың экономикаға тәуелділігі осы жерден көрінеді. Жұрт жоғары жалақысы бар жұмыспен қамтылса, жемқорлық жойылса, қызмет түрлерінің сапасын жақсартсақ, жастар сапалы білім алатындай мүмкіндікке ие болса деген сияқты толып жатқан арман-тілектеріміз, жоспарларымыз бар. Жалпы алғанда біздегі әрбір сала бір-бірімен тығыз байланысты, бұл – заңдылық. Сондықтан, ешнәрсені жеке бөліп қарауға болмайды барлық саланы қатар дамыту қажет. Күнделікті өмірімізде соған ұмтылуымыз қажет.
ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС НӘТИЖЕЛІ БОЛУЫ КЕРЕК
– Халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жалпы ел экономикасын дамытуға бізде кедергі болып отырған себеп-салдарлар жеткілікті. Соның ең қауіптісі – жемқорлық демеске амалымыз жоқ. Жан-жағымызды жайлап алған осы қоғамдық «дертпен» жылдар бойы жүргізіп жатқан күресіміз де айтарлықтай нәтиже бермеді. Сіздің ойыңызша, осыған қарсы қандай шаралар қолдануға болады?
– Бұл енді өте күрделі мәселе. «Ақ жол» партиясы экономика мәселесін үнемі қарастырып келе жатқан соң бұл тақырып та біздің назардан тыс қалып көрген емес. Онымен қалай күресу керектігін өз кезінде талай рет айтқан да болатынбыз. Экономика саласын жақсы білетін партиямыздың жетекшісі Азат Перуашев бастаған депутаттық фракция Мәжіліс отырыстарында мәселе көтеріп, бұл туралы өз ұсыныстарымызды депутаттық сауалдар арқылы Үкіметке бірнеше рет жолдағанбыз. Олардың бірі есепке алынса, енді біреулері ұмыт қалып жатыр немесе нақты ісі мен шешімі жоқ жалпылама жауап беріп құтылады. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, партияның атынан Президенттікке үміткер ретінде ұсынылып отырған соң өз бағдарламамды әріптестеріммен ақылдасын құрған болатынбыз. Сөзім нақты болу үшін жемқорлыққа қарсы күреске байланысты мынандай шараларды басшылыққа алуды ұйғардық. Солардың бір бөлігін атап өтейін:
– Әр қазақстандықтың меншігін және жеке бизнесін жемқорлар мен олардың сыбайластарынан қорғауды талап ету;
– Басшылардан, олардың қызметкерлерінің жемқорлығы үшін жауапкершілігі жөніндегі талаптардың орындалуын міндеттеу;
– Азаматтардың билік өкілдерімен дауларының әділ және жария қарастырылуы;
– Әшкере болған жемқорлар үшін жүріп тұру, шетелге шығу және меншігін басқару құқығының заңнамалық шектелуі;
– Соттың шынайы тәуелсіздігі, соттардың сондай-ақ олардың жұмыстан тыс уақыты мен зейнетке шығуынан кейін жеке қауіпсіздігі мен жоғары әлеуметтік қорғалуы;
– Барлық ашық сот отырыстарын интернет бойынша трансляциялау;
– Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы мәлімдеу жағдайында бопсалаушылық құрбанын жауапкершіліктен босату;
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттің маңызды құралы биліктің іс-әрекетінің жариялылығы мен оны қоғам алдында есеп беруге міндеттеу;
– Сыбайлас жемқорлықпен күресудің басты бағыты сондай-ақ оффшорлық аймақтар мен шетелдік банктерден, қара ниетті жемқорлар мен алаяқтардың халықтан ұрлаған миллиардтық қаражаттарын Қазақстанға қайтаруды талап ету.
Халықаралық мамандардың есебі бойынша, жемқорлар мемлекетімізден заңсыз түрде 160 миллиардтан астам ақшаны сыртқа шығарған екен. Бұл ақшалардың ұрлануы кесірінен елімізде қаншама кәсіпорындар ашылмай, қаншама адамдарымыз жұмыссыз қалды. Қаншама әлеуметтік мәселелер шешілмей қалды. Сол себепті «Ақ жол» партиясы қазақстандық шенеуніктердің, ұлттық компания басшыларының және олармен бірге сыбайлас тұлғалардың шетелдік банктердегі шоттары туралы ақпараттың ашылуын, олардың салық декларацияларымен салыстырылуын, қаржының шығу көзін иелері түсіндіре алмаса немесе түсіндіргісі келмесе, сол ақшаның елге қайтарылуын талап етеді. Біздің жемқорлыққа қатысты алға қойған талабымыз осындай.
Бір ғана мысал, Бурабайда 38 миллиард теңгеге Бюджет ақшасынан трамплин құрылысын салуға шешім қабылдаған. Парламентте Бюджет комитетінің мүшесі болғандықтан, бұл мәселе менің көзіме күмәнді көрінді. «38 миллиард теңгеге 50 мектеп салуға болады. Трамплинмен айналысатын елімізде 14 адам ғана бар екен, тек солар үшін xалықтың миллиардтарын далаға шашу ғой бұл! Ал қанша жерде қазақ балалары оқитын мектептер жетіспей жатыр!» – деп, өткізбей тастадық бұл халық қазынасын шашатын құрылыс жобасын.
ЖАСТАР САЯСАТЫНА – ЖАҢА КӨЗҚАРАС
– Жасыратыны жоқ, жастардың жағдайы айтарлықтай жақсы емес. Кезінде елімізге келіп жұмыс істеген өзбектер мен қырғыз бауырларымызды «гастербайтер» деп атасақ, енді өзіміздің жастар шетелге кетіп жатыр. Олар да жетіскенінен кетіп жатқан жоқ қой…
– Ия, ондай көзге ұрып тұрған көріністі жасыра алмаймыз. Жастарымыз жоғары жалақы үшін шетелге барып жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдіс деуге болады. Дегенмен, оларды патриот емессіңдер, өзге елдің экономикасын көтеріп жатырсыңдар деп кінәлауға болмас. Ол үшін жастарға лайықты жағдай жасау қажет. Оң мен солын енді ажырата бастаған жастарға қамқорлық керек. Оны мен жақсы түсінемін. Өз басымнан да талай қиындықтар өткен. Мысалы 1 жасымда анамыздан, 10 жасымда әкемізден айырылып жетім өстік. Бар ауыртпалық соңындағы іні-қарындастарын тәрбиелеп өсірген ағамның иығына түсті. Біз де ауылда өсіп, тіршілік тауқыметін көп тарттық. Қазір білімді жастар жетерлік, көбісінің жоғары білімі де бар. Тіпті, біраз бөлігі алыс шетелдердегі әлемге аты белгілі білім ордаларынан оқып келді. Білім беру бар да, оларды жұмыспен қамту бар. Бұл жағдайды мен өз тәжірибемнен жақсы білемін. Көптеген салалардағы мекемелер жас мамандарға жүре қарайды. Оларға бірден дайын, тәжірибесі мол, білікті маман керек. Жоғары оқу орнын бітіріп келсе де, жастарды жұмысқа алмауға тырысады. Немесе өз таныстары мен жоғарыдан қоңырау шалғандардың жіберген мамандарын алатындар да бар. Басшы қызметте істеп жүргенімде осы кемшіліктерді жібермеуге тырысқаным есімде. Менің қарамағымда қаншама жастар тәжірибе жинақтап, жақсы маман болып өмірден өз орындарын тапты. Тіпті, мекемеде қысқартулар болған күннің өзінде оларды өзге қызметке орналастыруға көмектескен күндерім болды. Кейін штат кеңейтілгенде қайтарып алатынбыз. Айтайын дегенім, жоғары немесе арнаулы білім беру өз алдына, ең бастысы жұмыспен қамту қажет. Онсыз оларды оқытқан қаржы желге ұшқанмен бірдей. Оған қоса тұрмыстық жағдайларын ойластыру міндет. Бізде баспана мәселесі өткір тұр. Тұрмысымыз түзеліп кетті деп 200-300 шаршы метрлі пәтер салу сәнге айналғанын білесіздер. Ал ондай пәтерді алуға әркімінің қалтасы көтермесі белгілі. Сол себепті, «Ақ жол» партиясы жастарға арналған жатақханалар мен жас отбасыларға арналған шағын пәтерлер құрылысын бастау керек деп бастама көтерген болатын. Бұл ұсыныс кейбіреулерге ұнамай мысқылдағандар да болды. Сонда олар 200 шаршы метрлік пәтерді қайтеді, оған қаржыны қайдан алады? Бірақ, бұл ұсыныстың ұтымды екенін кейін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Жастар тарапынан жасалған көптеген сұранысқа орай, қазір бірқатар қалаларымызда бойдақ жастарға арналған жатақханалар мен жас отбасыларға шағын пәтерлер салу қарқын ала бастады. Бұл да жастарымыздың өз жерінде тұрақтап, өз елінің дамуына үлес қосуына ықпал етеді деп санаймын. Алдағы уақытта бұл мәселеге баса назар аударып, жастар саясатына жаңа көзқарас қалыптастыру керек деп ойлаймын. Өйткені, болашағын ойлаған мемлекет бірінші кезекте жастарына қамқорлықпен қарауға міндетті.
ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ – БҰЛЖЫМАС БАҒДАРЫМЫЗ
– «Ақ жол» өзіміздің өткен ғасырдағы ұлттық Алаш партиясының ізбасары ретінде көрініп жүр. Белгілі Алаш қайраткерлерінің қызметін насихаттап, белгісіз болып келген есімдерді жарыққа қайта шығарды. Осы орайда ұлттық идеология туралы не айтар едіңіз?
– Бірнеше жылдан бері «Ақ жол» партиясы Алаш арыстарының есімін ардақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Бұл бағытта көптеген шаралар өткізілгенін халқымыз жақсы біледі. Жыл сайын Алаш тарихын зерттеп, есімдері ескерусіз қалған арыстарды қайта тарих төріне шығару үшін арнайы ғылыми байқаулар ұйымдастырып келді. Оған белгілі тарихшылармен бірге еліміздің барлық өңірлерінде тұратын әлі де көпке таныла қоймаған жас ғалымдар да қатысып өз үлестерін қосты. Жеңімпаздарға бірнеше номинация бойынша ақшалай және бағалы сыйлықтар тапсырылды. Ең бастысы – тарихтың түбінде тұншыққан көптеген құнды деректер анықталып, жарыққа шығарылды.
Сонымен бірге, Алаш тарихына арналған әдеби байқаулар мен халықаралық аламан жыр мүшәйрасы да көпшіліктің есінде. Өз елімізбен қатар алыс-жақын шетелдерден келген ақындар Алаш тарихы мен оның өз ұлты үшін атқарылған қызметін жан-жақты көрсетіп жырға қосты. Мұндай ауқымды, маңызды шараларды партия одан әрі де жалғастыра бермекші. Қазақ ұлттық мемлекетінің негізін қалаған Алаш партиясының еңбегі кімге де болса үлгі. Оның жастарға берер тәлімі мол. Бұл да біздің ұлттық идеологияның анық бір көрінісі болса керек. Біз Батысқа ғана еліктеп, өз тарихымызды, өз ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді ұмытуға тиісті емеспіз. Тәуелсіздік және ұлттық мүдделер – бәріміз үшін баға жетпес басты құндылықтар екені белгілі. Бұл мен үшін ерекше түсінік, сондықтан, өзімнің сайлауалды бағдарламама жеке тарау ретінде кіргіздім. Ата-бабаларымыздан жеткен ұлттық құнылықтарды көздің қарашығындай сақтап дамыту – бүгінгі біздердің парызымыз. Тарих сынынан сүрінбей өткен ұлттық тәлімнің жастарымызды тәрбиелеуде рөлі ерекше. Біз сол алтын бастауымызды бағалап, бүгінгі күнімізге қайтаруымыз қажет. Ұлттық идеология дегенде Қазақстанның ұлттық тарихына, мемлекеттік тілі мен қазақ мәдениетіне, сол сияқты басқа этностардың мәдениеті мен тілдеріне деген сыйластықты қолдаймын. «Ақ жол» партиясының еліміздегі көшелер мен елді мекендердің атауларындағы тарихи әділдікті қалпына келтіру, отарсыздандыру және декоммунизация бойынша жұмысын жалғастырамыз. Бұл жерде тағы бір айта кететін мәселе бар. Ол – Республика Конституциясының негізгі талаптарына, мемлекеттік тіл мен Қазақстан тарихынан емтиханды тапсырған соң ғана азаматтық беруді заңмен бекіту керек деп есептеймін.
– Сын және өзара сын мен сөз бостандығы, ой еркіндігіне көзқарасыңыз қандай? Бүгінгі біздегі Бұқаралық ақпарат құралдарына қандай мүмкіндіктер берілген, олар заң тұрғысынан қалай қорғалған?
– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» – дейді халық даналығы. Сын керек, ол сындарлы және әділ болғаны жөн. Сынаудың жөні осы екен деп бас-көзге төпелеу дұрыс емес. Ол нақты фактілерге негізделуі қажет және оның түзеудің жолын сілтеп берсе – нұр үстіне нұр дер едік. Рас, бізде сынды теріс қабылдап, кемшілікті көзіне айтқанды жауынан бетер жек көретіндер де бар. Ондайлар әсіресе, жоғары лауазымдылар арасында жиі кездеседі. Өзі басшы болған соң, оны ешкім ешқашан сынамау керек, оның айтқаны заң деп есептейді. Бұл – үлкен қателік. Бәріміз де пендеміз, адаспайтын адам жоқ. Сынды дұрыс қабылдап, кемшілікті түзете білу де үлкен біліктілік, керек десеңіз – ерлік.
Сөз бостандығы да маңызды мәселе. Сөз бостандығы болмаған жерде әділ қоғам, демократиялық құрылым бар деп айту – бос сөз. Орын алып жатқан кемшіліктерді ашық айтпасақ, оны кім түзейді? Өз ойын еркін білдіре алмаса, бостандық туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Сондықтан, біз бағдарламаға «Баспасөздің аузына құлып салуға болмайды, «Ақ жол» партиясы журналистердің әшкерелеп беретін басылымдары үшін қудалануынан қорғалуы керек» деген жолдарды енгіздік. Басылым өздерінің жеке басының қамын ойлап жатқан жоқ, олар халықтың мұңын жазады. Ал сол үшін олар неге қудалануы керек? Бұл ақылға қонымсыз нәрсе, демократиялық қоғамға жат құбылыс.
– Президенттікке үміткер ретінде тіркеліп, үгіт-насихат жұмыстарыңызды бастап кеттіңіз. «Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ» – демекші, әрбір үміткер өзін Президент санаса да артықшылығы жоқ. Президент Еспаеваның алға қойған басты мақсаты қандай?
– Менің жарнамаларымда «Табысқа ұмтылу!» деген сөз кездеседі. Бұл біздің ұранымыз десек те болады. Табысты ел – байлы-бақуатты ел. Табыс бар жерде береке, ырыс бар. Өміріміздің әр саласында тұрғындарымыз табысқа жетіп жатса, одан артық не керек?! Бәріміздің мақсатымыз – бейбіт, бақуатты, бақытты өмір сүру екені айдан анық. Олай болса, біздің көздеген басты мақсатымыз – жақсы өмірге жол ашу. Сол үшін жұмыс істейміз.
– Үлкен саяси додаға белсеніп кірістіңіз, қадамыңыз сәтті болсын! Халықтың сеніміне ие бола беріңіз деп, аламанда Ақ жол тілейміз!
– Рахмет, әумин!