10
Қантар

Дәния Еспаеваның іс-сапары жалғасуда

10 қаңтар 2025 жыл, Ақтөбе облыстық филиалы

Ақтөбе облысына сапары барысында Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаева мен депутат Жұлдыз Сүлейменова көпсалалы облыстық балалар ауруханасы ұжымымен кездесті. Жиында медицина саласындағы мәселелер мен осы салада қабылданып жатқан заңнамалық өзгерістер талқыланды.

Дания Еспаева Мәжіліс қабырғасында атқарылған жұмыстарға, оның ішінде дәрігерлерді қорғауға, олардың мәртебесін көтеруге бағытталған жаңа заңның тиімділігіне назар аударды.

– Өткен жылы 106 заң жобасы Мәжіліс қарауына енгізіліп, 37-сін қарастырдық. Оның 19-на Президенттің қолы қойылды. Қазан айында Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заңды қарадық. Қазіргі кезде осы заңның жүзеге асырылу барысын сіздермен талқылауға дайынбыз, – деді Дания Еспаева.

Жұлдыз Сүлейменова өз сөзінде МӘМС-ке қатысты тұрғындар арасында сын-пікірлер көбейгенін атап өтті. Кездесулерде азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызметті толық көлемде ала алмай отырғанын жиі айтып жүр. Сондықтан да қазіргі жүйе Денсаулық сақтау министрінің қатысуымен әлі де талқыланатын болады.

– Ауылда медицина инфрақұрылымын дамытуға көп күш салып жатырмыз. Былтыр «AMANAT» партиясының депутаттары ауылдық жерлерге баратын дәрігерлер үшін бір реттік көтерме ақыны, яғни ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшерін енгіздік. Бұл сапалы мамандарды ауылға тартуға мүмкіндік береді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Хирург профессор Болат Жаналиев соңғы 5 жылда балалар ауруханасынан бірде-бір дәрігер мамандандыру бойынша шетелден білімін жетілдіруге шақырылмағанын атап өтті. Сондай-ақ дәрігерлер медициналық құрал-жабдықтардың және ота жасауға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігін айтып, ауданаралық хирургиялық бөлімшелер ашу туралы ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар, “ҚР Ұлттық банкі” Ақтөбе филиалы мәжіліс залында, ҚР Парламенті Мәжілісі вице-спикері Дәния Еспаева және Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова қаржы секторы өкілдерімен Мәжіліс қабырғасында қабылданған заңдар және қаралып жатқан заң жобаларын түсіндірді.

Ең алдымен, ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері сөз алып, «Кредит беру кезіндегі және қарыз алушылардың қорғау кезінде тәуекелдерді азайту бойынша»  қабылданған заң туралы кеңінен тоқталды. Бұл заң жобасы 2023 жылы қыркүйек айында мемлекет басшысының жыл сайынғы халыққа жолдауындағы тапсырмасы аясында, Мәжіліс депутаттарының бастамасымен қолға алынып, заң жобасына 2024 жылдың 19 маусым күні Президент қол қойды.

«Мерзімі өткеніне 90 күннен асқан берешегі бар азаматтарға кепілсіз тұтынушылық қарыз беруге тыйым салынады. Қабылданған заңға сәйкес, әскери қызметшілер мерзімді қызметін өткеру кезінде және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде алған қарызына сыйақы есептеуден босатылады. 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынды. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынады. Берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдаған кезде қарыз алушының банктік шотында қалуға тиіс ақшасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтылды. 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі әкімшілік айыппұлдарды және салық берешегін өндіріп алу кезінде оңайлатылған іс жүргізу тәртібі енгізілді. Істі әділет органдары автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүргізеді. Сонымен қатар алаяқтық әрекеттерге жол бермеу үшін онлайн қарыздар бойынша міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру енгізілді» деді депутат Дәния Еспаева

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова аталған заң жобасы азаттардың тарапынан және банктерді ренжітпес үшінде ортақ шешімді қарастырғанын айтты.Бірақ қазіргі таңда, несиесін жауып беру туралы сұрақпен келген азаматтардың көптігі қынжылтатынын жеткізді. Бұл заң халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталғанын және бұл  уақыт еншісіндегі сұрақ екенін атады.

Түсіндірме жұмыстарынан кейін,жиыынға қатысушылар өздерін толғандырған мәселеде сұрақтарын қойып, салық кодексінің кейбір нормаларына ұсыныстарын берді.