Елбасының кандидатурасын «Ақжол» да қуаттайды - Айкын (Алматы)
«Ақжол» демократиялық партиясы 26 сәуірге белгіленген ҚР Президентін сайлауына өз үміткерін ұсынбайды.
Саяси ұйым мүшелері ақылдаса келе, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдауға тоқтам жасап отыр. Партия жетекшілері мұндай шешімді кеше Астанада өткен съезінде қабылдады.
– Біздің саяси жүйеде Президент институты өлшеусіз жоғары тұрғанын мойындауымыз керек, өйткені дәл осы институт мемлекеттік дамудың бағытын және қарқынын анықтайды, – деді өз құрылтайларын ашқан «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев. – Сол себепті Қазақстан халқы ассамблеясының тағдыршешті сайлауды кейінге қалдырмай биыл өткізу жөніндегі бастамасына біз де қосыламыз. Өйткені дәл бүгінде Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем үлкен қауіп алдында тұр. Экономикалық дағдарыстан бөлек, саяси қақтығыстар да күрт күшейіп кеткенін көріп келеміз. Осы орайда Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы күтілген қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған өте маңызды құжат екеніне көз жеткізе түстік. 2008 жылы да әлемде қаржылық дағдарыс орын алғанын білесіздер. Сол кезде де Н.Назарбаев индустриалды-инновациялық бағдарламаны бастау арқылы, барлық кәсіпкерлер мен инвесторларды бір бағытқа жұмылдырып, қиындықтан мемлекетті алып шықты. Енді, міне, жаһандық қатерлерден құтқарудың тың жобасын ұсынып отыр. Қазіргі кезде біз миллиардтаған инвестициялар тарту, кәсіпорындарды заманауи құралдармен жабдықтау, жас мамандарды шетелдерде оқыту, халықаралық нарыққа еркін шығу деген секілді керемет мүмкіндіктерге ие болдық. Осыдан 20 жыл бұрын бізде мұның ешбірі болған жоқ еді. Үлкен бизнеске жол ашқан да, көмек көрсеткен де – Президент. Осындай қарбалас сәтте елді жарқын келешекке бастап баратын нақты бағдарламасы бар Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын «Ақжол» партиясы атынан қолдау білдіруге шақырамын.
Съездің күн тәртібіндегі жалғыз мәселені төраға анықтап айтқан соң бірқатар азаматтар жарыссөзге шығып, пікір білдірді. «Ақжол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса ұлттың тарихы мен тағдырын таразылай келе, Азат Перуашевтің ұсынысын толық қолдайтындығын білдірді. Өзге де партия белсенділері мемлекеттің бүгінгі жетістігі мен келешек жоспарына қатысты өз ойларын ортаға салып, көтерілген бастаманы қолдайтындықтарын жеткізді. Нәтижесінде «Ақжол» демократиялық партиясының съезінің делегаттары ҚР Президенттігіне ұсынылған үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдау жөнінде шешімге тоқтады.
Дерекнама - Айкын (Алматы), № 47 (2679), 13.03.2015