26
Тамыз

Ерлік Өмірғалидың қолдауымен Ақмола облыстық филиалы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізді

26 тамыз 2025 жыл, Ақмола облыстық филиалы

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың бастамасымен және партия төрағасының орынбасары, белгілі кәсіпкер, «Алуа Строй» ЖШС-нің негізін қалаушысы әрі құрылтайшысы Ерлік Өмірғалидың қолдауымен Ақмола облыстық филиалы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізді.

Компанияның қолдауымен Целиноград ауданының (Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы), Ақкөл ауданының, Біржан сал ауданының (Мамай орта мектебі, Ақтас бастауыш мектебі, Еңбекшілдер орта мектебі), сондай-ақ Көкшетау қаласының әлеуметтік аз қамтылған отбасыларындағы балаларға мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдары табысталды.

Әр өңірде аталған акция балаларға арналған мерекелік сипатта ұйымдастырылды. Алғаш болып Ақмола облыстық филиалы Көкшетау қаласындағы «Тазша бала» балалар паркінде шара өткізді. Жаңа оқу жылы қарсаңында балалар мен ата-аналар көтеріңкі көңіл-күйде жиналып, бүлдіршіндерге ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды.

Мереке соңында Ақмола облыстық филиалының төрағасы Саят Сыздықов, «Ақ жол» партиясынан Көкшетау қалалық мәслихат депутаты әрі «Алуа Строй» ЖШС директоры Қанат Сердалин балаларды құттықтап, сыйлықтарын табыстады. Айта кетерлігі, сыйлықтар ата-аналардың арнайы берген тізімі бойынша әзірленіп, әр баланың жас ерекшелігі мен өлшеміне сай мұқият таңдалды. Ата-аналар көрсетілген қамқорлық үшін алғыстарын білдіріп, сыйға берілген киім-кешектің жоғары сапасын ерекше атап өтті.

Шара соңында балаларға арналып дастарқан жайылып, түрлі дәмдер мен тәттілер ұсынылды. Балалардың шат күлкісі мен ата-аналардың алғысы – осы игілікті істің ең үлкен жемісі болды.