08
Мамыр

Ермек Егінбаев Көксу аудандық ауруханасының ұжымымен және Балпық би ауылының тұрғындарымен кездесті

8 мамыр 2025 жыл, Жетісу облыстық филиалы

8 мамырда Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ермек Егінбаев Көксу аудандық ауруханасының ұжымымен және Балпық би ауылының тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында ол облыстық мәслихатта және мәжілістегі "Ақ жол" фракциясы депутаттарының атқарып жатқан жұмыстары туралы, сондай-ақ өзі басқарып отырған облыстық мәслихаттың индустриялық-инновациялық даму, логистика, көлік, жол, туризмді дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі тұрақты комиссиясының қызметі жайлы баяндап берді. Жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ашық пікір алмасты.

Кездесу соңында халықаралық рейспен ұшып келе жатқан ұшақта бірнеше сағат бойы күресіп, кәсіби біліктілігінің арқасында адам өмірін құтқарып қалған Көксу аудандық емханасының бас дәрігері Жаннұр Мәуленұлына ерекше құрмет көрсетілді. Оған Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың атынан «Адам құтқарғаны үшін» медалі табысталды.

Бас дәрігер Жаннұр Мәуленұлының ерлігі – баршаға үлгі боларлық іс.