25
Қараша

«ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» дәстүрлі байқауының екінші іріктеу кезеңі (жартылай финалы) өтті

25 қараша 2025 жыл, Маңғыстау облыстық филиалы

22 қарашада Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетінде «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» дәстүрлі байқауының екінші іріктеу кезеңі (жартылай финалы) өтті.

Биылғы байқауға барлық аймақтардан рекордтық 420-дан астам үміткер ғылыми жұмыстарын жіберген. Байқаудың 2-ші кезеңіне танымал Алаш ғалымдарынан тұратын іріктеу комиссиясы 43 эссені таңдады. Сол авторлар 12 финалистті өзара анықтау үшін Талдықорғанда бас қосты.

Айта кетейік, бұл байқауға Маңғыстаудан 30 қатысушысы өз эсселерін жіберген болатын. Жартылай финалға 5 қатысушы барып, қазылар алқасы алдында өз тақырыбын қорғады.

Сонымен, «Ақ жол» Демпартиясының «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» дәстүрлі байқауының 2-ші кезеңінде жеңіске жетіп, финалға жолдама алғандар қатарында 3 маңғыстаулық бар. Олар:

- Кәмшат Төреқұлова – Маңғыстау обл., мектеп-гимназия мұғалімі.

- Медина Қиса – Маңғыстау обл., мектеп-лицейінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі.

- Перизат Оралханова – Маңғыстау обл., мектеп-гимназия тарих пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі.

Мәселен Медина Сайлауқызы Қиса (Маңғыстау обл.), жұмыс тақырыбы: «Алаштың экономикалық жауапкершілігі мен ұлттық кәсіпкерліктің цифрлық жаңғыруы»

Ол ғылыми жұмысында Алаш қайраткерлерінің экономикалық көзқарастарының бүгінгі заманмен қалай сабақтасатынын түсіндірді. Эссесінде тарихи ұстанымдардың қазіргі жастардың технологияға, білімге және кәсіпкерлікке бет бұруымен үндесіп тұрғаны сипатталған. Жұмыста IT-стартаптар, инновациялық жобалар және цифрлық мүмкіндіктер арқылы ұлттық кәсіпкерліктің жаңа деңгейде дамып келе жатқаны көрсетіледі. Сонымен бірге жасалған Bluetooth-қосымша мен AlashBot сынды шағын жобалар арқылы қоғамға қызмет етудің заманауи үлгісі берілген. Жалпы алғанда, Алаш мұрасының идеялары қазіргі цифрлық дәуірде де өз маңызын жоғалтпай, жаңа мазмұнмен жалғасып отырғаны атап өтіледі.

Ал, Кәмшат Сайлауқызы Төреқұлова (Маңғыстау обл.): "Алаш" идеясының Тик-ток дәуірінденгі медиа-мәдени жаңғыруы" атты баяндамасында Алаш идеясын заманауи тетіктер арқылы жастарға жеткізу керек екенін көрсетті. Жастар арасында таралып жатқан эдиттер, хэштегтер және трендтік дыбыстар Алаш мұрасын эмоциялық, тез қабылданатын форматта жеткізуге мүмкіндік береді. Осындай үрдістер Алаш идеясының бүгінгі цифрлық ұрпақ санасында да өзекті әрі өміршең екенін дәлелдейді.

Сондай-ақ, жартылай финалға өткен Гүлнұр Кушанова мен Перизат Әбішқалиева байқаудың ынталандыру сыйлығына (75 000 тг) ие болды.

- “Алаш ұлттық идеясы қатып қалған ұғым емес, ол – тірі дүние. Әрі қарай дамитын, әрі қарай да көп жаңалық сыйлайтын үрдіс. Кейде Алаш деген тек тарих, ескінің сарқыншағы деушілермен біз, әрине, келіспейміз. Алаш ұлттық идеясы – халқымыздың өткені, бүгіні және келер ұрпағының негізгі арқауы. «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауы және басқа да сол сияқты бастамалар арқылы біз бүгін де Алаш ұлттық идеямыздың дамуына, заман талаптарына сай келуіне, оның өміршеңдігіне өзіміздің кішігірім болса да үлесімізде қосып отырмыз. Осы жолда еңбек еткен Алашшыл жандардың барлығына зор ризашылығымды білдіреміз.”, - деді партия лидері Азат Перуашев.