Идеология науқан үшін емес, ұлт үшін керек! /Мақсат Жақау/ - Казак унi (Алматы)
Алғаш саяси деңгейде «Ақ жол» партиясы – 2013 жылдың 3-5 мамырынан бастап, «Бiз есте сақтаймыз, бiз мақтан тұтамыз» атты патриоттық акциясымен ұлттық оюлы «Даңқ лентасын» республикада кеңінен таратып, таға бастады
Қырымдағы саяси жағдайдан соң, еліміз саналы түрде Георгиев лентасынан ресми түрде бас тартты. Кеш те болса, дұрыс қадам. Алайда, Жеңіс күнімен байланысты науқанда лента тағу үрдісін жою мүмкін емес болған соң, балама үлгілеріне жол ашылды.
2015 жылы наурызда Өскемен жастарының бастамасымен оюлы көк лентасын шығарды. Оны барлық мерекеде қолдануға болады деп, «8-наурызда» қыздарға таға бастады. Оны «КТК арнасы» жақында әдемі көрсетті.
2014 жылы Астана қаласы әкімдігі өз үлесімен «Отечественная война» деген жазуымен лентасын шығарды, бәлкім, қазақшасын ұмытып кеткен болар, оған «Жеңіс күні 1941-1945 ж» деген атауымен төсбелгімен қыстырды.
2013 жылы мамырдың 31-інде «Саяси қуғын-сүргін құрбандары күніне» орай арнайы лентаны әлеуметтік желідегі белсенділер шығарды. Кейін, 2014 жылдан Жеңіс күнінде де белсенділер соны қолдана бастады.
Алайда, бәрінен бұрын алғаш саяси деңгейде «Ақ жол» партиясы – 2013 жылдың 3-5 мамырынан бастап, «Бiз есте сақтаймыз, бiз мақтан тұтамыз» атты патриоттық акциясымен арнайы ұлт қаһармандарының есімдері жазылған оюлы «Даңқ лентасын» республикада кеңінен таратып, таға бастады. Сонымен қатар, 31-мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандары күнінде», 31-тамыз «Конституция күнінде», 16-желтоқсан «Тәуелсіздік күнінде» әдейілеп көгілдір оюлы ленталарды тағып келеді. «КТК» тележүргізушісі Платоновтың бағдарламасында партия төрағасы Перуашев өз сөзінде – «Георгиев лентасының» себепші болған Қырым оқиғасымен байланыстырмай-ақ, өзіміздің ұлттық идеологиялық арнайы лентасын тағу қажеттілігін айтқан, Қырым жағдайынан бұрын да көгілдір лентаны тағуды партия бастап кеткендігін жеткізді.
Әзірше, идеологиялық ізденіс үстіндегі қадамдар жастардан бастап, саяси партияға дейін жүруде. Десе де, «Ақ жолдың» идеялық ізденісте әрдайым қоғамға сілкініс пен ой тастап отыратын тәжірибесін айтпай кетуге болмас. Еш көшірмесіз шығарған кешегі «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған төсбелгісі тағы бар. Бастысы, жасампаздық ізденістің үлгісін бірізді науқандатпай келеді.
Идеология деген осындай болуы керек!
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 13 (672), 07.04.2015