21
Сәуір

Ипотекалық несиелер қайта қаржыландырыла ма? - Алматы акшамы (Алматы), № 49 (5083), 21.04.2015

 
ҚР Ұлттық банкі директорлар кеңесі «Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру» бағдарламасын мақұлдады
Баспаналы болу мақсатында несие алып, салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарына құйған қазақстандықтардың біразы экономика лық дағдарыс кезеңіне тап келді. Ипотекалық несиелерді рәсімдеген екінші деңгейлі банктер сол тұста қарызды үлкен пайызбен, доллар бағамымен берді. Яғни, несиені қайтару кезеңінде доллардың курсымен қайтаруға міндеттеді. Сол себепті біраз халық несиелерін қайтара алмай, қарызға батты. Кепілдікке қойылған баспаналарынан айрылғандар да бар. Үлкен әлеуметтік-қоғамдық дауға айналған ипотека мәселесі халықтың наразылығын тудырып, түрлі қоғамдық ұйымдар құрылды. Мәселе мемлекеттік деңгейге дейін көтерілді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев осынау мәселені шешуді Үкіметке тапсырған болатын. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ҚР Үкіметі мен Үлттық банк ипотекалық несие алғандардың мәселесін шешу үшін ұлттық банктен 130 млрд. теңге бөлуге шешім қабылдады. Бұл қаржы жиырма жылға 2,99 пайыз жылдық өсіммен екінші деңгейлі банктерге депозит күйінде орналастырылады. Ал банктер қаржыны несие алған кісілердің ипотекалық, тұрғын үй ипотекасы несиелерін қайта қаржыландыруға жұмсайды.
Бағдарламаның мақсаты төмендегідей:
- Барынша көп борышкерлердің ипотекалық қарыздарының қайтарылуын жеңілдету;
— Проблемалық несиелердің деңгейін төмендету;
- Экономиканың долларлану деңгейін азайту.
Бағдарламаның негізінде 2004 — 2009 жылдар аралығындағы кепілде борышкердің жалғыз баспанасы тұрған несиелер қайта қаралды. Қайта қаржыландыру бойынша пайыздық өсім 3 пайыздан аспайтын болды, доллармен берілген несиелер конвертацияланды, несие мерзімі 20 жылға дейін ұзартылды. Банктерге несие жағдайын бұдан әрі де жақсартуға мүмкіндік беріледі. Бағдарлама шеңберінде сотта қаралып, шешім шығарылған несиелер де қайта қаржыланады. Қарыздарды қайта қаржыландыру төмендегідей басымдылық бойынша жасалды.
— 2015 жылдың 1 қаңтарына дейінгі, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын борышкерлердің ипотекалық-тұрғын үй несиелерін:
— Тұрғын үй ипотекалық несиелер;
— Ипотекалық несиелер. Борышкердің қарызының қиыншылығын жеңілдету мақсатында қайта қаржыландыруға несиенің негізгі қарызының қалғаны жатады, өсімі, комиссиясы, айып-пұлы болмайды. Шетелдік валютада берілген несиелерді қайта қаржыландыруды банктер Ұлттық банктің белгіленген бағамы бойынша жүргізеді. Сот шешім шығарған несиелердің де негізгі қарызы қайта қаралады. Қайта қаржыландыру барысында банктердің қандай да бір комиссия, төлем, не басқалай бір төлемақы алуға құқылары жоқ.
Бағдарлама бойынша 20 мыңнан астам несие қайта қаржылануы тиіс, оның ішінде 5 мыңдайы — әлеуметтік әлсіз топтағы борышкерлер.
Президенттің қатысуымен 2015 жылдың 11 ақпанында Қазақстан Үкіметінің отырысы өткен болатын. Елбасы осы отырыста Үкімет пен Ұлттық банкке ипотекалық борышкерлердің мәселесімен айналысуды тапсырған. ҚР Ұлттық банк төрағасының 2015 жылғы 16 наурыздағы №130 бұйрығымен бағдарлама дайындауға ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына ҚР ҰБ Орталық аппараты, ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, «Ақ жол» партиясы, Қазақстан коммунистік партиясы, «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ, алты қоғамдық ұйым, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы, Алматы прокуратурам өкілдері, т.б. кірді.
Бағдарлама 10 сәуірде ҚР Ұлттық банк директорлар кеңесінде мақұлданды.
 
Дерекнама - Алматы акшамы (Алматы), № 49 (5083), 21.04.2015