16
Қантар

Келешегіміздің кілті – жастармен кездесу

16 қаңтар 2020 жыл, «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалы

«Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Қуандық Бискультанов әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттерімен бейресми кездесу өткізді. Кездесуге партия белсенділері, студенттер, оқу ордасының оқытушылары қатысты.                                                                                                                                          Шара барысында тарих, археология және этнология факультетінің деканы әрі модератор Ноғайбаева Меңдігүл Сағатқызы ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың іргелі негіздерін қалаған, ұлттық мүдделерімізді әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде қазақ қоғамын жаңғыртуды өздерінің мақсаты етіп қойған «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ізбасарлары екендігіне тоқталып, тамыры тереңге жайылған тарих, археология және этнология факультетімен бірге екі жақты қарым-қатынас негізінде атқарылып жатқан шаралардың нәтижелі болып жатқандығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, «Ақ жол» демократиялық партиясы дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан «Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауына факультет тәлімгерлерінің жүйелі қатысып, өз білімдерін додаға салып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанып жүргендігін мақтанышпен айта келіп, олардың да кездесуде бой көрсетіп отырғандығын жеткізді.

Сондай-ақ, факультет ұстаздары да "Ақ жол" демократиялық партиясының мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, оның негізгі басымдықтарын халыққа түсіндіру ісіндегі рөлін ерекше атап өтті. Тарихтың төркінінен айналып өтпей тікелей жұмыс істеп жатқандарына, жастардың жалындарын тектіліктің тамырында тулатқанына оң пікір білдірді.

Тарихшы, профессор Омарбеков Талас Омарбекұлы: «Ақ жол» партиясы сөзбен ғана емес, іспен де Алашты қолдайды. Мұның бірден-бір дәлелі жастарды отансүйгіштік пен тарихқа баулып, Алаштықтардың арманын асқақтатудағы елеулі еңбек атқарып келеді. Оның дәлелі жыл сайын өткізіліп отырылған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпы Ұлттық байқауының жоғары дәрежеде өтіп, «Алаш» қозғалысының мұрасын насихаттап, қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруына өз үлестерін қосу болып табылады», - деді.

Т.Омарбеков жиын барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих, археология және этнология базасында жұмыс жасап отырған «Алаштану» ғылыми-зерттеу орталығының жаңа директоры тарих ғылымдарының докторы Смағұлова Светлана Одепқызына алда атқарылуы тиіс тың идеялардың көп екендігіне тоқтала келіп, ғылыми-зерттеу орталығына толағай табыстар тіледі. Ізгі ниетті қолдаушылар қатарында т.ғ.д., профессор Берекет Бақытжанұлы Карибаев партия мүшелері мен факультет ғалымдары және студент жастарға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде сөз алған "Ақ жол" Демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Қуандық Бискультанов «Ақ жол» фракциясының білім беру мекемелерімен жастармен жалынды жұмыс жасау керектігі көтерілген  бастамаға ерекше мән беріп, қолдайтындығын жеткізді. Алматы қалалық филиалының төрағасы аталған норма өте өзекті болып табылатындығын тілге тиек етті. Себебі руханият көкжиегінде тарихпен таңбалаған бабалар аманатын асқақтату басты құндылықтарымыз бен өлмес мұраларымыздың өркендеуі мәңгілік мұратымыз болып табылатындығын жеткізді. Сонымен қатар, Қуандық Мұхамбетғалиұлы тарихшы, профессорлар мен студенттердің түйткілді әрі өзекті мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға ұтымды қанағаттанарлық жауаптар қайтарды.

Кездесу қортындысында «Ақ жол» Демократиялық Партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Бискультанов Қуандық Мұхамбетғалиұлы "ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы" атты құнды кітапты, тарихты сүйген студенттерге сыйға тарту етті.

 «Мұның барлығы бізді алда үлкен жұмыстың күтіп тұрғандығы, білімді де жігерлі жастармен бірге жұмыс істеудің арта беретіндігі», - деп қорытындылады Қуандық Мұхамбетғалиұлы.