03
Қараша

Әлеуметтік желідегі жауапкершілікті күшейту керек - Казак унi

Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Алмас Тұртаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.
«Елімізде интернет пайдаланушылардың саны жыл санап артып келеді. Осыдан 10 жыл бұрын интернет пайдаланушылар саны халқымыздың жалпы санының 4 % құраса, 2014 жылғы статистика комитетінің мәліметі бойынша 6 жас пен 74 жас аралығындағы интернет пайдаланушылар саны халқымыздың жалпы санының 63,9% қамтыған.
Азаматтарымыз әлемдік үрдістен тыс қалып жатқан жоқ, көш бастап отырған барлық әлеуметтік желіге тіркеліп, пайдаланып түрлі санаттағы ақпараттарды алып жатыр. Ол түсінікті де, өйткені әлеуметтік желі арқылы адамдар өзінің ішкі сұранысына қажетті барлық ақпараттарды алып, ақпарат таратып, басқа адамдармен танысып, жарнамалар беріп, өз қуанышымен бөлісе алады.
Бұл әлеуметтік желінің жағымды жақтары. Өкінішке орай, қазіргі кезде әлеуметтік желі пайдаланушылар арасында елдің үрейін ұшыратын ақпараттар таратып, әр түрлі заң бұзушылыққа жол беретін, тым анайы топтар да құрылып, оны пайдалаушылардың саны артуда. Бұл өз кезегінде әлі ой-қабілеті толығымен қалыптаспаған жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін туғызатыны белгілі. Әлеуметтік желідегі осындай ақпараттар салдарынан өз-өзіне қол жұмсап немесе басқа да заңға қайшы әрекет жасағандар туралы ақпараттар БАҚ-та жиі айтылып жүр.
Кейбір жастарымыздың желі арқылы өздерінің тым жеке өмірін, жасаған «ерліктерін» (түрлі ашық суреттер) әлеуметпен талқылауына бойлары үйреніп барады. Басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру немесе басқа адамның абыройы мен беделін әдепсіз түрде кемсіту көріністерін жиі байқауға болады. Кейбір деректерге сүйенсек осыдан 5 жыл бұрын 14 жасқа дейінгі жасөспірімдерге азғындық іс-әрекеттерімен байланысты қылмыс, нәпсіқорлық қылмыстардың саны ПО болса, қазіргі кезде осы аталған қылмыстар саны бірнеше есе артып, 2015 жылдың 10 айында 700-ге жуық қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді әлеуметтік желіде ашықтан-ашық насихаттау, азғындау, сол арқылы рухани әлсіреу есебінен де болып отыр. Осы жағдайлардың барлығы әлеуметтік желі жүйесі қызметінің реттелуі қажеттілігін көрсетіп отыр.
Әрбіріміз виртуалды дүниедегі іс-әрекетімізге де жауапты болуымыз және әлемдегі қазіргі болып жатқан кейбір әрекеттерді ескеріп, жастарымыздың адасуына жол бермеу қажет. Мәселе болашағымызға және қауіпсіздігімізге тікелей қатысты. Сондықтан «Ақ жол» фракциясы мәселені жан-жақты зерттеп, әлеуметтік желі жүйесінің қызметін реттеу мақсатында арнайы комиссия құрылуына ықпал етуіңізді сұраймыз», - делінген депутаттық сауалда.
 
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 43 (697), 27.10.2015