03
Қараша

Өлмесең өмірем қап дегендері ме? /Мақсат Жақау «Ақ жол» КДП партия төрағасының кеңесшісі, саясаттанушы - Казак унi

Алматы дәріханалары мен қоймаларына дәрі-дәрмек аламын деп келгендер осы күні жүректері соғып, қан қысымы көтеріліп шығатын болды. Себебі, дәрілердің басым бөлігі удай қымбаттаған.
Дәріханаларды жиі жағалайтын адам жылдың басынан бері дәрілердің бағасы тоқтаусыз өсіп жатқанын бірден байқайды. Бұған, ең алдымен, мүмкіндік берген еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі жауапты дер едік. Өйткені арнайы есепте тұрған науқастарға арналған жеңілдетілген бағалары болуға тиісті дәрілер тізімін ұсынатын да солар. Ал дәріханалар министрлік бекіткен нұсқауға сай жұмыс істеуі керек. Олай болса бағалар неге көтеріліп кеткен? Мысалы, парацетамол 30 теңге болса, министрліктің ұсынған тізімінде 60 теңге екен. Бұдан бағаны бақылаушы министрліктің өзі дәрі-дәрмектің құнын көтеруге атсалысқанын байқаймыз. Әйтпесе, жылдың басында доллардың өсетінін министрлік қайдан біліп қойыпты?
Доллардың өсуі сыныққа айтар жақсы сылтау болды. Шетелдік қана емес, өзіміз өндірген өнімдер де қымбаттай бастады. Рас, біршама әлеуметтік дәрі-дәрмектер сырттан сатып алынады, әрине, айырбас валюта АҚШ долларында. Кешегі жаздағы өсімнен бері, онсыз да 20 пайызға көтерілген баға 30-40 пайызға өскен. Ал енді, ресми органдар осы қазан айында бағаның тағы 40 пайызға жоғарылайтыны туралы айтып отыр. Долларды еркін ағымға жіберген Ұлттық Банк сияқты, министрлік те еліміздегі дәрі-дәрмектердің бағасына ерік бергенге ұқсайды. Яғни, дәрі-дәрмек атаулы сауда орындарында бірден көтеріледі деген сөз. Бұл науқас зейнеткерлер мен мүгедектер үшін қосымша дерт, төбеден ұрған соққымен бірдей ғой. Сенбесеңіз, дәріханаға келген бір зейнеткерді сыртынан бақылаңызшы, дәрінің бағасын естіген кезде қолын жүрегіне апарады.
Сонымен, есептей келсек, жыл басынан бері дәрі-дәрмек 90-100% дейін көтерілген болып шығады. Дәріні тұрақты пайдалануға тиісті науқастар не істемек? Бұл сау адамның өзін ауру халге жеткізетін жағдай. Өйткені бүгінгі дағдарыс кезінде қымбат дәріні сатып алуға көпшіліктің қалтасы көтермесі белгілі. Сонда біздің ең басты байлығымыз - ұлт денсаулығы, ұлт болашағы қайда қалмақ? Бір қынжылтары, қоғамдағы қиыншылықтар көп жағдайда қолдан жасалатынында. Теледидардан тіл майын тамызып сөйлеп, қағаз жүзінде тігісін жатқызатын біздің шенеуніктер іске келгенде бәрін керісінше жасайтынын көріп жүрміз. Кейін сұрай қалса оған айтар себеп-салдарлары да жеткілікті. Енді міне бәрін дағдарысқа жаба салатын болдық. Басы ауырып, балтыры сыздаған қарапайым халыққа осыншама қиянат жасауға бола ма? Бұл «өлмесең өмірем қап» дегенмен бірдей ғой...
 
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 43 (697), 27.10.2015