22
Қараша

Ұлытау облыстық мәслихатында тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті

22 қараша 2025 жыл, Ұлытау облыстық филиалы

Бүгін Ұлытау облыстық мәслихатында өткен тұрақты комиссия отырысында ҚДП «Ақ жол» партиясының облыстық мәслихат депутаттары халық үшін нақты іс атқарып, маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етті.

Ұлытау облысы бойынша ҚДП “Ақ жол” партиясының облыстық мәслихат депутаты Аяна Мукеева — білім саласындағы маңызды мәселелерді көтерді 07.11.2025 жылы №3 Білім-инновация лицейіне жүргізілген мониторинг барысында анықталған бірқатар проблемалар бойынша депутаттық сауал жолданған болатын. Толық нұсқасын мына сілтеме арқылы көре аласыздар: (https://www.instagram.com/reel/DQzj9buiN3K/?igsh=Z29iMTVxdmMyanQ0)

Бүгінгі тұрақты комиссия отырысында Аяна Мукеева осы мәселелерді көтеріп, білім басқармасына нақты сұрақтар қойып, толыққанды жауаптар алды.

Ұлытау облысы бойынша Білім беру басқармасының өкілінің айтуынша: “№3 Білім-инновация лицейінің директорына бірнеше рет ескерту жасалған, сондай-ақ БИМ басшылығымен арнайы кездесулер өткізіліп, тиісті шара қолдануды сұраған. Сонымен қатар, тамақтану қызметі бойынша мектептің есепшотында қаражат бар, ал ғимаратты күрделі жөндеу жұмыстары БИМ тарапынан келесі жылы жоспарланып отырғаны”-мәлімделді.

Осы жауаптарды тыңдағаннан кейін облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шынғысов аталған кемшіліктерді жеке бақылауына алып, тиісті органдарға барлық ақауларды қалпына келтіруді қатаң тапсырды. Бұл – депутаттарымыздың халық алдындағы жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Сессия барысында Аяна Мукеева білім басқармасының өкіліне тағы бір маңызды сұрақ қойды. Ол өңірімізге арнайы бағдарламалар арқылы келіп жатқан жас мұғалімдердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі мәселесіне тоқталды.

«Біздің Қабанбай батыр ықшам ауданында 60-қа жуық бос үй тұр. Неге сол үйлерді өңірге келіп, білім саласына еңбек етуге ниет білдірген мамандарға бермеске? Бұл – әрі кадр тапшылығын шешуге, әрі жас мұғалімдерді өңірде тұрақтандыруға мүмкіндік беретін тиімді қадам», — деп өз ұсынысын жеткізді.

Білім басқармасының өкілі бұл бағыттың қазіргі уақытта «дамыту сатысында» екенін, жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Ұлытау облысы бойынша ҚДП “Ақ жол” партиясының облыстық мәслихат депутаты Ақылбек Аманов — Өңірлік білім беру жүйесін жақсарту, оқушылардың қауіпсіз ортасын күшейту, инфрақұрылымды жаңарту мәселелері бойынша маңызды ұсыныстар енгізді.

Ұлытау облысы бойынша ҚДП “Ақ жол” партиясының облыстық мәслихат депутаты Бекзат Дайрабайұлы — Кеңгір су қоймасына қатысты стратегиялық мәселені көтеріп, депутаттық сауалы аясында: Кеңгір су қоймасын және оған қатысты барлық инфрақұрылымды толықтай мемлекет меншігіне қайтару жөнінде батыл ұсыныс жасады.

Мәселе облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шынғысов тарапынан қолдау тауып, Бекзат Дайрабайұлы экология жөніндегі комиссия құрамына енгізілді.

Бұл — өңір үшін стратегиялық маңызы бар шешім.

Біздің депутаттардың басты мақсаты — халықтың өзекті мәселелерін шешу, әділдік орнату және қоғамдық бақылауды күшейту.

«Ақ жол» партиясы әрдайым «Халыққа қызмет – басты міндет» қағидатын берік ұстанады.

Біз сөзбен емес — іспен дәлелдейміз.

«Ақ жол» – әділдікке бастар жол!