20
Ақпан

Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек Иса жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды

19 ақпан 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы

«Ақ жол» ҚДП төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, партияның Ұлттық кеңесінің кеңесшісі Асан Қошмамбетов және ҚДП Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Мұханбетәлі Шалқарбековпен бірге Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болды.

Депутаттар Жаңа Жамбыл фосфор зауытында болып, өндіріспен танысып, ұжыммен үлкен әңгіме-дүкен құрды. Кәсіпорын басшылығы отандық тауар өндірушілерге тұрақты қолдау көрсетіп отырған парламенттегі «Ақ жол» фракциясына алғысын білдірді. Атап айтқанда, ақжолдықтардың КСО компаниясының кірме теміржол желілерін заңсыз монополиялауына және Бәсекелестікті дамыту агенттігі қабылдаған шараларға қатысты сауалдарынан кейін зауыт өз аумағында, түсініксіз жағдайда монополистің қолына өтіп кеткен теміржол желісін қайтару рәсімдерін қайта бастауды жоспарлап отыр.

Еңбек ұжымымен тілдесу көптеген мәселелерді қамтыды. Өндірістегі еңбек жағдайлары ауыр және қауіпті (1 және 2 тізімдер деп аталатын), сондай-ақ әйелдердің зейнеткерлік жасын қысқарту тақырыптары көтерілді. Тұрғындар несиенің жоғары пайызына, барлық тұтыну тауарларының қымбаттауына, қолжетімсіз баспанаға, емделуге квота алудағы бюрократияға, білім сапасының төмендігіне, жұмысқа, тіпті тазалықшы қызметіне де орналасудағы жемқорлық пен бопсалаушылыққа шағымданды. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты негізді талаптар қойылды, онда аударымдарды қадағалап отыру, емхананы немесе дәрігерді өз еркінше таңдау мүмкін емес. Пікір білдірушілер ауылдардан келетін жастарға жатақхана қажеттігін; отбасы табысына байланысты балалар жәрдемақысының әділетсіздігін көрсетті. Аз қамтылған азаматтардың емделу және тұрғын үй сатып алу үшін зейнетақы жинақтарының жеткіліктілігі шегіндегі шектеулерсіз БЖЗҚ-дан жинақтарын алуға мүмкіндік беру туралы ұсыныстар айтылды.

Осы мәселелерге қатысты Азат Перуашев өз көзқарасыммен бөлісті, әйелдердің зейнет жасын ұлғайту бойынша «Ақ жол» фракциясының Ұлттық банкпен қандай талқылаулары болғанын және фракция дауыс беру кезінде әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайтуды қолдамағанын, сол себепті заң жобасын ұсынған Григорий Марченкомен қызу пікір алмасқанын да айтып өтті. 2021 жылғы 10 қарашадағы 1 және 2-ші зейнетақы тізімдерін қайтару туралы фракцияның депутаттық сауалына тоқталып, «Ақ жол» фракциясының Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені төмендету қажеттігі туралы бірнеше рет жолдаған сауалдарын, атқарылып жатқан жұмыстар, 2021 жылдың желтоқсан айында жүргізілген жұмыс және микрокредиттер бойынша борыштық қысымды шектеу бойынша заңда қабылданған ұсыныстары; жеке банкроттық туралы заң жобасы және т.б. туралы айтты.

Ең қызу пікірталас қаңтар оқиғасына қатысты болды.

  • Шабуыл жасаушылардың іс-әрекеттерінің сипаты, егер олардың жоспарлары жүзеге асқанда, бәлкім, бүгінде Қазақстанда азаматтық соғыс тұтанып, елдің өзі әртүрлі бандиттік топтардың «ықпалды аймақтарына» бөлінген болар еді деп айтуға мүмкіндік береді – Президент сұхбатында бұл жағдайды сириялық сценариймен салыстыруы кездейсоқ емес.
  • Оның үстіне ұрланған 2 мыңнан астам қару әлі белгісіз біреулердің қолында. Бұл қару көлемі бейбіт ауылдар мен қалаларға жаңа шабуылдар ұйымдастыруға жетеді. Сондықтан бүгінде осы қарулар мен оның ұрыларын іздеп жүрген мемлекет пен құқық қорғау органдарына қолдау көрсету аса маңызды, - деді өз сөзінде Азат Перуашев кездесу аясында

Зауыт жұмысшылары  жағдайды бұлай бағалаумен, мемлекетті нығайту қажет деген пікірмен келісті.

Сонымен бірге ұжым ұсталған тәртіпсіздікке қатысушылардың тағдырына алаңдаушылық білдірді, олардың арасында көптеген жастар бар, оларды азаптау және қорлау туралы хабарламалар айтылды.

Азат Перуашев «Ақ жол» демократиялық партиясының сауалдарын келтіре отырып,  кісі өлтіру мен өрт қоюды ұйымдастырушылар мен үйлестірушілерді жауапқа тартып, арандап қалған жастарға адамгершілік танытып, жазықсыздарды босату керектігін талап еткендерін жеткізді.

Зауыттан кейін депутаттар жаппай тәртіпсіздік жасаған 68 адам ұсталып отырған 13-ші тергеу изоляторына барды.

Азат Перуашев пен Қазыбек Иса 6 изоляторды (әрқайсысында 10-12 адамнан) аралап көріп, онда азаптау, ұрып-соғу жағдайлары, қамауда ұстау жағдайлары, олардың құқықтарының бұзылуы болған-болмағаны туралы сұрады. Ұсталғандар қысқа ғана («шағымдар жоқ», «бәрі жақсы») жауап бергендіктен, ниет білдіргендерге уақытша ұстау изоляторы қызметкерлерінің қатысуынсыз және мекеменің басшылығы бөлген бақылау камераларынсыз жеке бөлмеде оңаша сөйлесуді ұсынды. Мұндай тілекті 14 адам айтып, депутаттар әрқайсысын бөлек қабылдап, жан-жақты әңгімелестік. Әңгіме 4 сағатқа созылды.

Ұсталғандармен әңгіме барысында мына жағдайлар анықталды: 

- Бір-екеуін қоспағанда, ұсталғандардың дені 18 бен 24 жас аралығында екен.

- Тұтқынға алынғандардың жартысынан көбі қамау кезінде оларға қарсы күш қолданылғанын айтты. Ұсталғандарды УҰИ-да ұстаған алғашқы күндері азаптау мен ұрып-соғу туралы үш мәлімет айтылды. Депутаттарға қатыгездігімен ерекшеленген үш тергеушінің нақты аты-жөні аталды, олардың біреуін тергеу изоляторындағы қамаудағылар және олардан бөлек кеңседегі қабылдауға келген басқа күдіктінің анасы да атап өткен болатын.

– Тергеу изоляторына түскеннен кейін ешқандай азаптаулар мен ұрып-соғулар болған жоқ – мұны қамаудағылардың барлығы растады.

- Үш жағдайды қоспағанда, қалған арызданушылар қамауға алудың белгілі бір негіздері болғанын мойындайды. Ең көп таралған негіздер - ұрлық және қару ұстау. Ұсталғандардың айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде және одан кейін ІІД ғимаратының жанында автоматтар, тапаншалар, карабиндер және басқа да қарулар емін-еркін жатқан. Ол жақтан біреулер бір қорап оқ, біреу 4 пулемет, біреу тапанша алған. Қиратулардың фонында селфи жасап, жеке телефонына видео түсіргеннін нәтижесінде ұсталған адам да бар екен. Біреу таңғы сағат 4-те досымен бірге онсыз да талан-таражға түскен әкімдікке барып, ондағы техниканы талқандаса, енді бірі (оның айтуынша) көшеде тауып алып, әкімдіктің мөрін алып кеткен.

– Жеке әңгімеде ұсталғандардың барлығы дерлік жалпы көңіл-күйге бой алдырып, «қызық болғаны үшін шықтық», «қызығушылықпен бардым» деп айтты.

– Мемлекеттік адвокаттардың әрекетсіздігі мен енжарлығына шағымдар көп, жеке адвокаттарды жұмысқа алуға қаражат жоқ. Осыған байланысты, мемлекеттік қорғаушыны ауыстыру туралы өтініштер, сондай-ақ екі өтініш – Ұлттық ұланның құтқарылған сарбазын шығару туралы өтініштері жазылған, екінші жағдайда қаруды өз еркімен қайтаруға үндеулер және тб. айтылған телефон қоңырауларының детализациясын алуға көмектесу туралы айтылды.

Жеке қабылдауға жазылған тергеу изолияторында отырған жас жігіттерге Азат Перуашев қателікттерін түсіндіре отырып, үлкен жігер берді. “Алдарыңда өмірлерің күтіп тұр, соған жету жолында жақсылықтан үміт үзбеңдер! Рухтарыңды түсірмей, қайрат көрсетіп, өз болашақтарыңды жарқын ету жолында әрекет жасаңдар! Бізді де хабарда ұстаңыздар, көмек қолын созуға дайынбыз!” - деп рухани қуат берді. Қамау қапасында отырған жас жігіттер қабылдаулардан жанарларында  үміт оты пайда болып, еңселерін тік ұстап шықты.

Азат Тұрлыбекұлы байланысты үзбей, өзіне немесе Қазыбек Жарылқасынұлына хат жазуға, тым болмаса шартты не мерзімнен бұрын (УДО) босатуды сұрауды, бұл да жағдайды айтарлықтай жеңілдетуі мүмкін екенін тілге тиек етті.  Депутаттардың өтініші нақты кепілдік бермейтінін, соңғы шешімді сот шығаратынын жеткізді. Қандай үкім шығарылған жағдайда да табандылық танытып, апелляциялық шағым түсіруге шақырды.

- Жалпы, оқиға барысында арандап қалғандарға адамгершілік таныту (шынайы ұйымдастырушыларды жауапқа тартумен қатар) қоғамдағы бірлікті сақтауға және жікке бөліну қаупін еңсеруге септігін тигізер еді деп ойлаймын, - деді А.Перуашев.

Түстен кейін депутаттар басқа да ұсталғандардың ата-аналары мен адвокаттарын қабылдап, олардың істері бойынша да Бас Прокуратураға өтініштер дайындайтынын айтты.

Сенбiнiң соңында өңiр кәсiпкерлерiнiң түйткiлдi мәселелерін қозғаған тартысты жиын өтті.

Жиын барысында есеп берудің бюрократизациясы мен артықтығы, патенттік салық салуға көшу қажеттілігі; суару суының тапшылығы, қымбатшылық және көктемгі егіс алдындағы дизель отынының тапшылығы. Тыңайтқыштардың (тіпті жергілікті тыңайтқыштардың) қымбаттығы мен тапшылығы, мемлекеттің ауыл шаруашылығы мәселелеріне немқұрайлы қарауы туралы мәселелер көтерілді.

Жексенбі күні Жамбыл облысының Сарысу және Талас аудандарында, дәлірек айтсақ, олардың аудан орталықтары Жаңатас және Қаратау шағын қалаларында болып қайтты.

Алдымен депутаттар Жаңатастағы «ҚазФосфат» ЖШС жұмысшыларымен жан-жақты әңгімелесті.

Ұжым өкілдері 1 және 2-тізбелер бойынша зейнеткерлік жасты қайтару, жалақының аймақтық коэффициенттері мәселесін алға тартты. Аудандық ауруханада компьютерлік томография аппаратының жоқтығы, сол себепті Таразға барып-келу 300 шақырымды құрайды, бұл науқас адамдар үшін әрі қымбат, әрі қиын екеніне шағымданды.

Бірқатар сауалдарға қазіргі Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиев жауап берді. Томографқа қатысты ірі жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізілуде, мәселе оң шешімін табады деген үміт бар екенін айтты.

Кеншілермен жүздескеннен кейін депутаттар Жаңатас қаласының сауда орындарын аралап, шағын және орта бизнес өкілдерімен әңгімелесті. Кәсіпкерлер «Ақ жол» ҚДП фракциясының қағазбастылық пен есеп берушіліктің орнына патенттік салық салуға көшу туралы ұсынысын қызу қолдайтындықтарын білдірді.

Базардағы кiсiлер қоғамдық жұмыстарға (еңбек биржасы арқылы) 1 қаңтардан бастап жалақының кенеттен 85 мыңнан 65 мың теңгеге төмендегенiне шағымданды.  Қала әкімі 1 қаңтардан бастап бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен бөліну тоқтатылғанын, ал жергілікті бюджет мұндай көрсеткіштерді көтере алмайтынын түсіндірді.

Азат Перуашев бюджетті көктемгі нақтылау бойынша ұсыныс дайындауды сұрады. Осы арада партияның Ұлттық кеңес кеңесшісі Асан Қошмамбетов көмек сұраған көп балалы анаға айлық жалақысын бірден тапсырды.