04
Қазан

«Марабай мергендер» атты Бөрлі ауданында ашық турнир өтті

4 қазан 2025 жыл, Батыс Қазақстан облыстық филиалы

Бөрлі ауданының 90 жылдығына және Жанақоныс ауылының 70 жылдығына орай Ақсу ауылында Бөрлі ауданы, Ақсу ауылдық округі, Жанақоныс ауылының тумасы, жыршы Марабай Құлжабайұлының есімін дәріптеу мақсатында дәстүрлі садақ атудан «Марабай мергендер» атты Бөрлі ауданының ашық турнирі өтті.

Жарысқа Ақжайық, Бәйтерек, Қаратөбе, Шыңғырлау, Жәнібек, Сырым, Бөрлі аудандары мен Орал қаласының мергендері қатысты.

Аталған шара «Ақ жол» демократиялық партиясы депутаттарының демеушілігімен және Бөрлі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті А.Ищанов, Бөрлі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы И.Карабаев, аудандық мәслихат депутаттары С.Дүйсенов, Б.Ғадылшиев, А.Елеусинова, сондай-ақ Ақсу ауылдық округінің әкімі Р.Азаматов қатысып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Садақшылар «Пұта», «Қалқан», «Жамбы» нысаналары бойынша өзара бақ сынасты.

Жарыс қорытындысында үш нысана бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізген үздік мергенге «Марабай мергені» белдігі табысталды.

Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, демеушілік танытқан «Ақ жол» партиясының депутаттарына ұйымдастырушылар мен қатысушылар өз алғыстарын білдірді.