12
Наурыз

Санат жоқ 12.03.2014

«Ақ жол» ҚДП фракциясының сауалына дипломатиялық арналар арқылы келіп түскен мәлімет «СК-Фармация»-ның қызметіндегі жолсыздықтар туралы Үкіметтің теріс жауабын бекерге шығарды

2014 жылғы 12 наурыз, «Ақ жол» ҚДП-ның баспасөз қызметі
«Ақ жол» ҚДП фракциясының сауалына дипломатиялық арналар арқылы келіп түскен мәлімет «СК-Фармация»-ның қызметіндегі жолсыздықтар туралы Үкіметтің теріс жауабын бекерге шығарды» - деді Меруерт Қазбекова Мәжілістің  бүгінгі жалпы отырысында.Бас прокурор А. Дауылбаевтың атына жолданған депутаттық сауалда бірыңғай дистрибьютор«СК-Фармация» ЖШС-нің дәрі-дәрмек пен медтехниканы жоғары бағамен сатып алуы туралы мәселесі баяндалған.
Еске сала кетсек, «Ақ жол» ҚДП фракциясымен бұдан бұрын да,  2013 жылғы 6 қарашада гепатитті емдеуге дәрілік заттардың қымбат бағамен сатып алынатындығы туралы депутаттық сауал жолданған болатын. Онда осы дәрі-дәрмектерді Грузияның едәуір төмен бағаға сатып алғанын мысалға келтірген. Алайда, осы сауалға келіп түскен жауап бұдан да көп сұрақтарды туындатты.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жауабына сәйкес, сатып алынатын дәрі-дәрмек мөлшерінің айырмасын ескеретін болсақ, олардың түпнұсқасының нарықтағы бағасының 10 – 15 % аралығында ауытқып тұруы әбден мүмкін. Бұл орайда, дәрінің түпнұсқасын емес, өз өндірісінің аналогын сатып алған сияқты.
«Ақ жол» ҚДП фракциясының дипломатиялық арналар арқылы жолданған сауалына грузия тарабы гепатитті емдеу үшін дәрі-дәрмектердің түпнұсқасы 92,88 АҚШ долларына сатып алғаны расталды, (хат қосымша тіркелген). Ал «СК-Фармация» ЖШС (бұдан әрі – «СК-Фармация») дәрі-дәрмектерді 330 АҚШ долларына сатып алған, яғни Қазақстан 2 есе көп мөлшердегі дәрі-дәрмекті 3 есе қымбат бағамен сатып алған», - делінген.
Бұдан басқа, гепатит ауруын сапалы зерттеу жүргізу мақсатында 2013 жылы
16 арнайы аппарат, «Дельрус РК» ЖШС-нен 300 млн-нан астам теңгеге 9 аппарат сатып алынған (әрқайсысы 35 млн. теңгеден).
Сонымен бірге, 2013 жылғы жағдай бойынша, аталған ЖШС-тің өзбек және қырғыз филиалдары аталған аппараттың бағасын 19 млн. теңгеден сатып отыр («Дельрус-Ташкент» ҚБҰ-ның 21.02.2014 ж. мен «Дельрус СА» ҚБҰ-ның 28.02.2014 ж. прайс-парақтары).
Интернет-дерекнамаларға сәйкес, ТМД аумағында осыған ұқсас аппараттардың бағасы 18-20 млн. теңге айналасында құбылып тұр.
«Сөйтіп, аталған жабдық ұсыныс бағасынан 2 есе жоғары бағаға сатып алынған. «СК-Фармация» ЖШС-і сатып алған медициналық техниканың бағасы мен нарықтағы құнының арасындағы айырма –  144 млн. теңгені (бір аппараттың бағасы –  16 млн. тг) құрап отыр. Сол кездегі қолданыстағы ақша бағамы бойынша бұл шамамен 1 млн. АҚШ долларын құрайды», - деп атап көрсетті М. Қазбекова.
Депутат аталған дәрі-дәрмектер мен техникаларды делдалдарсыз, тікелей өндіруші зауыттардан төменгі бағамен сатып алудың заңнамалық мүмкіндігін атап өтті. Мәселен, дәрілік заттар мен техниканы сатып алуды ұйымдастыру және өткізу Ережелеріне сәйкес, егер шетелдік өндірушінің баламасы жоқ бір ғана дәрілік заты мен техникасы тіркелген болса, онда бір көзден, яғни өндіруші зауыттан сатып алынуы мүмкін.
«Алайда, «СК-Фармациясы» сатып алуды тендер шеңберінде, яғни делдалдар арқылы жүзеге асырып отыр», - деп түйіндеді депутат.
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары Бас прокуратурадан гепатитпен ауыратын науқастарды емдеуге қажет медициналық техника мен дәрілік заттарды сатып алудың заңдылығы мен тиімділігін қарастыруды сұрайды.
«Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруда.