19
Ақпан

Санат жоқ 19.02.2015

Қарағандыда «Алаш» туралы бағдарлама талқыланып, мақұлданды

 
2015 жылдың 17 ақпаны, «Ақ жол» ҚДП Қарағанды облыстық филиалының баспасөз қызметі
Ағымдағы жылдың 12 ақпанында Қарағандыда «Ақ жол» партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде партияның Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі бағдарламасы талқыланды. Оған партия активі мен жергілікті алаштанушы ғалымдар қатысты.

Дөңгелек үстелді филиал төрағасы Марат Берқалиев Бағдарламада көтерілген өзекті мәселелерге шолу жасай отырып ашты.
      Талқылау барысында сөз алған Қарағанды мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Сәдуақасұлы Өскембаев Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл және Алаш қозғалысының 100 жылдығы мерейтойларын мемлекеттік және жалпыұлттық дәрежеде атап өтілуін құптай отырып, «Ақ жолдың» Бағдарламада көрсетілген ұсыныстары іске асырылып жатса, оның қоғамымыздың дамуына, бүгінгі мен келешек өскелең ұрпақтың рухани өсуіне ықпал етері анық деп атап көрсетті. Өйткені, Әлихан Бөкейханның, «Алаш» қозғалысының мұрасы біздің сарқылмас рухани қазынамыз. Сонымен бірге істелетін бұл іс-шаралар көрнекті саяси қайраткер, халқына қалтқысыз қызмет еткен «Алыптар тобының» өкілі, қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күрес майданына шыққан «Алаш» қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханға деген құрмет болар еді дей келе, Қанат Сәдуақасұлы өзінің келесі: Алаш қайраткерлерінің Қазақстан Республикасының негізін құрудағы еңбектерін ескеріп Астана, Алматыдан басқа да ірі қалаларда оның атына көшелер беру (мысалы Әлихан Бөкейханның туған облысы Қарағандыда әлі күнге дейін көше жоқ), мүсіндері орнатылса артық болмас еді; Сонымен бірге Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында үздік студенттерге Әлихан Бөкейханның есімімен аталатын стипендиялар тағайындалса деген нақты ұсыныстарын айтты.
Осындай келелі пікірлерді тарих ғылымдарының кандидаттары Т.Т.Аршабеков, Л.Қ.Шотбақова, «Ұлт тағдыры» қозғалысының облыс бойынша төрағасы А.С.Халенов, филиалдың жастар қанатының жетекшісі Е.Қуатбек т.б. айтты. Мәселен, Алаш қайраткерлерін мектеп оқулықтарына кеңінен енгізу және онда өлкетану сабақтарын жаңғырту, шет елдерде Алаш арыстары өмір сүрген жерлерде ескерткіш белгілер орнату,  31 мамыр қуғын-сүргін күні болып жеке есептеліп, ашаршылық қасіретіне басқа атаулы күнді арнаудың қажеттілігі сөз болды. Мәселені тек орталық органдарға ғана бағыттай бермей, жергілікті құзырлы органдардың мүмкіншіліктерін де қарастырып, жергілікті жерлердегі Алаш қозғалысына, репрессияға ұшырағандарға қатысты құжаттарды жарыққа шығарудың керектігі айтылды.
«Ақ жол» партиясының Балхаш қаласы бойынша үйлестірушісі А.Ыбышев  «Мен, «Алашорда» көшбасшыларының заңдық тұрғыда ақталғаны қарамастан, әлі күнге дейін «Алаш» қозғалысына толық баға бермей жүрміз – деген «Ақ Жол» ҚДП төрағасы, партияның Парламенттегі фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің пікіріне толықтай қосыламын»,- деді,- «Алаш» қозғалысы туралы айтқанда, алдымен «Алаш» сөзі қандай ұғымды береді дегеннен бастау керек сияқты. Жалпы «Алаш» - қазақ деген ұғымды білдіреді. «Алашорда» партиясы қалай өмірге келді дегенде жан-жақты мән беріп жауап іздеу керек. «Алашорда» партиясының негізін қалаған Әлихан Бөкейхановтың кім екенін кейінгі ұрпаққа жан-жақты түсіндіру оның бойындағы ерекшеліктерін ұғындыру, ағартушылық қасиеттерін насихаттау жұмыстары өз дәрежесінде емес. Алашорда партиясының төрағасы Ә.Бөкейханов туралы мектеп оқушылары, колледж студенттері әлі де болса толық мағлұмат алған жоқ дер едім. Бағдарламада бұл туралы ашық жазылу керек» дей келе, өз толғаныстары мен ұсыныстарын партияның Орталық аппаратына және «Қазақ үні» газетіне мақала ретінде жіберетінін айтты.
Тұтастай алғанда, дөңгелек үстелге қатысушылар бағдарламаны дауысқа салып, толық қолдайтындықтарын білдірді. Бесжылдық бағдарламаны орындау барысында, партияны, әсіресе, 2016-2017 жылдары Алаш арыстарын ардақтаудың биік деңгейіне қол жеткізуге шақырды. Ол үшін ұсынылған кешенді шаралардың жиынтығын орындаудың алғышарттары біздің тарихымызды мүлдем жаңаша көзқараспен зерделеуге жол ашатын, Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатын - 2015 жылдан басталып жасалуы тиіс.