АЛМАТЫ – 2020' ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫ ТАЛҚЫЛАНДы
Алматы десе әр қазақстандықтың есіне мың өліп, мың тірілген қайсар қазақтың асқақ мәртебесіндей, шыңдары аспанмен таласқан асқар Алатау баурайындағы әсем шаһар түсетіні анық. Бір кездері бұл қаланың әлемге әйгілі апортымен де даңқы шығып еді. Іле Алатауын жағалай орналасқан, орманды табиғаты жанға жайлы, қысы аса қатал емес, жадыраған жазы бейне бір жұмақтың өзіндей құтты мекенді әркім-ақ бір көргеннен ұнатып қалары сөзсіз.
Бүгінде экономикалық, қаржылық, мәдени және білім орталығы ретінде Алматының ел дамуында алатын орны зор. Алып шаһарда мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың маңыздылығы да, Алматы – секілді үлкен қаланы басқару да күрделі міндетті жүктейді әрі бұл осында болып жатқан үдерістерді терең талдауды қажет етеді. Осыған орай бүгін «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалында Алматы қаласын 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасын талқылау шарасы өтті. Аталмыш шараға партияның қалалық кеңесінің мүшелері мен белсенділері қатысты. Жиын барысында қаланың басты мәселелері қарастырылып соның ішінде кәсіпкерлерді қолдау және оларға қолайлы жағдай жасау, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерімен тығыз байланыста жұмыс жасау, салауатты өмір салтын жандандыру, көлік кептелісі мен көлік тұрағы жөнінде өрелі ойларын айтып талқылады. Аталған басқосуда көтерілген мәселелер үстіміздегі жылдың 30 қарашасында Алматы қаласының әкімшілігінде өтетін «Алматы – 2020» даму бағдарламасының форумында көтерілетін болады. Оның жұмысына «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Д. Васильев пен оның орынбасары Е. Ақжоловтар қатыспақ.