16
Наурыз

Санат жоқ 16.03.2016

Қайырбек Кемеңгер: «Ақ жол» - тарихы қалыптасқан ірі саяси күш



Қайырбек Кемеңгер, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының доценті

- Қайырбек Ризабекұлы, «Ақ жол» Демократиялық партиясына келуіңізге қандай жағдайлар себеп болды?

- «Ақ жол» демократиялық партиясы – таныстыруды қажет етпейтін, еліміздегі дәстүрі қалыптасқан, тарихы бар ірі саяси күш болып саналады. ХХ ғасыр басында Әлихан Бөкейхан «Мен Кадет партиясынан неге шықтым?» деп сауал қойғандай, бүгін мен «Ақ жол» партиясына неге кірдім деп айтсам болады. Біріншіден, «Ақ жол» – еңбек етуге шақырған партия. Қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі экономикалық дағдарыс жағдайында елімізді жарқын болашаққа алдымен халықтың жұмыла атқарған еңбегі жетелейді. Данышпан Абай «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымды» бес асыл іс деп таныды. Бәрімізге, соның ішінде маған да қазір еліміздің тәуелсіздігін нығайту үшін, болашақ ұрпаққа гүлденген, дамыған, қоғамда демократиялық құндылықтар салтанат құрған бай мемлекетті қалдыру парыз. «Ақ жолдың» мінберін пайдаланып, қолдауын тауып, елдегі әлеуметтік-экономикалық, әсіресе рухани-мәдени салаға қатысты өзіміздің ой-пікірімізді қалың елге жеткізгіміз келді.

- Сіз үшін «Ақ жол» демократиялық партиясы ұстанатын, жүргізетін саясаттағы мәселелердің ішінде қай салалары маңызды болып саналады?

- Партия өз бағдарламасында, негізінен, шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті қолдайтындығын баса айтады. Қазіргі экономикалық жағдай барысында бұл ұстаным өте дұрыс деп білемін. Себебі дамыған мемлекеттердегідей, шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасын жақсарта алады және азаматтарымызды кең көлемде жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Алайда осы орайда мына мәселеге де назар аударғанымыз абзал. Экономиканы ғана ойлап, рухани-мәдени дүниеге көңіл бөлмесек, ел мен жер тарихын тәуелсіздік тұрғысынан жаңаша пайымдап зерделемесек, жасаған тірлігіміз берекелі шығып, болашағымыз баянды бола қоймайтындығы белгілі. Сондықтан экономиканы қаншалықты нығайтсақ, ұлттық мәселені, рухани саланы қолдауды да соншалықты күшейте бергеніміз ләзім. Сол жағынан алғанда «Ақ жолдың» осы екі ұстанымы құстың қос қанатындай, өзеннің қос жағалауындай қашанда бірге келеді.

-Сіз «Ақ жол» партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығынан үміткер ретінде Қазақстанның болашағын қандай деңгейде көресіз?

- Қазақстан Республикасының даму көрсеткішіне екі ауыз сөзбен баға беру қиын. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі жаңа мемлекетті құру жолында атқарылған қыруар жұмыс бар. Оның бағасын әлемдік қауымдастық мойындап жатыр. Біз болашақта ұлттық бет-бейнемізді сақтаған дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына жетуге ұмтыла беруіміз керек. Қазіргі таңдағы ең басты байлығымыз – ел ішіндегі тыныштық, тұрақтылық, келешекке деген жарқын үміт бар.

- Жоғарыда аталған мәселелердің түйінін шешіп, жүзеге асыру жолында «Ақ жол» демократиялық партиясы тағы қандай мәселелерге басымдық берген?

– Еліміздің ұзақ мерзімді стратегиялық даму саясатымен үндесетін «Ақ жол» партиясының бағдарламасында руханият мәселесіне де ерекше назар аударылған. Өткен жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Атқарылған іс-шаралар елдегі халықтың еңсесін көтеріп, достарымызды қуантты, ал тұрақтылығымызды көре алмаған сырттағы қызғанған кейбір дұшпанның мысын басты. Осы орайда ортақ шараларға «Ақ жол» да атсалысқандығын атап өтуіміз керек. Партия Қазақстан тарихшылары қауымдастығымен бірігіп, мерекелік медаль шығарды. Оны еліміздің белгілі азаматтарына, ғалымдары мен өнер қайраткерлеріне, ұлт жанашырларына табыс етті. Ал сайлау алды партияның 10 нақты мәселеден тұратын бағдарламасында менің көңілімнен ерекше шыққан дүние – «Білімді және денсаулығы мықты ұлт – қуатты және ауқымды еңбек ресурстары» және «Қазақстан халқының рухани-мәдени саласын дамыту» деп аталатын тұстары деп көрсетер едім. Және бұл мәселе қалың елдің үнемі назарында, сондай-ақ аталған сала мен үшін бөтен емес деп айта аламын. Мұғалімдер отбасында туып-өсіп, төртінші буында ұстаздық жолын мамандық ретінде таңдаған мені білім мен ғылым жүйесіне қатысты айтылған сын, «әттеген-ай» дейтін дүниелердің барлығы қатты қынжылтады. Біз қазір үлкен реформалық өзгерістерді бастан кешіп жатқан заманда өмір сүріп отырғандығымыз белгілі. Бұл реформалар білім және ғылым саласында да жүріп жатыр. Мектепке дейінгі, орта, жоғарғы білім беру жүйесінде бәрі жақсы деп айта алмаймын. Ол балабақшалардың жетіспеушілігінен бастап, мектеп оқулығына дейін көптеген мәселелерді қамтиды. Соның ішінде мысалы жоғарғы мектеп жүйесіне ғана тоқталсақ. Қазақстан үкіметі Болондық білім беру стандартына қол қойып, ендігі кезеңде сол жүйенің талабынан шығуға тырысады. Яғни, біз үшін шегінетін амал жоқ. Әлемдік білім беру үрдісіне қосылу үшін қойылған талаптарды орындауға тырысамыз. Алайда осы тұста тағы да ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік тәуелсіздік мәселесі бәрінен жоғары тұру керек деп санаймыз. Яғни, елдігімізге, ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін сол жүйенің кейбір олқы тұстарын заңдық тұрғыдан жөндеуге әрекеттенгеніміз жөн сынды. Қанша дегенмен, ол жүйе туған топырағымызда дүниеге келмеді. Оның астарында да соны ойлап тапқан елдердің, халықтардың көздеген материалдық пайдасы, немесе басқа пиғылы жоқ па екен?. Мысалы, бір ғана шетелдік басылымдарда мақала жариялау қажет деген дүние отандық ғалымдарды зәрезап қылып бітті. Мақаланы елімізді таныту үшін жариялау қажет те шығар, алайда ұлттық сипаттағы ғылым салаларындағы табыстар мен жетістіктер әлемдік ғылым кеңістігінде қаншалықты қажет деген ойдамыз. Математика немесе химия саласында ашылған ғылыми жаңалық әлем бойынша ғалымдарға ортақ. Алайда қазақ тіл білімі, қазақ әдебиеттануы бойынша жазылған жұмыс алдымен өзімізге ғана керек. Соңғы уақытта осындай талаптар ғылымда маман даярлауды тежегенін айта аламыз. 

- Қазақ елін әлемге таныту жолында төл салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттаудың қай бағытын ұсынар едіңіз?

- Қазақ елін әлемге танытудың жолы көп. Соның ішінде бірден-бір даңғыл жол – тағдырдың жазуымен шекараның сыртында қалып қойған, сол жақта өмір сүріп жатқан қандас ағайынның көшін тоқтатпау керек. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарында ұлтымыздың небір ғажап салт-дәстүрі, мәдениеті сақталғандығы аян. Бір ғана «қара жорға» биінің осы күні қазақ халқының ұлттық брентіне айналғандығын айта аламыз. Бөтен мемлекетте ол рухани құндылық қаншалықты бұзылмай тұра алады екен. Ал «елге ел қосылса – құт» деген ұстаныммен туысқан ағайынды құшақ жая қарсы ала бергеніміз, айналып келгенде, елдігімізді нығайтатын көреген науқан бола береді. Тәуелсіздіктің арқасында бір миллионнан астам қандасымыз тарихи Отанына оралудың мүмкіндігіне ие болды. Кемеңгер бабамның жатқан жері – қасиетті Баянауыл. Алайда көптеген қазақ отбасыларындай тағдыр біздің әулетті де қатты сынады. Бала-шағамыздың болашағын ойлап, мен өзім, туған бауырларым, әке-шешем мен ата-әжем саналы түрде Қазақ еліне көшіп келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алдық. Осылайша, ХХ ғасырда қуғын-сүргін көрген Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының әулеті ХХІ ғасырда атажұртына оралды. Ендігі мұрат елдігімізді нығайту жолында күш-қуатымызды аямау, ата-бабамыз аңсаған қасиетті тәуелсіздігімізге қызмет ету. Ол істе мемлекеттікті нығайтуға өз үлесін қосып келе жатқан «Ақ жол» партиясымен бірге боламыз деп білеміз.

- Уақыт бөліп, сауалдарымызға жан-жақты жауап бергеніңіз үшін көп рахмет! Қазақстан халқының болашағы жолында атқаратын жұмыстарыңыз жемісті де жеңісті болсын!


Сұхбаттасқан Дәурен Құдайберген
Дерек көзі - alashainasy.kz