Маслихат депутаты философ-ғалыммен кездесті
«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі, 12 шілде 2016 жыл
Алматы қалалық маслихатының депутаты Федор Константинов қоғамдық қабылдау негізінде белгілі философ, профессор Айту Ағатаевты қабылдады. «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалында өткен бұл кездесуде осы уақытқа дейін әлем жайындағы білімдердің біртұтас жүйесінен өзінің лайықты орнын ала алмай келе жатқан философия деп аталатын ілімнің проблемалары қозғалды. Әсіресе, еліміздің жоғарғы оқуында осы салаға арналған қазақ тіліндегі оқулық кітаптары жетіспейді. Осыған орай профессор А.Ағатаев өзінің осыдан алты жыл бұрын жарық көрген «Қайсар философиясы» атты еңбегінің философия ғылымымен айналысқысы келетін студенттерге жетпей жатқандығын қынжыла әңгімеледі. Аталған кітапты оқып шыққан адам философиялық білімдердің шын мәнінде білімдердің білімі екендігіне және олардың өзіне өте қажет екендігіне көз жеткізетін болады.
Маслихат депутаты Ф.Константинов өз кезегінде нағыз философия ғалымы болғысы келетін әрбір отандасқа арналған мұндай кітаптардың қазіргі кезде өте қажет екендігіне назар аударды.