Меруерт Қазбекова ауыл тұрғындарымен кездесті
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық баспасөз қызметі, 2016 жыл. 15 тамыз.
«Қазақстан Швейцариясы» атанған Бурабайдың сұлу табиғаты кімді болсын тамсандырып, сұлулығы тәнті етсе де, оның маңайындағы қазақ ауылдарында шешілмеген мәселе көп. Осы жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова курортты аймақтың іргесіндегі Атамекен ауылына ат басын бұрып, тұрғындардың түйінді мәселелеріне қанық болған еді. Сол жолы елдегі мал жайылымының болмауы, адамдардың өз пайларын ала алмауы және көң-қоқыс төгетін орынның жоқтығы сияқты мәселелер көтерілген-ді.
Халықтың мұң-зарын тыңдап, толғақты мәселемен жергілікті жердің өзінде танысқан халық қалаулысы осы өткен екі-үш ай ішінде тиісті мемлекеттік органдарға жүгініп, атамекендіктердің мәселесін шешуді сұраған болатын.
Ақмола облысына келесі жұмыс сапары кезінде аталған елді мекенге арнайы келіп, ауылдың жағдайын білді. Орта мектептегі кездесуге ауыл тұрғындары көптеп жиналған екен. Аудандық әкімдіктен де қара көрсеткендер болды. Ауыл әкімі Дауылбай Қапезов кездесуді ашып, депутатты ауылдағы мәселенің қалай шешіліп жатқанынан хабардар етті.
Парламент өкілі атқарушы биліктің жауапты адамдарына сауалдар қойып, әлі де шешімін таппаған жайларға қандай шара қолданатынын сұрады. Бұған аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Рахат Сыздықов мал жайылымы бойынша мәселе бір ауылда ғана шешілгенін айтты. Осы Атамекен ауылдық округіне кіретін қалған бес елді мекенде жағдай күрделі екенін жеткізді. Оның да өзіндік себептері бар сияқты. Мысалы, бір бас малға нормативтік талап бойынша 5 гектар жайылымдық жер бөлінуі тиіс болса, бұл аталған округте небәрі бір мал басына 2 гектардан ғана келеді.
Ал, Атамекен ауылдық округіне кіретін алты елді мекенде барлығы 4603 бас мал бар. Зоотехникалық талаптар бойынша 17529 гектар жайылым жер керек екен.
Одан кейін бұл елді мекендер Бурабай курортты аймағында орналасқан. Арнайы табиғат қорғауындағы жерлер болғандықтан ауылға жайылымға жер бөлу мүлде мүмкін емес десе де болады.
Дегенмен, алда жерді түгендеу және иесіз қалғанын мемлекет иелігіне алу жұмыстары басталғалы тұр. Осы шарадан кейін ішінара жайылымға жер бөлініп қалуы тиіс. Округ әкімі жергілікті серіктестіктермен меморандум жасап, екі мың гектарға жуық жер телімі тегін мал бағып, шөп шабуға берілгенін тілге тиек етті.
Қаражар ауылының тұрғыны Нұрдәулет Әбдеш өзінің шетелден көшіп келгенін айта келіп, мал бағуға да, үй салуға да жердің жоқтығына шағымданды. Бұған ауыл әкімі оралман ағайындардың отыз пайызы жер телімдерімен қамтамасыз етілгенін,бұдан басқа жер телімін бөлуге қордық жоқтығын айтты.
Депутат Меруерт Қазбекова өзінің сөзінде бұл ауылдардағы жер мәселесінің өте өзекті тұруы ең алдымен курортты аймақпен астасып жатқанынан деді. Дәл осы тұста ауыл тұрғыны Шәріп Камалиев деген ақсақал сөз алып, өз жерлестеріне ой саларлық пікір айтты. Ол ауылдың Астана – Бурабай автобан жолы бойында орналасқанын, сондықтан мал баққысы келген ағайын курортты аймақтан тыс, яғни, атамекеннен 40-50 шақырымда орналасқан Қарағай ауылына барып, жеке шаруаларымен айналысуды ұсынды. Бұл кеңес заманын бері жалғасып келе жатқан үрдіс. Сол тұста да ел малын сонау қиырдағы Уәлиханов ауданына апарып бағатын.
Сосынғы елді алаңдатқан тағы бір мәселе – жергілікті серіктестіктің ауыл тұрғындарына тиесілі пайларына төлемақы бермеуі еді. Бұл үш жылға созылған даудың бірі екен. Халық қалаулысы алғаш келгенде оны шешудің жолы нұсқалған еді. Бірақ, жергілікті кәсіпкер халықты әлі күнге дейін алдаумен келеді. Осы жиынға қатысып, берген уәдесін жайлы айтуы керек еді. Бірақ, өз сәлемін ауыл әкімі арқылы жолдапты.
Ал, көң-қоқыс төгетін орын жоқ деп мұңдарын айтқан ауыл тұрғындарына депутат Меруерт Қазбекованың облыс әкімдігіне жолдаған хаты арқылы жолданған жауабы берілді. Онда ұлттық парктегі қорық аймағында арнайы заңнамаға сәйкес барлық көң-қоқыс орындары курортты аймақ сыртына шығарылуы керек деген талап бар екен. Бірақ, Атамекен ауылының тұрғындары жеті шақырым жердегі Жаңажол елді мекенінде орналасқан көң-қоқыс төгетін орынды пайдалана алатыны аталып көрсетіледі.
Әрине, ауыл адамдары халық қалаулысына басқа да сауалдарын қойып жатты. Онда ауылдағы жұмыстың жоқтығы және басқа да әлеуметтік жайлар ауызға алынды. Меруерт Қазбекова бұл сауалдар мен ұсыныстарды шешуге атсалысатыны айтты. Бір ауылға екі рет келіп, мәселені терең зерттеген халық қалаулысына ауылдықтар да дән риза екендіктерін жеткізді. Ауыл әкімі Дауылбай Қапезов өзінің шынай ризашылығын да жолдады.
Бақыт Смағұл