Өткенде ғана Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың «Баспанасы жоқ жастарға жатақхана салып берейік», – деп айтқаны ел есінде. Артынша әлеуметтік желі қолданушылары депутаттың ас үй мен ортақ дәретхана туралы ұсынысын қатты сынға алды. 'Жас қазақтың' Астанадағы тілшісі «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың осы мәселеге қатысты пікірін білді.
– Өткенде «Ақ жол» партиясы мен 'Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі' бірлесіп журналистермен Алматыда кездесу өткізді. Осы жиында халықты баспанамен қамту мәселесі сөз болып, журналистердің айтқандарын билікке жеткізуге уәде бердіңіз. Сол жиыннан кейін жатақхана салу жөнінде Үкіметке депутаттық сауал жолдадыңыз.
– Депутаттық сауалымды журналистерге берген уәдем ғана деп түсінсек, аздап қателесеміз. Себебі біз депутат ретінде үнемі сайлаушыларымызды қабылдаймыз. Олардың өмірімен танысып, хал-жағдайын білеміз. Алдымызға неше түрлі тағдырлы азаматтар келеді. Кез-келгенінің жағдайы бізді бей-жай қалдырған емес. Қолымызда атқарушы билік болмаса да, олардың сауалдарын дер кезінде тиісті мекемелерге жеткізіп, заң жүзінде шешілуіне жұмыс жасаймыз. Астана мен Алматыға келетіндердің ең басты мәселесінің бірі – баспана жайы. «Ауылдан келдім, құрлыста жұмыс істеймін, тапқан ақшамды пәтер үшін төлеймін. Басымда баспанам жоқ. Елімізге менің баламның әлде өзімнің керегім бар ма, аға?» деп келетін жастар көп. Тіпті, алыстан іздемей-ақ «Юго-Восток» аталып - кеткен Астананың шеткі жақтарындағы коттедждерде 7-8 отбасыдан тұрып жатқандар бар. «Оларға қалаға келіп нең бар, ауылыңда неге жатпадың» деп тағы кінәлай алмаймыз. Себебі ауылда жұмыс тапшы. Әрі урбанизация – әлемдік мәселе. Егер дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, АҚШ болсын, Европаңыз болсын көп болса оларда ауыл тұрғындары 10-15 проценттен аспайды. Біздің елде бұл көрсеткіш – 45 процент. Осы 45 пайыздың көпшілігі – өзіміздің қаракөздеріміз. Демографтардың болжауына сүйенсек, алдағы 10-20 жылдың ішінде осы 45 проценттік ауылдықтардың жартысы қалаға қарай көшеді. Бұл дегеніңіз 2,5 млн. адам. Қазіргі кезде ауыл тұрғындарының саны – 7,5 млн.Дәл қазір сол 690 мың азамат үйсіз-күйсіз жүр. Олар не үкіметтен, не ипотекамен үй ала алмайды. Біздің партиямызға жағдайын айтып келетін адамдардың айлықтары – 40-60 мың теңге көлемінде. Ал қалалық тіркеуде жоқ азаматтар тек ипотека арқылы ғана үй алады. «Недвижимость Казахстан» сайтының есептеулеріне сүйенсек, ипотека алу үшін ай сайын 116-150 мың теңге болуы керек. Ал 40 мың теңге алып отырған адам ол қаржыны қайдан алады? Олар қаладан әлеуметтік аз қамтылған топтар қатарында да үй ала алмайды, себебі қалалық «пропискасы» жоқ, не ипотекамен үйге қол жеткізе алмайды. Сонда олардың қайтуі керек? Көп қабатты пәтердегі өмір үшін пайдаланатын бір-ақ бөлме бар. Ол бөлменің көлемі 15-18 кв.м-дей. Ал дәретхана мен жуынатын бөлмеге 3-4 кв.м, коридор 2-3 кв.м., ас бөлмесіне 6 кв.м., кетеді деп есептесек, барлығы 10-12 кв.м., болады екен. Егер де тек пәтерлер емес, оған қоса заманауи, ашық, таза жатақханаларды да салсақ, бір бөлменің құны нарықтағы құннан жоқ дегенде 40 процентке арзандар еді. Бұл көп үйсіз-күйсіз жүргендердің баспаналы болуына мүмкіндік туғызады. Сондықтан жағдайын айтып келетін талай қазақтың мұң-мұқтажын үнемі жұмыс барысында естіп, біліп жүргендіктен әрі журналистерде осындай ой салғаннан кейін жатақхана салу жөніндегі депутаттық сауалды Үкіметке жолдадық.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй салынады. Оны жүзеге асыру үшін 1,5 трлн. теңге бөлінді дегенді жиі естиміз.
– Үкімет жуықта ғана Елбасының тікелей тапсырмасымен «Нұрлы жер» деген бағдарлама қабылдады. Бұл – дер шағында қабылданған, үлкен жоба. Бағдарламаның берер пайдасы көп, қуана қолдадық. Еліміздегі банктердің жұмысы жанданып, біршама тұрақты болады. Қаншама проблемалық несиемен жүргендерді қолдайды. Қалалық әкімшіліктердің кезегінде тұрғанәлеуметтік топ өкілдері, яғникөп балалы отбасылар, мүгедектер, жетімдер, әскери қызметкерлер, жалғызбасты аналар және т.б. пәтер ала алады. Қазіргі таңда ондай әлеуметтік мәселемен тұрған адамдардың саны 340 мыңдай. Бұл бағдарлама 15 жылға жоспарланған. Осы он бес жылдың ішіндетұрақты тіркеуі бар пәтер кезегінде жылдап тұрып келе жатқан адамдар баспаналы болады. Олай болса, қазіргі уақытша тіркеудегі 690 мың азамат қаланың тұрақты тұрғыны ретінде есепте болмағандықтан пәтер кезегіне тұра алмайды. Бұлардың көпшілігі, тіпті 80-90проценті ауылдан келген адамдар гой. 690 мың – меніңше, тек айсбергтің бізге көрінген шыңы ғана. Ал әлі қаншама уақытша тіркеуге тұрмағандар бар. Оның үстіне тағы да мыңдаған адамдар қосыла береді. Олардың үйлері «Нұрлы жер» бағдарламасында қарастырылмаған. Біздің ұсынғанымыз – оларға да тиісті баспана осы бағдарламаға енгізу еді.
– Мұндай депутаттық сауал жолдаймын деп үлкен сынға қалдыңыз. Қалай қабылдадыңыз?
– Мені әлеуметтік желі де сынап, неше түрлі карикатура жасап жатқандарға айтарым – аман болсын. Мен үшін бұл жаңалық емес. Әлеуметтік желідегілер ғана емес, Үкімет те сынға алатын кезі аз емес. Мен кәсіпкерлердің құқын қорғап, жемқорлыққа үнемі қарсы шығамын. Сосын билік басындағылар өздерінің шетелдердегі қаржысын ашық көрсетуі керек, ақшасын қалай тапқанын көрсетсін деп, жасырын ұстауына үнемі қарсы боламыз. Бұндай пікірім кейбіреулерге ұнамай қалып, жолыма кедергі қоятын кездері де болды. Мен сынға үйренген адаммын. Қазір мені «бай екен»- деп, жамандап жүр. Ал, менің арманым – қазақта бай көп болсын, кедейлер, үйсіз күйсіздер қалмасын.
Бір жолы студент кезімде аэропортта отыр едім. Бірнеше латвиялық жігіттер түн ішінде өз-өзімен мәз болып, аэропортты бастарына көтеріп, шулап отырды. Олардың елі жаңа ғана тәуелсіздік жариялаған болатын. Бір қазақтың жігіті әлгілерге барды да «Жігіттер, жан-жақтарыңа қарасаңдаршы, шуламай. Немене соншама бостандықты сезініп кеттіңдер ме» деді. Әлгілердің біреуі орнынан тұрды да: «Иә, бостандық деген керемет. Менің арманым – сендер де соны сезініп көрсеңдер ғой» деді. Әлгі жігіт ештеңе дей алмады. Түсінді де, үндемей отырып қалды. Сол сияқты менің айтарым: Ия, менің жағдайым бар. Бірақ менің арманым – басқалар да өз үйлеріне қол жеткізіп, менен де ауқатты болсын.
– Мұндай пікірді таратқандардың басым бөлігі – орыс тілді БАҚ. Мұны арнайы ұйымдастырылып отырған шара деп қарастыра аламыз ба?
– Күн өткен сайын менің бұл идеямды қолдайтындардың саны да артып келеді. Дегенмен, бұл – біреулердің маған қарсы әдейі ұйымдастырып отырған әрекеті деп те қаламын. Мұндай қарсы пікірді жазып жатқандардың көпшілігі - депутаттық сауалымды дұрыс түсінбеген, кейбіреуі түпнұсқасын оқымай-ақ, дүрмекке ілесіп кеткендер. «Ұлы адамдар идеясын талқылайды, ұсақ адамдар ұлы адамдарды талқылайды» деген жақсы бір сөз бар ғой. Олар не айтса да өздері білсін. Алайда мәселенің екінші жағы –жатақханаға қарсылық білдіріп жатқандар пәтер мұңын көрмегендер, оның қиындығын түсінбейтіндер, ауылдан келген балалар қалай өмір сүріп жатыр, олар бала-шағасын қалай асырап, нанын тауып жүр, қандастарының қандай халде екендігін білмейтіндер. Ең өкініштісі - білгісі де келмейді. Пікір жазып, әлеуметтік желіні шулатып жатқандар базар маңындағы үйлерде тұрып жатқандардың тіршілігін көрген жоқ, құрлыс маңын жағалап жүрген жастардың жағдайымен танысқан жоқ. Ал мен олардың жағдайымен таныстым, өз көзіммен көрдім, сосын барып олардың әлеуметтік мәселесін шешудің бір жолы – заманауи жатақхана салу деген шешімге келдім. Жатақхананың жағдайы барларға еш қатысы жоқ. Шамасы келетіндер ипотека ала берсін. Оларға ешкім қой деп жатқан жоқ. Менің айтып отырғаным – өз күшімен үй салып ала алмайтын, жағдайы жоқ адамдардың жайы. Біз ондай адамдарды сыртқа теппей, шамамыз келгенше көмектесуіміз керек. Түрлі халықаралық деңгейдегі шараларды өткіземіз, елімізді өркениетті елдердің қатарынан көреміз, өзгелермен тереземіз тең болды дейміз. Ендеше базар маңындағы ескі, құлайын деп тұрған үйлерді жағалап,кім көрінгеннің подвалын жалдапжүрген адамдарға үй салып бере алмасақ та, бір бөлмелі жатақхана беруге болатын шығар? Менің айтып жүргенім – осы адамдардың жайы. Бұл – мемлекет үшін де тиімді болар еді, себебі құрылысқа жаңа бір бағыт ашылуда.
– «Жатақхана салғанша, неге халыққа жер бермейді, болмаса депутат сол жатақханаларда өзі өмір сүре алар ма екен» дейді әлеуметтік желі қолданушылары.
– Шүкір, мен де жатақханада 16 жасымнан 24 жасыма дейін өмір сүрдім. Балаларыммен бірге жатақханада тұрдық. Ол кезең біздің ең бақытты шағымыз еді. Себебі жастық шағымызда біреудің баспанасына тұрып, таршылық көрген жоқпыз. Балаларың бар екен деп ешкім түртпектетіп, пәтерінен қумады. Сондықтан жатақханадан қорқатын ештеңе жоқ. Біреулер жатақхана дегеніміз өткен ғасырдың көрінісі, кеңестік кезеңдегідей күйге қайтамыз деп қорқады. Америка да, Европа да да сырттан көшіп келгендерге, жас отбасылар үшін және 18 жастан кейін ата-анасынан бөлек кететін жастарға арнап осындай «кампус» деген жатақханалар салынады. Сондай-ақ халықаралық деңгейде де 1 жұлдызды дәретханасы мен ас үйі ортақ отельдер жүйесі бар. Өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, заманға лайық әдемі, бағасы арзан жатақханалар салуға болады.
Біраз уақытқа дейін қала маңынан инфрақұрылым тартылмауына байланысты тұрғындарға жер берілмей келді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша осы мақсатта қомақты қаржы бөлініп, жер кезегінде тұрған азаматтарға үй салынады. арнайы кезекте тұрып жер алған адам, бұрынғыдай ағайын-туысын жинап, өзінің қалауы бойынша үйін сала алмайды. Себебі қаланың бас жоспарларына сәйкес болу үшін әкімшілік белгілеп берген проект бойынша, құрылыс компаниясына үйін салдыруы тиіс. Ал ауылдан кеше ғана келген келген жастардың қымбат үйге шамасы келмейді, қаржысы жетпейді. Жалпы бұл бағдарламаға 1,5 трл. теңге бөлінген. Осы қаржының аздаған бірбөлігіне ауылдан келген қаракөздеріміз үшін неге жатақхана салып бермеске? Бұл шаруаны қазір қолға алмасақ, біраз жастарымыздан айрылып қаламыз, олар кез-келген діннің жетегінде кетеді, неше түрлі жылы сөйлей кірген теріспиғылдылардың құрбанына айналады.
– Жатақханалар қай қалаларға салынуы керек?
– Астана мен Алматы еліміздің ең үлкен қалалары болғандықтан көбісі осында көшкісі келеді. Бірақ еліміздің қауіпсіздігін де ұмытпаған жөн. Барлығы екі қалаға жиналып алғаны да дұрыс емес. Себебі біз – мықты, сәтті дамып келе жатқан елдердің біріміз. Ары қарай да осы жолымыздан тайып кетпеу үшін үлкен қалалардың қай-қайсысында да халықтың сапалы, дұрыс өмір сүруіне жағдай жасалу қажет. Бәсекеге қабілетті, ірі өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашып, халыққа жағдай жасауымыз керек. Өндіріс орындары бүгін бар, ертең жоқ болып кетпей нақты жоспарға сай салынып, тұрақты жұмыс жасай алатын болса, жастар өз қаласынан, туған жерінен кетпес еді. Меніңше әрбір адам туған жерінен, қаласынан, ауылынан лайықты, жақсы өмір сүру жолын тапса, өз тамырынан қол үзбейді. Өндіріс дамитын жерде тек жатақхана емес білім беру мекемесін, емхана, сауда орталығы, яғни адамға қажет мекемелері бар кішкентай қалашықтар көптеп салынса. Ең бастысы жатақхана салудағы мақсат - жастарға үміт отын сыйлау, олардың болашақтарына сенімін ұялату. Ең қауіпті дүние – адамның болашағына деген сенімсіздік, үмітсіздік. Үміті үзілген адам өмір сүре алмайды. Суицидтің, терроризмнің қаулап кетуі – осы сенімсіздіктен. Адам өзінің бұл дүниеден орнын таба ала ма, бақытына жолыға ма, ата-анасы жақсы көре ме, жоқ па, елі үшін қаншалықты қажеттілігі бар екенін түйсіне алмаған жағдайларда болашағынан күдер үзеді. Егер біз осы жастарға үміт беріп, оқысаң, еңбек етсең, осындай жағдайға жетесің дегенді ұқтыра алсақ және алғашқы өмір сүруің үшін осы жатақханада өмір сүр, ары қарайғы өмірің өз қолыңда деп ұғындыра алсақ, көп мәселенің алдын алар едік.
– Туған жер демекші, өзіңіз ауылыңызға қаншалықты жиі барасыз? Азат Перуашевтың ауылының жағдайы қандай бүгінде?
– Менің туған жерім Қордай ауданы жақта. Үнемі барып тұрамын деп өтірік айта алмаймын. Біріншіден, Астанадан алыс. Екіншіден, менің негізгі ата-бабамның ауылы – Ерейментау ауданы. Туған-туыстардың барлығы дерлік Ерейментау жақта тұрады. Аталарымыздың зираттары да сонда. Шамам келгенше, апта сайын сол жаққа барып тұрамын, қолымнан келген көмегімді ол жақтан аяған емеспін. Үнемі онда өтетін іс-шараларға қатысып, маңызды шаруаларының басы-қасында болуға тырысамын. Жалпы ауылыма қай жағынан болсын көмектесіп келемін, көмектесе де беремін. Бірақ ананы-мынаны жасап қойдым деп жарнама жасағым келмейді. Оның қажеттілігі де жоқ. Сосын қазіргі салық кодексі бойынша егер кәсіпкер демеушілік жасап, қайрымдылық көрсетсе, жұмсалған қаржыдан табыс салығын төлейді. Меніңше, бұл – дұрыс емес. Европада тапқан табысыңыздың қанша пайызын әлеуметтік бағдарламаларға көмек ретінде жіберсеңіз де, оның үстіне табыс салығы төленбейді. Себебі сен оны өзің үшін пайдаланған жоқсың, халық үшін жұмсадың деп ұғады. Біздің елде де осындай жүйе енгізу керек. Кәсіпкер өз еркімен кез-келген мұқтаж жанға қажеттілігіне сай қомақты қаржы беретін болса, ол үшін тағы салық төлемеу керек. Өйткені кәсіпкер – бұл жағдайда мемлекеттің шаруасына көмектесіп отыр ғой. Сондықтан заңға осындай өзгеріс енгізуді ұсынайық деп отырмыз. Кәсіпкер әлеуметтік көмек көрсетіп отырмыз деп өзінің иелігіндегі қорына ақша аударып, салықтан жалтаруы мүмкін деген салық мекемелерінің қорқынышы бар. Бірақ ондай қорқыныштың заманы баяғыда өткен. Себебі ақпараттық технология арқылы әрбір тиынның қайдан келіп, қайда кеткендігін өте тез табуға болады. Сондықтан кәсіпкерге қайрымдылық үшін жұмсаған ақшасына салық салмау керек. Сол кезде бір талай жігіттер ауылына көптеп көмектесер еді.
– Анаңыз қазақ мектебінде директор болса, сізді неге орыс класына берген?
– Бұл – анамыздың шешімі емес, әкеміздің қалауы. Себебі әкеміз өзі орысша шамалы сөйледі, әрі атамызды халық жауы деп түрмеге алып кеткеннен кейін жетімдіктің зардабын көп тартқан екен. Бала кезімде Перуаш атамыз туралы шындықты көп ашып айта бермейтін, зияны тиеді-ау деп қорыққан болар. Себебі «Атаңды жаман адамдар ұстап кеткен» деуші еді. Әкемнің өмірі, тағдыры маған үлкен ой салды, үлгі-өнеге болды. Сосын 1989 ж. мен ашаршылық туралы Ресейге оқуға барғанға дейін ештеңе естімеппін. Бір жолы америкалық зерттеушінің Роберт Конквест Қазақстан мен Украинадағы ашаршылық туралы жазған еңбегі қолыма түсті. Елімізде мұндай үлкен трагедия болғанын білмейді екенмін. Оқудан келгенде әкемнен сұрап, көп нәрсенің жайын ұқтым. Ал, атамыздың қылмыстық ісі НКВД кезіндегі архивтен тапқанан кейін, Алаш мұрасына, Алаш тарихына деген қызығушылығым оянды. Атамның алаштың насихаттаушысы ретінде ұсталып кеткенін ұқтым.Өз ауылы Малтабар ауылында тұңғыш мектеп салған, қоғамның дамуына өз үлесін қосқан қайраткер адам екенін білдім. Осы жайттарды білгеннен кейін мен үшін Алаш мәселесі – атамнан қалған аманаттай болып қалды.
– Алаштың 100 жылдығын өткізу жөніндегі депутаттық сауалыңызға Үкімет басшысы Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы тапсырма берілгендігін хабарлағанды. Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан нақты қандай шаруалар атқарылатындығы белгілі болды ма?
– Министрлік тарапынан қандай іс-шаралар атқарылатындығы туралы ақпарат алдық. Бірақ толық қанағаттандыралық екен деуге ертерек. Мәселен, біраз алашқа қатысты кітаптар шығарады. Ол кітаптарды қандай комиссия таңдап, қандай байқаудың нәтижесінде таңдағандығы белгісіз. Меніңше ең мықты зерттеу еңбектері шығуы керек. Ал ол зерттеулерді жазып жүретін алаштанушылар– Мәмбет Қойгелдиев, Дихан Қамзабек, Сұлтанхан Аққұл, Қайрат Сақ және басқалар. Сондай-ақ Алаш қайраткерлерінің еңбегін өзінің жазғанынан оқуымыз және соған сай лайықты бағасын беруіміз керек. Орыс тілділерге де арнап осындай еңбектерді шығарсақ, олар өзінің шын тарихын таныр еді. Өз көздерімен көріп, ұғынары анық. Мені қуантқаны – Мәдениет және спорт министрлігі осы шаруаны өткізу жұмысын қолға алғандығы.
– Алаштың 100 жылдығын тойлауда кітап шығару, музей аралумен ғана шектелеміз ба сонда?
– Үкімет мемлекеттік деңгейде атап өтетіндігін айтып отыр. Әлі күнге дейін талай көше аттары, мектеп атаулары, ауыл аттары қазақша емес. Мәселен кейбір мәліметтер бойынша елімізде бүгінгі күнге дейін 500-ге таяу Ленин атындағы көшелер бар. Мәселен, осынша көше аты берілетіндей еліміз үшін Лениннің қандай еңбегі сіңді? Крупская атындағы 70-тей көше аты бар екен. Оларды мен жоққа шығарайын деп тұрған жоқпын. Бір-екі көшенің атын берсін, бірақ 500 немесе 70 емес қой. Сонда өз елімізден көше аттарын беретіндей қайраткер таппай қалдық па? Өзіміздің батырларымыз бен қайраткерлерімізді неге дәріптемеске? Олардың әрбір ісін жастарға неге үлгі етпеске? Көше атын беруге жай бір ғана атау ғой деп қарамау керек. Бұл өткенімізді ұрпақ жадында қалдырудың жолы және ұлт ретіндегі біздің көзқарасымызды да білдіреді деп білемін.
– Алаш қайраткерлерінің еңбегіне жете мән беру және Алаштың 100 жылдығын жоғары деңгейде атап өту керектігін жиі айтып жүрсіз. Осыдан 100 жыл бұрынғы «Алаш» партиясы мен «Ақжол» партиясының арасында қандай да бір байланыс болуы мүмкін ба?
– Егемен Қазақстан газетінде жарық көрген Елбасының «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» мақаласы нағыз дер шағында жарияланды. Ондағы маңызы зор шешімдер – бүгінгінің өзекті мәселенің бірі. Әсіресе, ондағы «100 оқулықтар» шығару мәселесі – елімізге бүгінгі Ахметтерді, Әлихандарды, Міржақыптарды алып келуге жасалған басты қадам.
Ал партиялардың ұқсастықтарына келетін болсақ, Алаштың заманы бәрібір де басқаша бір ғасыр өтті. Дегенмен заман өзгерсе де өзгермейтін мәңгілік құндылықтар – ұлттық қасиет, ұлттық бірегейлік елдік сана мәселелері бар. Бұл қай заманда да өзгермейді. Біз Алаштан қалған мұраларды ары қарай жалғастырып отырмыз деп білемін. Жыл сайын студенттер мен жас мамандар арасындағы Алаштың экономикалық, әлеуметтік жаңғыру, демократиялық мемлекет құрудағы көзқарастары тақырыбында байқаулар өткізіп келеміз. Осы байқаулар нәтижесінде қол жеткізген жаңалықтардың қаншалықты ағымдағы жұмысымызға пайдасы болады, біз жариялайтын ұстанымдарымызға сай ма емес пе деген тұрғыда қарастырып отырамыз. Жалпы Алаштың жайы кез-келген азаматты, кез-келген партияны толғандыруы керек. Алаш ешкімнің меншігі бола алмайды.
Әңгімелескен Айбарша Жақсылық
Деректеме - 'Жас қазақ' газеті