13 қазан 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Еліміздегі өрт қауіпсіздігінің жағдайы бойынша өткен «үкіметтік сағатта» Азат Перуашев шенеуніктердің өз міндеттерін орындауға «кедергі» келтіретін заңдар жөнінде берген түсіндірмелерін «сыныққа сылтау» деп атады.
«Өте маңызды әрі өзекті талқылау болып өтті. Дегенмен, кешегі «АрселорМитталда» шыққан өрт жөнінде, 50 адамның өмірін жалмаған Ақтөбедегі өртенген автобусқа қатысты жуырда аяқталған сот мәселелері айтылмай, тасада қалды.
Бүгінгі әңгімеде ненің көңілімнен шықпағандығын айтқым келеді. Біз тағы да атқарушы органдардың тарапынан өздерін ақтаған «сылтауларына» куә болып отырмыз. Таяуда ғана Ұлттық экономика министрлігі Қауіпсіздік Кеңесінде Президентке тарифтік жағдай бойынша баяндап, есеп берді. Онда да заңдарды желеуретіп, олар тәртіп жүргізуге кедергі келтіріп отыр, амал нешік деген сыңай танытқан еді...
Кешіріңіз, алайда осы заң жобаларын кім енгізеді ? Кімдер әзірлейді? Сіздер, өздеріңіз емес пе едіңіздер, құрметті министрліктер, Үкіметтің атынан енгізіп, сол ұсыныстарға өздеріңіз келісімдеріңізді беріп, депутаттардың алдына келдіңіздер. Әріден соң, со кезде депутаттар тарифтер мен өрт қауіпсіздігі жағдайына қатысты біртұтас позицияларыңызға қарсылық білдіріп, пікір таластырған болатын», - деп атап өтті Перуашев.
Мәселен, «Азаматтық қорғау туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттардан 1,5 мыңнан астам түзетулер келіп түсті, оның 713-і қабылданды. Алайда 800-ден астам өрт қауіпсіздігін күшейтуге қатысты түзетулерді Үкімет қабылдамай тастады.
«Сондықтан да мұндай сылтауларды біз қабылдауға тиіс емеспіз, - деп түйіндеді ол, - орын алған жағдайлар үшін ІІМ-нің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті егжей-тегжейлі жауап беруге міндетті».
Осы орайда, «Ақ жол» жетекшісі 2016 жылдың қыркүйегінде Ішкі істер министрлігіне қауіп-қатері жоғары объектілердің өрт қауіпсіздігінің қанағаттанарлықсыз жағдайы жөнінде хат жолдағанын еске салды.
Министрдің 24 қазанда берген жауабында мұндай жағдай заңнамалық реттеуде қалыптасқан ахуалға байланысты туындады делінген. Арада 2 жыл өтсе де, қайтадан бұл мәселені дәл сол себептермен түсіндіріп отыр. Олай болса, осы екі жылдың ішінде тиісті өзгертулерді әзірлеп, енгізуге болмас па еді», - деп депутат баяндамашылардың айыбын бетіне басты.
Азат Перуашев аталмыш саладағы қауіп-қатерлерді басқарудағы амал-тәсілдерді қайта қарау қажет деп санайды: «Неліктен 140 мыңнан астам нысандардың бүгінде тек 20%-ға жуығы ғана мемлекеттік бақылауда, ал қалған 110 мың ғимаратқа сонда ешкім жауапты емес пе? Кемеровадағы оқиғадан кейін, сауда орталықтарын тексере бастады, жарайды делік. Бірақ көпшіліктің жаппай жүретін жері сол жер ғана ма? Дәл қазір әріптестерім зәулім ғимараттардағы естен тандырарлық жағдайларды айтып, білім беру және аурухана мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселелерін тілге тиек етті...
Мүмкін, тәуекелдерді басқару жүйесінің өзін қайта қарау керек шығар: өрт қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі объектілерге биік ғимараттар мен мектептерді қоса алғанда қандай нысандар жатқызылуы тиіс».
Фракция жетекшісі өрт сөндірушілердің қызметіне жеке тоқталды: «Біз адам өмірін құтқаратын өрт сөндірушілердің ерлігі мен қаһармандылығына еш күмәніміз жоқ - оларға басымызды иіп, тек алғысымызды білдіреміз. Мен әріптестерімнің олардың әлеуметтік пакетін кеңейту, жалақысын көтеру туралы айтқан сөздерін толығымен құптаймын.
Әйтсе де, екінші жағынан мен олардың ар жағында жасырын тұрған адамдардың да жауапкершілігі мәселесін көтергім келеді. Өйткені, шенеуніктердің деңгейінде біз көбінесе қағазбастылық пен жауапсыздықты көреміз. Есепте үш жылда 1400 адам қайтыс болды деп көрсетілген. Жаңа ғана бізге жобалаушылар мен құрылысшылардың жауапқа тартылғанын айтып отыр.
Ал, аталған объектілердегі тиісті бақылау мен өрт қауіпсіздігінің деңгейін қамтамасыз ете алмаған лауазымды тұлғалардан кімдер жауапқа тартылды? Нақты статистиканы келтіріңіз, сол нысандарды қадағалап, тексерген бе, нұсқамалар жазылып берілген бе, я болмаса кінәрат-кемшіліктерді жоюға әрекеттенген бе? Сонда өрт сөндіру қызметіндегі шенеуніктерінің жауапкершілігі қайда қалды?».
Туындауы ықтимал келіспеушіліктердің алдын алып, Азат Перуашев Президенттің Жолдауынан дәйексөз келтіріп өтті: «Біз бизнеске үнемі көмектесеміз, бірақ адам, оның құқығы мен денсаулығы бәрінен маңызды. Жалпы, бизнес тек қана жеке пайдасын ойламай, мемлекетпен бірлесе отырып, біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуі тиіс».