28 мамыр 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаеваның үгіт тобы кездесуін Солтүстік Қазақстан облысында өткізді. Өзінің сайлауалды бағдарламасын үміткер Петропавл ауыр машина жасау зауытының ұжымына таныстырды.
Өнеркәсіп мұнай-газ, қорғаныс, энергетика салаларына арналған жабдықтарды даярлайды.
Кәсіпорын тарихы өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастау алады. Сол кезде ол зымыран, зымыран кешені, су асты қайықтарының снарядтарын жинаған-тын. Қазіргі таңда зауыт өз бағытын кеңейтіп, тек ҚР Қорғаныс министрлігінің ғана емес, мұнай және теміржол компанияларының тапсырмаларын орындап жүр. Жұмыстың жалпы ауқымы жүз түрден асады. Бүгін өнеркәсіпті қайта жаңғыртуға 4,5 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп отыр. Жоба 2020 жылға дейін, яғни үш жылға жоспарланған. Қайта жаңғыру процесі өнеркәсіп аумағын ұлғайтып, жаңа өнімдерді шығаратын болады.
Былтыр зауыт жабдықтарды 3,5 млрд теңге сомасына шығарса, биыл оның қаражатын 5-6 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланған. Отандық кәсіпорын шетел компанияларының тендерлеріне де қатысады. Басшылардың сөзінше, келіссөздер барысында тапсырманың көлемі мен уақытына байланысты сұрақтар көп туындайды. Дания Еспаеваның отандық кәсіпорындарды салықтық жеңілдіктер мен басқа да шаралар арқылы қолдау туралы ұсынысы бизнесмендер тарапынан қолдау алды.
«Менің бағдарламамда мемлекеттік тапсырыстарды жетілдіру, оны кәсіпкерлер үшін барынша ашық қылу туралы ұсыныстар бар. Бұл шетелдік компаниялармен байланыстағы кәспорындарға да байланысты. Бұл жайттардың барлығын заңнамалық тұрғыда қарастырған дұрыс», - деп атап өтті ҚР ПРезиденттігіне үміткер Д. Еспаева.
Зауытта мың шақты жұмыскер жұмыс жасайды. «Ақ жол» партиясының үміткері еңбек шартымен танысып, өнеркәсіп ұжымына қазақстандық кәсіпорындарды, олардың жұмыскерлерін қолдау туралы ұсыныстарын айтып берді.
Дания Еспаеваның сайлауалды үгіт науқаны жалғасуда.