Шымкент, 19 қараша,2011 жыл. «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Шымкент қаласында бүгін өткен «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесі Президиумының көшпелі мәжілісінде Партияның сайлау алдындағы съезін Алматы қаласында, 27 қарашада өткізу туралы шешім қабылданды.
9 қарашада Партияның кезектен тыс өткен ІХ съезінен кейін ҚДП орталық органдары филиалдардағы партия мүшелерінің үлес салмағы бойынша қалыптастырыла бастады. Нәтижесінде, «Ақ жолдың» Орталық басшылығының құрамы бұрынғыдай Астана және Алматы өкілдерінің басымдығымен емес, жаңа басшылық Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аймақтық лидерлері басымдыққа ие болып құрылды. Осыған байланысты, Партия орталық органдардың көшпелі мәжілістерін ірі партия ұйымдарында өткізетін тәртіпті енгізді. Алғашқы осындай мәжіліс «Ақ жол» партиясының 25 мыңнан астам мүшелері бар Оңтүстік Қазақстанда өтті.
Президиум кезектен тыс парламенттік сайлауға қатысу туралы мәселені қарап, Партияның кезектен тыс съезінің өткізілетін күні мен уақытын белгіледі, делегаттардың өкілдік нормасын анықтады.
Облыстық филиалдардың төрағаларына 26 қарашаға дейін съезд делегаттарын сайлау жөнінде «Ақ жол» ҚДП облыстық конференцияларын ұйымдастырып, өткізу тапсырылды. Бұдан басқа, бұл конференцияларда делегаттар дәл осы мерзімде кезектен тыс сайлауы өтетін жергілікті мәслихаттарға ұсынылатын, партия кандидаттарының тізімін бекітуі тиіс.
Президиум сондай-ақ «Ақ жол» ҚДП сайлауалды тұғырнамасының жобасын қарады және шақырылып отырған Партия съезіне енгізу үшін оны ширата түсу жөнінде ұсынымдар берді.
Президиум мәжілісінде жасаған баяндамасында Партия төрағасы Азат Перуашев: «Ақ жол» партиясы сайлауға мықты ұйымдық құрылыммен және іс-әрекеттің нақты бағдарламасымен, толық жұмылдырылған дайындықпен шығады»,- деп атап өтті.