19
Маусым

Санат жоқ 19.06.2013

Азат Перуашев: Парламенттік тергеу институтын енгізу және парламенттің бақылау қызметтерін күшейту қажет

19 маусым  2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Парламенттік тергеу институтын енгізу және Парламенттің бақылау қызметтерін күшейту қажет – бұл туралы «Ақ жол» фракциясының көшбасшысы Азат Перуашев ҚР Сенатындағы  заманауи парламентаризмді дамыту жөніндегі конференцияда сөйлеген сөзінің барысында  айтты.
Демократиялық фракцияның жетекшісі айтып өткендей, атқарушы билік органдарының қызметі парламенттің күнделікті назарында және есепті болып табылатындықтан әлемдегі дамыған елдердің көбінде Конституция және заңнамамен өздерінің парламенттеріне бақылау функцияларын берген.
- Осыған байланысты өзекті мәселелердің бірі ретінде қаралуы мүмкін болатын, Қазақстанда парламенттік бақылаудың жоғарғы формасы -парламенттік тергеу институтын енгізу туралы мәселе болып табылады, - деді Азат Перуашев.
Шет елдердің тәжірибесінде осы құқықтық институт парламенттің атқарушы биліктің тармақтарының және басқа мемлекеттік органдардың қызметтерін бақылау формасы ретінде кеңінен қолданылады. Сонымен бірге, қос палаталы парламентте тергеу жөніндегі комиссия палатаның екеуінде де құрылады.
- Мәселен, АҚШ-та тергеуді комитеттер және кіші комитеттер, сондай-ақ  Конгрестің қос палатасының арнайы комиссиялары жүргізеді, - деп мысал келтірді депутат. – Олар қажетті құжаттарды және материалдарды талап етуге, өткізілетін тыңдауға кез-келген тұлғаны шақыруға, сондай-ақ, оны куәгер ретінде сұрауға құқылы. Сондай-ақ парламенттік бақылауды іске асырудың бір тәсілі ретінде парламенттік тергеу Ресей Федерациясының заңнамаларында белгіленген, онда қазіргі кезде «Парламенттік тергеу туралы» арнайы Заң бар.
- Қазақстанда бұл мәселе реттелмеген, - деп атап өтті ҚДП фракциясының жетекшісі, Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 4-тармағын басшылыққа алып «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Конституциялық заңына тиісті толықтырулар енгізуге мүмкін болады, оған сәйкес Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгiленеді.
            Осы түзету қабылданған жағдайда, парламенттік тергеуге азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін сақтау үшін қауіп тудыратын ҚР Конституциясы кепілдік берген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын дөрекі немесе жаппай бұзушылық фактілері, сондай-ақ атқарушы органдардың немесе олардың өкілдерінің заңсыз іс-әрекеттері кірер еді деп есептейді «Ақ жолдың» депутаттары.
            Халықаралық тәжірибеде парламенттік комитеттер және комиссиялар тергеудің қорытындысы бойынша түпкілікті шешім қабылдамайды. Нақты лауазым тұлғаларына қатысты комиссияның материалдары сотқа жіберілуі мүмкін.
- Осылайша, парламенттік тергеу сот шешімдерін және тергеу органдарының рәсімдерін ауыстырмауы тиіс, - деп қорытындылады «Ақ жолдың» көшбасшысы Азат Перуашев, -  бірақ оны нәтижелері қоғамдық-маңызды жағдайларды қараудың ашықтығының және күні ілгері кесіп-пішілмегендігінің жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында қызмет етуге тиіс.