Минин мен Пожарский ескерткішінің сәтсіз көшірмесі /Мақсат Жақау, «Ақ жол» ҚДП Төраға кеңесшісі, саясаттанушы/ - Казак унi (Алматы)
Есте болса, 2010 жылдың 1-маусымында Астанада Керей мен Жәнібек хандар ескерткіші ашылды. Бұған арнайы эскиз-жобалар идеясына республикалық конкурс жарияланған болатын. Байқауға республика бойынша он жоба ұсынылған екен. Қорытындысында астаналық жас мүсінші Ринат Әбеновтің жоба-эскизі үздік деп танылған-ды.
Ринат Әбеновпен сұхбат бес жылдан кейін ғана шығыпты. Мысалы, ол 2014 жылғы 2-желтоқсанда «Айналайын» жастар журналында бүй депті: «Эскиз жасауға бір айдай уақыт кетті. Алдын ала хандар туралы тарихи деректерді ақтарып, жан-жақты зерттедім. Сонымен қатар, мәскеулік тарихшы Михаил Гореликпен және басқа да мүсіншілермен ақылдастым. Себебі, бұл тырнақалды жұмысым ғой. Бірнеше эскиз жасап, ақыры қазіргі эскизге тоқтадық».
Хош, әрі қарай оқысақ, «Жеңіп шықсам екен деген үміт болады ғой барлығымызда. Бірақ, күтпеген сый болғандықтан, қуанышым шексіз еді. Сол арада біз «Авторлық ұжым» құрдық. Оған мен және жас мүсіншілер Мұрат Мансұров, Тоқтар Ермеков, Ербол Зиябековтер енді. Төртеуміз бірігіп наурыз айында жұмысты бастап кеп жібердік. Ескерткішті үш айда бітірдік». Журналистің: «Мәскеулік тарихшымен ақылдастым дейсің. Ол қазақ тарихын жетік білмейді ғой. Неге өзіміздің тарихшылармен кеңеспедің?» деген сауалына Рекең: «Ол халықаралық деңгейде мойындалған тарихшы. М.Горелик маған хандардың киімі, қару-жарақтары, қылышы, дулығасы, сауыт-сайманы қалай болу керектігі жөнінде жақсы кеңес берді. Ал хандардың кескін-келбетін өзім жасадым. Образ жасауда өз идеямды дамытып, ерік-жігері мықты, жеке ел болып шықтық деген патриоттық сезімді беруге тырыстым. Мысалы, Керей ханның жасы үлкен. Оған салмақты, айбынды етіп көрсететін қымбат киімдер кигіздік, ал Жәнібекті бас қолбасшы деңгейінде көрсетуге ұмтылдық. Және ол Қазақ хандығының жалауын ең бірінші ұстаған тұлға» деп жауап қатыпты.
Қарап отырсақ, 2010 жылғы ашылған ескерткіш авторының жасы бар болғаны 25-те, ал ескерткіш жобасын бүкіл тарихты қопарып тастап, бір-ақ айда шығарып, үш-ақ айда жасап шығады екен. Тапсырысты не деген қысқа мерзімде орындағыш, туабіткен «дарынды» адам десеңізші?!
Мәселен, Алматыдағы Мұхтар Әуезов ескерткішін жасауға бақандай тоғыз жыл жұмсалған екен. Жалпы, кеңес заманында әрбір ескерткішті жасауға алды – бес, арты – он-он бір жыл кеткенін білеміз.
Сонымен, жас автор мәскеулік Гореликпен ақылдасыпты-мыс. Мақұл, ақылдассын. Бірақ көкейден бір күмән кетпейді. Неге дейсіз ғой?
Себебі, марқұм Гореликтің өзі бұл ескерткіш жобасының авторы бола тұра Астанада өзге автордың атымен орнатылғанын білмепті де! Бұны екі дереккөзден естідік, бірін «АБДИ» компаниясының ғылыми қызметкерінен, екіншісін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және Этнология институтының ғалымдарынан. «АБДИ» компаниясының жеке қаржысына Қазақстан тарихына қатысты тың деректер мен ақпаратқа толы «Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің үлкен Атласы» кітабында осы ескерткіштің формалары алғаш 2008 жылдары жарық көрді. Бұл деректер Михаил Гореликтің өзіндегі жобаларынан алынған еді. Алайда, қалай екені белгісіз кітапта шыққан нұсқасын екі жылдан кейін, тіпті Гореликпен етене тығыз байланыста болған жас мүсінші ескерткіштің авторы болып шыға келеді екен?! Міне, күдік осында!
Өйткені, «АБДИ» компаниясының әйгілі кітапты құрастырушылары Гореликке «Мәке, сіздің үлгілеріңіз Астанада ескерткіш болып орнатылып жатыр» деп қалжыңдап хабарлаған көрінеді. Ал, Горелик авторлыққа таласпай-ақ қояйын деп мәселені жылы жауып қоя салған.
Сонымен, Мәскеудегі «Минин мен Пожарскийдің» үлгісіндегі орыс авторының «Керей мен Жәнібек» нұсқасы Астананың қақ ортасында тұр. Композициялық жағынан мықты шешім, бірақ байқасақ, орыс авторларының мәнерінде. Осыдан барып, өзіміздің өреміз бен идеямыз жетпегені ғой, әлде «давайлаған» уақыт тығыз болды ма екен деген ой туады. Бірақ оны бір Құдай және сол кездегі шенеуніктер білер енді… Не де болса…
Әйтеуір, аталған жұмыс ертеңгі күні мемлекеттік марапатқа немесе өзге бір сыйлықтарға ұсынылып жатса, тіптен де таңғалмаймыз…
Дерекнама - Казак унi (Алматы), № 11 (670), 17.03.2015