10
Қазан

Мәмілегер /М.Әнуар-Бек, жазушы-публицист, Алматы-Астана-Алматы/ - Казакия (Актобе)

Кедейсоқтықтың өзі, сірә, құдайдың қалауымен болады. Яғни, кең мағынасында алғанда, кездейсоқтық дегенің мүлдем жоқ. Әр әрекетті бір себеп-салдар жетектейді. Жаратқан Иеміз: 'Менің қалауымсыз жапырақ та түспейді' дегенде, кездейсоқтықтың болмайтындығын меңзесе керек...
...Ала-құла соқпақтарға соқтығып, ақырында, ел парламентінің партасына табан тіреген аты әдемі, заты әуелі 'Ақ жол' партиясының сөзін сөйлеп, танымын таратқан басылымды басқару, сөйтіп, ақжолдықтардың жер-жердегі бүгінгі белсенділерін білу арқылы еліміздің батысының берекелі ордасы Ақтөбедегі бөлімше басшысы Асқар Садықовпен танысу да, сөз жоқ, көзсіз кездейсоқтық емес, тәңірдің таңдап, тағдырдың бұйыртқаны болса керек...
...'Жастықта жиған білімің – қарттыққа жұмсар мүлігің' дейді атамыз қазақ, Орынбордың мемлекеттік техникалық университетін инженер-механик мамандығы бойынша тәмәмдаған болашақ кәсіпкер еңбек жолын қарапайым монтаждаушы болып бастап, жұмыстан қол үзбей, Қазақ мемлекеттік заң университетінен заңгер мамандығын да меңгерді. Жасы қырықтан асып, бедерлі белестен өткен көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың төл отбасының, өз ортасының жағдайын қалыпқа келтіргеннен кейін, енді өзінің күш-жігері мен білім-білігін елінің өркендеуіне, халқының әл-ауқатының артуына жұмасуға ұмтылуы – заңды.
Талас жоқ, еліміз кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жобалар мен бағдарламалардан кенде емес. Атақты Александр Македонскийдің: 'Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым' дегені бар. Ал, Асқар Садықов атты көрнекті кәсіпкердің үлкен ұстазы – өмірдің өзі болды.
Елді асырап, халыққа пайда келтіруге тиіс кәсіпкерлердің өздерінің де түйіні шешілмеген мәселелері шаш-етектен. Ине мен түйме де шығара алмаған кәсіпкерден көпшілікке не қайыр?!.
Ең алдымен, несие саясатының ақсаған тұстары көп. Бір заманда АҚШ-тың Тәуелсіздік туралы Декларациясын жазған Томас Джефферсон халықтың экономикалық және рухани дағдарысын тудыратын 'банкілер әскерден де қауіпті' деген еді. Расында, банкінің аса жоғары несиелік пайыздары кәсіпкерлердің аяқтарын тұсап, қолдарын матап тастайды. АҚШ-тың тағы бір президенті Томас Вильсон да бір тобыр банкирлердің несие саясатын өз қолдарында ұстап, үкіметке шарт қоюы мүмкін қаупін де ескерткен.
Ақтөбе – 400 мың тұрғыны бар, ірі өндіріс ошақтары шоғырланған қала. Мұнда 'Қазхром', 'Ақтөбемұнайгаз' сияқты алып мекемелер бар. Бірақ, сол мекемелерге көп болғанда он мың жұмысшы ғана қабылданады. Ақтөбе өңірінде де, бүкіл еліміздегі сияқты, орта және шағын бизнестің қарқыны әлі бәсең, оңтайлы жағдайлар туса, кәсіпкерлер бірнеше жүз мыңдаған халықты жұмыспен қамтамасыз етер еді. Әйткенмен, қол қусырғанға – қурай да жоқ, әрекет ету керек.
Қазтуған жырау бабамыз қазақтың қиын-қыстау күнінде:
'Балдағы алтын құрыш болат
Ашылып шапсам дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп.
Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар,
Арқа мен қосым қалар деп.
Ақ дария толқын күшейтер,
Құйрығын күн шалмаған балығым
Ортамнан ойран салар деп.
Азамат ердің баласы
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп' – деп, жігерді жанып, қайратқа қуат қосыпты. Асқар да қарап қалмады. Өз әріптестері – кәсіпкерлердің жолын ашып, бағын жандыратын тәсіл-амалдарды талмай іздеді. Қиын күйзеліс пен ұзақ ізденіс күндердің-күнінде тәлімді кәсіп иесін «Ақ жол» партиясына алып келді...
Облыс бөлімшесі басшысының лауазымы ойы кемел, белі бекем тұлға ғана табан тірер тұғыр-тын. Жаңа жетекші филиал құрамын қайта жасақтап, демократиялық партияның тың жобаларын ұсынды.
Ең басты мақсат – жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты жойып, жемқорлықпен күресу. Әйтсе де, мұндай маңызды істе достан гөрі, дұшпанның қарасы қалың еді. Жемқорлық – күллі қазақ қоғамының өзегіне түскен қауіп болды. Кәсіпкерлердің өсіп-өнуіне жемқорлық құрық салып, қысып ұстап отыр. Мемлекеттік тапсырыстар бойынша тендер алу үшін пара беруге мәжбүрлеп, жемқорлыққа жегіп қояды. Мәселен, үш айда салынуы тиіс мектеп ғимаратының құжаты бір жылға созып, кәсіпкерлер әуре-сарсаңға салынады, құрылыс нысаны сапасыз болады. Сондықтан, парақорлықты жою үшін тендерге қатысты заңдарға өзгертулер енгізілуі керек. Жырынданған, ұрланған қаражат халық игілігіне жұмсалуы тиіс.
Кәсіпкерлер халықтың қаражатын
қанамай, керісінше, елге берері мол азаматтар болу керек. Бұл – кескілескен қиямет күрес еді. Әсіресе, қолында билігі, қызметінде құзыры барларға аталған бастама шаншудай қадалды.
Ақжолдықтар шенеуніктерге шетелдерде есеп-шот ашуға тиым салу керектігін мәлімдеді.
Тәуелсіздік жылдарының тезінде, біздің елімізден заңсыз жолдармен шетелдерге 138 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі қаражат жымқырылып, шығарылыпты. Бір қызығы, мемлекетіміздің де сыртқы қарыздары осы шамада, яки, 137,5 млрд АҚШ доллары деңгейінде. Шынында, қызық сәйкестік емес пе?!. Жалғыз Кипрде біздің елдің 1 млрд. еуро көлеміндегі қаржысы 'тығылып' жатыр. Олардың иелері кімдер?..
Рас, жемқорлықпен күресу – қиындығынан бұрын, мейлінше қауіпті шаруа еді. Солай бола тұрса да, 'шешінген – судан тайынбас' деп, қазына-байлығына мастанып, атақ-абыройын ластамаған көңілі жүйрік, рухы биік, жүрісі ширақ үлкен кәсіпкер, ілкімді ұйымдастырушы алған бағытынан таймады, асқақ басын имеді.
Көпті біліп, кепті ілгізген Төле бидің:
'Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді' – дейтін дәргейіне сүйенген жаңа жетекші төл партиясының серкесі, мемлекет қайраткері Азат Перуашевтің жасын жігеріне де сүйенді; 'Ақ жол' – күллі Алаштың мұңын айтып, жоған жоқтайтын партияға айналатын уақыт жетті' деген әріптес ағасы, партияның пайымды ақсақалы Аманкелді Айталының астары мол ақылына да жүгінді. Бүгінде бірқатар ақтөбелік кәсіпкерлердің ешкімге көзін қысып, көңілін таппай-ақ өнімді жұмыс істеуге болатындығына көзі жетті...
Жаңалықшыл жетекшінің екінші мақсаты – қазақтың алтын бесігі – ауылды қалпына келтіру болды. Ауылшаруашылығына өкіметтен миллиардтаған қаражат бөлінуде. Бірақ, құмға сіңген судай ізі жоқ. Бағдарламалардың шикілігі басым. Айталық, 'малды асылдандыру' дегенді сылтау қылып, Америкадан, Англиядан, Австралиядан әкелінген асыл тұқымды малдың дені қазақ топырағын жерсінбей, қырылып қалды. Тіпті, көршіміз Ресейдің орманда өскен жылқысында бір елі қазы болмайды. Ал, қазақтың жылқысы сары далада желіп жүріп, кеңқолтық жайылады. Жылқыны баптау – ата-бабамыздың мыңжылдық мұрасы. Еліміз еңсесін көтеруі үшін – ауылы дамуы керек.
Білікті басшының үшінші мақсаты – ауылдан ат-тондарын ала қашатын жастарды ата-мекеніне тұрақтандырып, ақжолдықтардың қатарына көптеп тарту еді. Ауылдағы кәрі-құртаң мен бала-шаға демеуді қажет етеді. Ауылға адам дәрігері, мал дәрігері, сауатты мұғалімдер қажет. Жастарға үй де, күй де керек. Спорттық кешендері мен мәдениет ошақтарын салып, жастарды ауылға қайтаруға болады. Бұл - ұлттың оңтайлы дамуына аса жағымды әсер етуге тиіс.
...Жаңа төрағамен табысқан жылға жақын аз уақытта ақтөбелік ақжолдықтар аймақтың белсенділік туын ешкімге бермеді. Партия мүшелері он бес мыңнан асып-жығылды. Зиялы қауым мен кәсіпкер жұрт бір ананың баласындай татулықпен, бір дастарқанда бас қосты.
Ұтымды ұсыныстар мен баянды бастамалар мол тізілді, мәселен, сайлау заңындағы, салық пен кеден қызметтері заңдарындағы олқылықтар талқыға түссе, көңілі кең, жүрегі мейірімді, кеудесі қазына, сөзі қасиетті ақ жаулықты аналарымыз құрған «Асыл әжелер» халықтық ән ансамблімен тығыз байланыс орнатылды.
Асқардың жеке басының бастамалары жұртты дүр сілкіндіріп, қызу қолдау тапты. Мысалы, Қазақстанды басқарып тұрғанда Сталинге хат жазып, нақты 6749 адамды жазықсыз ажал құштырған қаныпезер Мирзоянның есімін Ақтөбе қаласындағы көшеден алып тастауды талап етіп, аймақтық 'Ақ жол'-дың басшысы арнайы шаралар, акциялар, дөңгелек столдар ұйымдастырды. Мұның өзі ұлт алдында арыс азамат қана арқалайтын ауыр жүк болатын. 'Құрбандарды қорлауға болмайды. Ақтөбедегі Мирзоянның атын алмай, тынбаймыз' деген Асекеңнің ниеті орындалса, сөз жоқ, қаншама ата-бабаларымыздың әруақтары риза болып, рухтары тыныш табар еді...
'Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек' (Абай) дейтін дәргей ақиқаттың дәп өзі. Өзі орысша оқып, тәрбиеленсе де, жүрегінде оты, бойында ұлттық намысы лаулаған отағасы Асекең от басы, ошақ қасында балаларыммен тек ғана қазақ тілінде сөйлеседі. Асқар айтады: 'Қалталылар балаларын шетелдерде оқытады. Біз олардан ертең ел игілігі үшін қызмет атқарады деп үміт күтеміз. Бірақ, олар елге оралғанда ана тілінді сөйлеуді ар санайды. Мен ондайларды ұлт үшін жоғалған адамдар деп есептеймін. Мен қалың қолдың бетін қайтарған, қуатты ана тілімді мақтан тұтамын'.
Иә, қайсыбір қандастарымыздың намыссыздығы мен қамсыздығына қапаланған Елбасымыз бірде: '20 жылда аюды да қазақша сөйлеуге үйретуге болады' деп ашына айтып еді. Алыс болашақты болжап, тереңді толғайтын Елбасымыз қазақ тілін үйренуде 'қатты қамшының күшін емес, тәтті тоқаштың дәмін' тату тәсілін қолданып келеді. Әрине, тіл үйрену – әр адамның жеке басының шаруасы десек те, мемлекеттік мәртебе алған тілді үйренуге деген құрмет қана емес, міндет та қажет ететін уақыт келіп жетті. 'Ақ жол' белсенділерінің бірегейі, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Асқар Садықовтың ұлықты ұстанымы осы.
...Кәнігі кәсіпкер Асқар Садықовтың Қазақстанның 'Ақ жол' демократиялық партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы лауазымына келуі де тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу болған жоқ. Әйткенмен, 'Бір күндік ұрыс – қырық күндік ырысты кетіреді' деген қазақтың ғибратын бойына тұңғиық сіңіріп өскен Асекең кішіге – қамқор, үлкенге – ілтипатын көрсетіп, мән-мағынасы терең Мәмілегерлік қасиетін танытты...
Асқардың мәмілегерлік қасиеті, менің есіме ғибраты мол бір діни әңгімені түсірді. Киiмi өрiм-өрiм бiр қайыршы ауыл кезiп жүрiп, үнемi «Жақсылық қылсаң өзiңе, жамандық қылсаң өзiңе» деген сөздi қайталай беретін көрінеді. Бiр ауылда көрiнген кісімен ұрса кетуге дайын көкбет, долы қатын тұрады екен. Сол әйел қайыршыға таба нанға у қосып бередi де: «Жақсылық болса да, жамандық болса да көрiп алдым, мә, сөзiң де, өзiң де құры!» – деп қайыршыны қуалап жібереді.
Ауылдан шыға бере қайыршы алыс жолдан арып-ашып келе жатқан керуенге кездеседi. Керуенге iлесiп азып-тозған егде кiсi мен жас жiгiт қайыршыдан нан сұрайды. Ойында ештеңе жоқ қайыршы әлгі көкбет қатын берген нанды береді. Аздан соң нан жеген қос жолаушы уланып, жан тапсырады. Керуендегi жұрт дүрлiгiп, бiреуден-бiреу сұрап, бұл әлгi қайыршының iсi екенiн бiледi. Керуенбасы қайыршыны ұстатып:
 – Сен неге бiздiң жолдастарымызды өлтiрдiң? – деп айқайлайды. Қайыршы бар жағдайды баяндаған соң, бiр топ адам долы қатынды сүйрелеп әкеледi.
– Қара, не iстегенiңдi қара басқыр! – деп өлген жолаушыларды әйелге көрсеткенде әйел шашын жұлып, бетiн тырнап айғайға басып, жылай бастайды. Сөйтсе, әлгi әкелi-балалы жолаушылар көп уақыт бұрын сапарға кеткен, долы қатынның күйеуі мен ұлы екен. Екі байғұс ендi ғана елi мен жерiне жеттім дегенде, өздерiнiң ең жақын адамдарының қолынан ажал құшыпты. Қайыршының айтқан сөзiнiң ақиқатына көзi жеткен көкбет қатын зар еңiреп қала берiптi...
Расында, әрбір пенде қай-қай ісінің де сұрауы мен бодауы болатындығын ұмытпауы керек. Асқардың мақсаты пен мүддесі ортақ - елі мен партиялас әріптестерінің бірлігі мен татулығын жоғары қоя білуі - кемел кісілік келбеттің көрінісі.
...Соңғы хабарласқанымызда Асекең: 'Ертең шалғай жатқан Ырғыз, Шалқар аудандарын аралаймын' – деп қалып еді, жұртын нағыз ақ жолға бастайтын ардақты досыма мен де әрдайым ақжол тілегім келеді...
 
Дерекнама - Казакия (Актобе), № 39 (45), 01.10.2014