08
Қантар

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев «КазАвтоЖол» АҚ қызметкерлерімен кездесті

2026 жылдың 8 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Сәрсенұлы Ерубаев «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Атырау облыстық филиалы кеңсесінде мекеме қызметкерлерімен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесуге «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы Ермекқалий Төлепқалиұлы Юсупов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы А.Оразғалиев, сондай-ақ мекеме басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында мекеме басшысы А.Кайреденов «Атырау – Астрахань» автомобиль жолының пайдалануға берілгені жөнінде баяндама жасап, аталған тасжолдың маңызына тоқталды. Мәжіліс депутаты жолдың сапасы мен пайдалану ерекшеліктеріне қатысты бірқатар сұрақтар қойды.

Сонымен қатар «Атырау – Орал» автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізу бойынша жобалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатқаны айтылды.

Кездесу барысында мекеме басшылығы мен қызметкерлері жол саласы бойынша өзекті мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда:

         «Атырау – Орал» автожолының жекелеген учаскелерінде орташа жөндеу кезінде айналма жолдардың болмауы қозғалысқа қиындық келтіретіні;

         республикалық жолдар бойындағы ескі салқын дәретханаларды заманауи санитарлық-гигиеналық тораптарға ауыстыру қажеттілігі;

         жолдарды күтіп-ұстауға арналған арнайы техниканың, әсіресе қысқы күтімге қажет КДМ машиналарының тапшылығы;

         құрылыс материалдары мен қосалқы бөлшектерді мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзаққа созылуы;

         кейбір жол жобалары бойынша ведомстволық сараптамадан өту кезінде туындап отырған кедергілер;

         елді мекендерден алыс жол учаскелерінде интернет пен байланыс сапасының төмендігі мәселелері көтерілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаты көтерілген ұсыныстарды назарға алып, оларды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастыруға дайын екенін білдірді.