08
Қантар

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Capital Plast KZ кәсіпорнында болды

2026 жылғы 8 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің төраға орынбасары Дания Еспаева мен Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев Capital Plast KZ кәсіпорнына жұмыс сапарымен барып, өндіріс ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында халық қалаулылары кәсіпорынның өндірістік қызметімен танысып, зауыттың жұмыс барысын көрді. Capital Plast KZ кәсіпорны қазіргі таңда гофроқаптама өнімдерін өндірумен айналысады. Сонымен қатар, биыл стрейч-пленка өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыруға 2 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған. Бұл өз кезегінде өңірде 250-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

 

Ұжыммен жүздесу кезінде жұмысшылар жалақы мөлшері, жұмыстың тұрақтылығы, еңбек жағдайы және еңбек құқықтарының сақталуы секілді өзекті мәселелерді көтерді. Депутаттар көтерілген сұрақтардың маңыздылығын атап өтіп, еңбек заңнамасының талаптары қатаң сақталуы тиіс екенін жеткізді. Сондай-ақ өндірісті дамыту, жұмыс орындарын сақтау және әлеуметтік жауапкершілікті күшейту бағытында бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты.

Кездесу соңында Мәжіліс депутаттары кәсіпорын ұжымына табысты еңбек тілеп, өндірісті дамыту ел экономикасын нығайтуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға зор үлес қосатынын атап өтті.