05
Ақпан

Несие берем деп несібінен айырма! "Ақ жол" шаруаларға араша түсті

5 ақпан 2024 жыл, “Ақ жол” демократиялық партиясының баспасөз бөлімі

Бүгін «Ақ жол» Демпартиясының орталық кеңсесінде несиелік серіктестерінің проблемаларын талқылау бойынша басқосу өтті.

Аталмыш жиынға партия  депутаттары, «Аграрлық несие корпорациясы», Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері қатысты.


Бұның алдында Ұлытау өңірінің шаруа қожалықтары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ  филиалының несиелеуге байланысты әрекеттеріне алаңдаушылық білдіріп, партияға келген еді. Жиында осы мәселені Ұлытау облыстық мәслихат депутаты Бекзат Дайрабайұлы көтерді:

– 2014-2020 жылдар аралығында мемлекеттің агроөнеркәсіп кешенін дамыту аясында ашылған бағдарламасына сәйкес, Ұлытау өңірінің шаруа қожалықтары Жезқазғандағы «Ұлар» Кредиттік серіктістігі» ЖШС-нен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржыландыруымен шаруа қожалығын дамыту мақсатында өздеріне қажет деген мақсатты несиелерді рәсімдеді. Бұл жеңілдетілген несие көмегімен Ұлытау өңірінің көп шаруа қожалығы өз кәсібін жүргізіп отыр.

Бүгінгі күні «Ұлар» Кредиттік серіктістігінің» 12-ден астам шаруа қожалығы әртүрлі себеппен несие төлеуді кешіктіріп отыр. Осы себепті «Аграрлық несие корпорациясы» Несие серіктестігі және оның 130 қатысушы мүшелері ортақтасқан міндеттемені негізге ала отырып, жеті жүз жеті миллион теңге қарыз сомасын уақытынан бұрын өндіру бойынша сотқа арызданған. Өткен айда Жезқазған қалалық сотының шешімімен, аталған сома шаруа қожалықтарынан корпорация пайдасына өтеді. Соттың бұл шешімін Ұлар несие серіктестігі мен шаруа қожалықтары заңсыз деп санайды.

Корпорация сотқа дейінгі аралықта да несиесін толық өтегендердің кепілге қойылған мүлкін кепілден босатпау секілді небір қысым көрсеткен. Несие алушылар заңды мүліктерінің құжаттарын қолына әлі ала алмай келеді. Ал қарызды несие серіктестігінің барлық мүшелерінен «ынтымақтастық жауап береді» деген бапты желеу етіп өндіруі – бөлек әңгіме. Бұл тұрғыда, несиелік қарызы бар азаматтарға қатысты бөлек заңды күшіне енген сот шешімдері бар екені анықталып, іс сот орындаушыларына берілді. Енді қарызды қайтару бойынша жұмыс жасалып жатыр.

Егер жоғарыда көрсетілген соманы өндіру туралы сот шешімі корпорация пайдасына шешілсе, онда несие алмаған, несиесін толық өтеген және несиені өтеу мерзімі аяқталмаған шаруа қожалықтарына үлкен зардап тигелі тұр. Несиесін жапқан азаматтардың кепілде тұрған мүлкінің сомасы бір жарым миллиардтан асады. 

Осыған қарамастан, корпорация жаопы несие сомасын мерзімнен бұрын қайтаруды талап етіп отыр. Шаруалардың пікірінше, бұл – ауыл шаруашылығының дамуына зор нұқсан келтіру, кәсібін енді дамытып жатқан шаруа қожалықтарына деген немқұрайдылық, таза шаруаларды тұралату боп саналады.

Талқылау барысында несиелік серіктестігі басқарма төрайымы Шынар Бегалова және «Целиноград» КТ» ЖШС басқарма төрағасы Сағадат Ашебеков өзінің жұмыс тәжірибесінде ортақтас міндеттемені сәтті қолданғанын айтты.


Мәселе бойынша өз ойларын Мәжіліс депутаттары Қазыбек Иса, Ерлан Барлыбаев, фракция аппаратының жетекшісі Берік Дүйсембинов, Шығыс Қазақстан филиалының өкілі Ерлан Сабыров, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма Төрағасы Алмат Әшірбеков, Басқарма төрағасының орынбасары Марлен Нәбиев, басқарушы директоры Арман Әмірғожин, департамент директоры Нұрлан Даутов мен «Ерейментау-Агро КТ» директоры Ерлан Раевтер білдірді.

– Жұмысын сәтті істеп жатқан серіктестіктердің барына ризамыз. Дегенмен алаяқтықтан зардап шеккен серіктестіктердің бар екені мәлім. Бұндай жағдайлар Ұлытау облысында ғана емес, басқа да аймақтарда да белең алып келеді. Бір жағынан нәтижелі істейтін серіктестіктердің тәжірибесін кеңейтуді айтсақ, тығырыққа тірелген,  тіпті банкротқа ұшыраған шаруаларға  көмек беру  мәселесін шешу тағы бар. Тағы да айтамын, бұл бір облыста ғана емес, Шығыс Қазақстанда да, Түркістан облысында да орын алған мәселе. Корпорация өкілдерінен бұл мәселені шешетін немесе жеңілдететін тәсілдерді ұсынуды сұраймын, – деді А.Перуашев жиын барысында.

Айтқандай, бұл мәселе Шығыс Қазақстан облысында да ушығып тұрғаны белгілі болды.

– Несиелік серіктестікке кіру шартпен бекітілуі керек еді. Сондай өтініштің бар-жоғын сұрағанмын. «Ертіс» корпорациясы мен Жұмыспен қамту орталығымен бірге жасаған келісімі бар деп естігем, сол құжатты көре алмадым. 2015 жылы соттан төлемеген деп шешіммен шығарып тастады. Кредиттік серіктестіктің төрағасы төлемеген, ал біз, 18 адам, төлегенбіз. Ендігі мәселе мынада. Соттың шешімі шыққасын ешқайсымыз өз атымыздан кәсіп жүргізе алмай отырмыз. Кредиттік серіктестіктің төрағасын сотқа берсек соттағылар «еш негіз жоқ, ол адам соттың шешімін орындап, 15-20 мың теңге төлеп отыр» дейді. Арамызда несиені жауып тастаған кәсіпкер де бар. Осыған байланысты ұсынысым бар. Аз уақытта соттың шешімін шығармай «Ертіс» беріп отыр ма, Жұмыспен қамту орталығы беріп отыр ма соны анықтап қарау керек, – дейді "Ақ жол" демпартиясы ШҚО филиал мүшесі Ерлан Сабыров.

Бұл пікірге "Ақ жол" демпартиясының ШҚО кеңес мүшесі, кәсіпкер Азамат Бигалиев те қосылды:

– Бұл бүгін шыққан мәселе емес, 2013 жылы басталған. ШҚО-да осы мәселенің кесірінен 6 адам өзіне қол жұмсады. Бұл – өңірдегі 1200-ге жуық адамның ортақ мәселесі болып отыр. Төлейтіні төледі, төлей алмағаны қалып отыр. Содан бері 10 жыл өтті. Несиені көктемде береміз дегесін халық егіншілікке жоспар құрды. Бірақ несиені көктемде емес, күзде берді. Алсаң да аласың, алмасаң да аласың. Мәселені үкімет деңгейінде шешу керек. Себебі қазір сол халық барлық шоты бұғаттаулы болғасын жұмыс істей алмай отыр.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ұлытау облысындағы жағдайды шешу үшін және Қазақстандағы филиалдардың жұмысын жақсарту үшін күш жұмсайтынын жеткізді. Ал, «Ақ жол» фракциясының депутаттары бұл мәселені шешу бойынша жағдайды бақылауға алатынын айтты.