Мәжіліс
депутаты, «Ақ жол» партиясының өкілі Олжас Нұралдинов Шығыс Қазақстан облыстық
«Ақ жол» партиясы филиалының өкілдерімен бірге Ұлан ауданының орталығы Қасым
Қайсенов кентінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары күнделікті өмірде кездесіп отырған бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Солардың бірі — ветеринарлық анықтамаларды алу тәртібі. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, мал сою тек арнайы сою пункттерінде жүзеге асырылуы тиіс. Алайда кейбір елді мекендерде, оның ішінде Жанұзақ ауылында мұндай пункттер жоқ. Соған қарамастан, ветеринар мамандар заң нормаларына сілтеме жасап, тұрғындарға қажетті анықтамаларды беруден бас тартып отыр.
.jpeg)
Нәтижесінде, бұл талаптың салмағы тікелей ауыл тұрғындарының мойнына түсіп, олар іс жүзінде тығырыққа тірелуде.
«Ақ жол» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалында мұндай жағдайлар өңірдің басқа аудандарында да жиі қайталанатынын атап өтті. Партия өкілдерінің пікірінше, қолданыстағы ветеринария саласындағы заңнама ауылдық аумақтардың нақты жағдайын ескере отырып, қайта қарауды қажет етеді. Бұл мәселеде рұқсат беру тетігін жергілікті ерекшеліктерге сай қолдану маңызды.
«Инфрақұрылымның
жоқтығынан туындаған мәселелерді ауыл тұрғындарының мойнына жүктеуге болмайды.
Заң адамдар үшін жұмыс істеуі тиіс, оларға қарсы емес. Ауылдардағы нақты
жағдайды ескеру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге қол
жеткіземіз», – деді Олжас Нұралдинов.
Сонымен қатар кездесу барысында ауданның туризмін дамыту және жергілікті бизнесті қолдау мәселелері де сөз болды. Әсіресе шағын бөлшек сауда саласындағы түйткілдерге ерекше назар аударылды. Тұрғындар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесінің кеңеюі шағын кәсіпкерлерге ауыр салмақ түсіріп, «үй маңындағы» дүкендердің жабылуына әкелуі мүмкін екенін айтты.
Осыған байланысты партия өкілдері «Ақ жол» Демократиялық партиясының депутаттары бұған дейін Сауда және интеграция министріне депутаттық сауал жолдап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімін қалыптастыру кезінде шағын бизнестің мүддесін ескеру қажеттігін көтергенін еске салды.
Кездесу қорытындысында Олжас Нұралдинов барлық көтерілген мәселелер жұмысқа алынатынын атап өтті. Тұрғындардың ұсыныстары, сондай-ақ ветеринария саласындағы заңнаманы жетілдіру және шағын бизнесті қолдау жөніндегі бастамалар уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданып, парламент деңгейінде де қорғалатын болады.