05
Қантар

Олжас Нұралдинов: орман заңнамасындағы нормалар ағаш өңдеу саласының дамуын тежеп отыр

«Ақ жол» партиясынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Нұралдинов жұмыс сапары аясында Өскемен қаласында еліміздегі OSB-плиталарын өндіретін жалғыз зауыттың қызметімен танысты.

Кәсіпорында шамамен 60 адам еңбек етеді, жылына 12 мың текше метрге дейін бағытталған жоңқалы плита шығарылады. Сапар барысында депутатқа өндірістің толық циклі – шикізатты дайындаудан бастап дайын өнімді шығаруға дейінгі барлық кезең көрсетілді. Сонымен қатар кәсіпорынның қазіргі жұмыс жағдайы мен дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелер жан-жақты баяндалды.

Кездесу барысында Орман кодексінің талаптарына ерекше назар аударылды. Зауыт өкілдерінің айтуынша, орман телімдері қатаң түрде күнтізбелік жылмен байланыстырыла отырып бөлінеді. Яғни, телім желтоқсан айында берілген жағдайда да, кәсіпорын жыл соңына дейін бүкіл көлемді игеруге міндетті. Бұл талап орындалмаған жағдайда айыппұл санкциялары қолданылады. Өндіріс өкілдері мұндай тәсіл маусымдық ерекшеліктерді де, ағаш өңдеудің технологиялық процесін де ескермейтінін атап өтті.

– Заң нақты өндірістің жұмысына қарсы келмеуі керек. Егер орман телімі жыл соңында берілсе, бірнеше апта ішінде бүкіл көлемді физикалық тұрғыда игеру мүмкін емес. Мұндай нормалар бизнеске де, жұмыс орындарына да тәуекел тудырады. Бұл мәселе жеке заңнамалық талдауды қажет етеді, – деді Олжас Нұралдинов.

Депутат сапар қорытындысы бойынша орман саласындағы қолданыстағы реттеу тетіктерін қайта қарау жөнінде депутаттық сауал жолдауды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл ретте ағаш өңдеу кәсіпорындарының мүддесі ескерілетін болады.

Сонымен қатар кездесуде салық жүктемесі мәселесі де қозғалды. Қазіргі уақытта зауыт жалпыға бірдей салық салу режимінде жұмыс істейді. Депутаттың пікірінше, ағашты терең өңдейтін кәсіпорындар үшін қосылған құн салығы бойынша салалық тетіктерді енгізу мүмкіндігін қарастыру орынды. Бұл олардың қаржылық тұрақтылығын арттырып, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

– Мұндай өндірістердің дамуына мүдделіміз. Бұл – жұмыс орындары, салық түсімдері және ел ішінде қалыптасатын нақты қосылған құн. ҚҚС бойынша салалық шешімдер өңдеуші секторды қолдаудың тиімді құралдарының бірі бола алады, – деп атап өтті Олжас Нұралдинов.

Сапар соңында депутат аталған зауыттың Қазақстан үшін бірегей өндіріс екенін атап өтіп, көтерілген мәселелерді парламент деңгейінде әрі қарай пысықтауға дайын екенін жеткізді.