Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының өкілі Олжас Нұралдинов «Ақ жол» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қанапия Бохаевпен бірге өңірдегі проблемалық өнеркәсіп нысандарының бірі – «КЭМОНТ» энергетикалық компаниясында болды.
Кәсіпорынның
негізгі қызмет бағыты – орта және төмен кернеулі жинақталған тарату құрылғылары
мен қосалқы станциялар өндіру. Компания өнімдері жоғары сенімділігімен және
қауіпсіздігімен, ықшам өлшемдерімен, жедел жөндеу мүмкіндігімен, ұзақ қызмет
ету мерзімімен, сондай-ақ монтаждау және пайдалануға беру кезіндегі
қолайлылығымен ерекшеленеді.
.jpeg)
Қазіргі уақытта кәсіпорын күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Бұған дейін «Bank RBK» АҚ «КЭМОНТ» АҚ-ны банкрот деп тану туралы сотқа талап арыз түсірген болатын. Алайда Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл талапты қанағаттандырудан бас тартты. 2025 жылы апелляциялық сот алқасы да аталған шешімді өзгеріссіз қалдырып, кәсіпорынның төлем қабілетсіздігі дәлелденбегенін растады.
Бүгінде «КЭМОНТ» қаржылық-шаруашылық қызметін жалғастырып, табыс тауып отыр және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін ішінара орындауда. 2024 жылғы 28 мамырдан бастап кәсіпорын өз жұмысын қайта жандандырып, қалпына келу бойынша оң динамика көрсетіп келеді. 2024 жылдың ақпан айында директорлар кеңесінің құрамы, оның ішінде кеңес төрағасы жаңартылған.
Қазіргі таңда компания бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобаларға тартылған. Бас мердігер ретінде Белоусовка кентіндегі мектеп құрылысына және Риддер ЖЭО-дағы тарату құрылғысын күрделі жөндеуге қатысқан. Сонымен қатар 2024 жылғы 1 қарашадан бастап «ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы» АҚ-мен Өскемен қаласының жарықтандыру жүйелерін пайдалану жөнінде келісімшарт жасалған. Облыс орталығының 22-шағын ауданындағы электрмен жабдықтау желілері пайдалануға беріліп, атқарылған жұмыстар үшін төлем жүргізілген. Кәсіпорын мердігер ретінде Бозанбай және Таврия ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысына да қатысқан.
Кездесу барысында компания басшылығы реабилитация аясында жалақы бойынша берешектің шамамен 1,5 млрд теңгесі өтелгенін хабарлады. Сонымен қатар 2020–2024 жылдар аралығында жиналған 700 млн теңге көлеміндегі қарыз әлі де сақталып отыр.
«Біз үшін ұжымды сақтау және барлық әлеуметтік міндеттемелерді кезең-кезеңімен орындау өте маңызды. Ең ауыр кезеңнен өттік, қазір кәсіпорынды қалпына келтіруге нақты мүмкіндік бар», – деп атап өтті «КЭМОНТ» басшылығы.
Кездесуде жүйелі мәселелер де көтерілді. Атап айтқанда, кәсіпорын сертификаттардың СТ-KZ және Индустриялық сертификат түрлерінің орнына енгізілген қазақстандық тауар өндірушілердің Бірыңғай тізіліміне алты айдан астам уақыт бойы тіркеле алмай отырғанын айтты.
«Құжаттар
дайын, барлық талаптар орындалған. Алайда электронды жүйе тіркеуден өтуге
мүмкіндік бермей отыр. Біз бірнеше рет жүгіндік, бірақ мәселе әлі шешілген жоқ.
Өндірістік кәсіпорын үшін бұл – өте үлкен шектеу», – деді компания өкілдері.
.jpeg)
Сонымен қатар реабилитация кезеңінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, аяқталмаған жобалар және кәсіпорын қызметіне кедергі келтіріп отырған әкімшілік тосқауылдар мәселелері де сөз болды.
Сонымен бірге «КЭМОНТ» басшылығы депутатқа өз әзірлемелерін таныстырды. Атап айтқанда, энергия тиімділігі жоғары, қызмет көрсетуі жеңіл әрі құны төмен заманауи жарықтандыру жүйелері көрсетілді. Компания өкілдерінің айтуынша, кәсіпорынның даму әлеуеті бар және өндірісті кеңейтуге қатысты нақты жоспарлары қалыптасқан.
Олжас Нұралдинов жағдайға қатысты пікір білдіріп, мұндай кәсіпорындарға формалды қолдаудан гөрі жүйелі кедергілерді жою қажет екенін атап өтті.
«Кәсіпорын
өндірісті сақтап, жұмыс орындарын ұстап қалып, қарыздарын өтеу міндетін өз
мойнына алып отырса, мемлекет оған дағдарыстан шығуға көмектесуі тиіс. Ал
қосымша тосқауылдар жасалмауы керек. Тауар өндірушілер тізілімі мен мемлекеттік
органдармен өзара іс-қимыл мәселелері жеке қарауды талап етеді», – деді
депутат.
.jpeg)
Сапар
қорытындысында Олжас Нұралдинов көтерілген мәселелер қосымша зерделеніп, оның
ішінде депутаттық сауалдар мен парламенттік жұмыс аясында пысықталатынын
жеткізді.