Өскемен
қаласында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының өкілі Олжас Нұралдинов Сәрсен
Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері мен профессор-оқытушылар
құрамымен кездесті.
Кездесуге
сондай-ақ «Ақ жол» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы
Қанапия Бохаев, филиал төрағасының орынбасары Меруерт Смағұлова, партияның
жастар қанатының өкілдері және облыстық Кеңес мүшелері қатысты.
Олжас
Нұралдинов үшін бұл кездесу ерекше мәнге ие болды. Университет — оның өзі
оқыған, 15 жыл бұрын тәмамдаған оқу орны.
Депутатқа
университеттің бүгінгі даму бағыты таныстырылды. Қазіргі таңда мұнда шамамен 10
мың студент білім алады, материалдық-техникалық база жаңартылып, заманауи
жабдықтар енгізілуде, оқытудың жаңа форматтары қолданысқа енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар студенттер депутатпен бірге білім беру, мансап және азаматтық
белсенділік тақырыптарына арналған подкаст жазды.
Кездесудің
негізгі бөлігі ашық диалог форматында өтті. Студенттер мен оқытушылар бірқатар
жүйелі мәселелерді көтерді. Соның ішінде құқық қорғау органдарындағы заңгер
кадрлардың жетіспеушілігіне ерекше назар аударылды. Қатысушылардың айтуынша,
қоғамда «заңгерлер тым көп» деген түсінік қалыптасқанымен, іс жүзінде білікті
мамандар тапшы, ал заң мамандықтарына қабылдау көлемі жыл сайын азайып келеді.
Бұған гранттардың жетіспеуі және қолданыстағы тестілеу жүйесіндегі олқылықтар
себеп болып отыр. Атап айтқанда, сұрақтардың тәжірибелі заңгерлердің
қатысуынсыз дайындалуы және бірнеше дұрыс жауабы бар тапсырмалардың болуы іріктеу
сапасын төмендетеді.
Олжас
Нұралдинов заңгер кадрларды даярлау мәселесі елдің құқықтық жүйесінің
болашағымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Президент
кәсіби Парламенттің қажеттігін ашық айтты. Демек, кәсіби кадрлар да қажет.
Құқықты сырттай оқытуға болмайды. Өйткені заңгердің дайындығы адамдардың
тағдырына тікелей әсер етеді. Бүгінде біз мамандардың саны мен сапасына қатысты
қатар тұрған мәселелерді көріп отырмыз, – деді депутат.
Ол
тестілеу жүйесі мен заңгерлерді даярлау мәселелері бойынша депутаттық сауал
жолдайтынын мәлімдеді. Бұл жүйе мемлекеттік қаржы есебінен жұмыс
істейтіндіктен, елдің нақты қажеттіліктеріне сай болуы тиіс екенін атап өтті.
Кездесу
барысында халықтың құқықтық сауаттылығының төмендеуі, студенттердің кредиттік
жүктемесі, сондай-ақ оқушылар мен студенттерді жарыстарға, олимпиадаларға және
өзге де іс-шараларға тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік мәселелері де талқыланды.
Студенттердің
саясаттағы жолын таңдауы туралы сұрағына жауап берген Олжас Нұралдинов саясатқа
бизнестен келгенін айтты.
Мен
кәсіпкерлікпен айналыстым, кәсіби тұрғыда өстім. Бір кезеңде шетелге көшу
туралы да ой болды. Бірақ жақындарым елден кетпей, жағдайды өзіміз өзгерту
керек деп кеңес берді. «Ақ жол» — кәсіпкерлер партиясы. Құндылықтары маған
жақын болғандықтан осы жолды таңдадым, – деді ол.
Депутат
2020 жылдан бері партия мүшесі екенін, ал 2021 жылдан бастап бес жыл бойы «Ақ
жол» партиясының Алматы қалалық филиалын басқарғанын еске салды.
Кездесу
қорытындысында Олжас Нұралдинов студенттер мен оқытушылармен тікелей диалогтың
маңызын атап өтіп, көтерілген мәселелер парламент деңгейінде пысықталатынын
жеткізді.


