06
Қантар

Олжас Нұралдинов «Жансат» құрылыс компаниясының ұжымымен кездесті

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының өкілі Олжас Нұралдинов Өскемен қаласында «Жансат» құрылыс компаниясында болып, кәсіпорын ұжымымен кездесті. Кездесуге сондай-ақ «Ақ жол» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Қанапия Бохаев, филиалдың жастар қанатының өкілдері және облыстық кеңес мүшелері қатысты.

 

Кездесу барысында кәсіпорын директоры Александр Шестаков өндірістің қазіргі жағдайы мен даму мүмкіндіктері туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде компания құрамында үш бетон зауыты және үш құрылыс ерітінділерін өндіретін зауыт жұмыс істейді.

2025 жылы кәсіпорында 80 мың текше метрден астам тауарлық бетон және 6,5 мың текше метрден аса құрылыс ерітіндісі өндірілген. Өндірілетін өнімнің барлығы сертификатталған. Кәсіпорында 50-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар инертті материалдар өндіретін карьердің болуы өндірісті толық циклде жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Кездесу кезінде кәсіпорын басшылығы жаңа Салық кодексіне қатысты бірқатар алаңдаушылықты жеткізді.

Сондай-ақ жиында көлік саласына қатысты қабылданған жаңа талаптар да көтерілді. Әңгіме Қазақстанда кезең-кезеңімен енгізілетін, жалпы пайдаланымдағы жолдарда рұқсат етілген массасы 25 тоннадан асатын ірі жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қою туралы норма жайында болды. Бұл талаптың толық күшіне 2027 жылдың қаңтарынан бастап енуі мүмкін.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жаңа ереже нақты жағдайды ескермейді.

«Самосвал бір тонна ғана жүк тасымалдаса да, тіпті белгіленген нормадан аспаса да, бәрібір ереже бұзған болып саналады. Мұндай жағдайда айыппұл салу қаупі бар. Бұл құрылыс, тау-кен, жол және басқа да негізгі салаларға тікелей әсер етеді», – деді кәсіпорын өкілдері.

Олжас Нұралдинов бұл мәселенің ауқымы өте кең екенін атап өтті.

«Бұл тек бір кәсіпорынның немесе бір саланың мәселесі емес. Мұндай шектеулер құрылыс материалдарының бағасына, инфрақұрылым жобаларына, тіпті қарапайым азаматтардың күнделікті өміріне әсер етеді. Сондықтан бұл нормалар бизнес қауымдастықтың пікірін ескере отырып қайта қаралуы тиіс», – деді депутат.

Кездесу барысында әлеуметтік мәселелер де қозғалды. Атап айтқанда, Өскеменнің Сол жағалауына қоғамдық көліктің сирек қатынауы айтылды. Қазіргі таңда бұл бағытта жалғыз ғана маршрут бар, ал автобусты күту уақыты кейде 40 минутқа дейін созылады.

Сонымен қатар балалар үйінің түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Айта кетерлігі, дәл осындай санаттағы жастар аталған кәсіпорында еңбек етіп жүр.

 

Кездесу қорытындысында Олжас Нұралдинов көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынатынын айтып, олардың бір бөлігі бойынша депутаттық сауал жолданатынын жеткізді. Сондай-ақ өндіріс орындарымен және еңбек ұжымдарымен тікелей диалогтың маңызын атап өтті.