Қорғаныс саласына сеніміміз зор /Мақсат Жақау, «Ақ жол» ҚДП төраға кеңесшісі, саясаттанушы - Казак yнi (Алматы)
Әрбір табиғи құбылыс мерзімдік науқанымен қатар жүреді. Алайда ауа райы көбіне сыртқы әлемдік катаклизмдік ықпалдардың әсерімен күтпеген кезде өзгеретіні белгілі. Бүгінгі елдің ішкі саясатындағы ауыс-түйістер ішкі факторлардан гөрі сыртқы векторлық ықпалдардың әсерінен орын алып жатқан секілді. Мәселен, Ресейдегі ахуал, Украинадағы ұлтаралық мәселенің қарулы қақтығыстарға ұласуы, әлемдік саяси күштердің бір-біріне салған санкциялары талай елді абыржытып тастады.
Саяси ахуалдар осылай ушыға берсе, Еуразиялық Экономикалық Қауымдастыққа кіретіндіктен, бізге де оңайға соқпасы анық. Мұндай сәтте Ұлттық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударуға тиіспіз. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев соңғы кезде қарулы құрылымдардың қызметтерін күшейтуге баса назар аударуда. Сондықтан да Иманғали Тасмағамбетовке Қорғаныс министрлігі сеніп тапсырылды.
Біріншіден, аяқасты кризистік талаптар туындай қалса, ведомство сақадай сай болуы керек.
Екіншіден, ел бюджетінен қомақты қаржы бөлінетін министрліктегі жемқорлық тыйылмай тұр.
Үшіншіден, осы министрліктегі кадрлық-әкімшілік жүйеден бастап, барлығы өзгере бастайды. Жаңа министр жауынгерлер арасында орын алатын адам өлімін азайтуы тиіс.
Төртіншіден, жаңа форматтағы әскери-идеологиялық сарындағы рухты көтеру мәселесі қолға алынады. БАҚ-та әскери теле-жобалар мен патриоттық әндер көбейіп жатса, таң қалмаңыз. Бұл — Имекеңнің идеологияға кіріскенінің белгісі деген сөз. Дегенмен де, ұлттық кауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жақын арада Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінде де өзгерістер болуы мүмкін.
Астана әкімдігіне жаңа, әрі экс-әкімі Әділбек Жақсыбековтың келгені анау айтқандай өзгеріс те емес. Басты жұмысы - ЭКСПО-ның дайындығы болады. Қалалық шаруашылық жұмыстарды реттейді. Мәселен, қазір сенаторлар тарапынан дүркіретіп өткізетін іс-шаралар қатты сынға алынып жүр. Әділбек Жақсыбеков осындай олқылықтарды болғызбау үшін барын салып жұмыс істеуі керек.
Ал Серік Ахметовтің саяси мансабына нүкте қоюшылар да табылып жатыр. Біздіңше, бүл асығыс пікірлер секілді. Біріншіден, ол Үкіметті басқарған азамат, екіншіден, кадрлық құрамдағы іскер менеджер. Мұндай маманға жуық арада өзіне лайық қызмет табылуға тиіс. Ең бастысы, артынан ерген түрлі қауесеттерді жуып-шаюға мүмкіндік беретін екі есе жауапкершілік артылуы мүмкін, не бір қадам артқа шегіну позициясы болуы ықтимал, қайткенмен де оған лайықты қызмет қарастырылатыны сөзсіз.
Жалпы, тамыз айынан басталған әуелі үкіметтік құрамның ықшамдалып.
мобильденуі, облыстық әкімдерді қайта қарастыру, Президент әкімшілігіндегі өзгерістер, саяси талдау орталықтарын мазмұндық реңге көшіру, шетелдегі елшіліктердегі жаңа тағайындаулар, бүгінгі қауіпсіздік құрылымдарын реанимациялау - келешектегі сыртқы һәм ішкі саяси науқандарға деген дайындық секілді көрінеді. Яғни мемлекеттік саясаттағы жоспарлар қайтадан анықталып, пысықталып жатыр.
Біздіңше, енді парламенттік құрамды жаңалау немесе жұмысшы заң шығару органын нығайту мәселесі қолға алынады. Елбасы қарқынды индустриалдық, кәсіпкерлік, өндірістік экономиканы жеделдету үшін заңнамалық-нормативтік актілерді жасақтауды қолға алады. ЕЭҚ аясындағы проблемалық мәселелерге төтеп беретін, ішкі даму көрсеткіштерін күшейтетін бизнестің жаңа картасына мүмкіндік жасалады. Бұл орайда логистикалық, макроэкономикалық үдерістер мен инвестициялық ұсыныстарды енгізудің жаңа тетіктерін қарастыру қажет. Мұның бәрін Парламенттік фракциялардың қажырлы әрекеттері алға жылжытады. Сол үшін де, жұмысшы фракциялардың маңыздылығына билік тарапынан үлкен мән беріледі. Бұл дегеніміз, сайлау науқанының ауылы да алыс емес деген сөз.
Сонымен, әкімшіліктік реформалардан соң, саяси реформалар жүретіні белгілі болды. Айтпақшы, әупірімдеп жүріп, Еуропалық одақпен екінші келісім-шартқа қол қоюымыздың да маңызы зор. Бүл алдымен, саяси демократиялық дамуда бірнеше фракциялық өкілеттіктердің сақталуы, мүмкін көбеюіне ықпал етеді. Сонымен қатар, жергілікті өкілетті органдарда түрлі саяси бағыттағы депутаттардың саны өсуі бек мүмкін. Жалпы осы талабы жоғары құжаттың арқасында, алдағы үш-төрт жылға жаңа саяси контрастағы оқиғалар, науқандар белең алады.
Егер саяси сана мен жасақталып, сақталып келген биліктің жүйесі осыған дайын, кез келген саяси катаклизмдердің дағдарыстық жоспарларына жауап беретіндігіне сенімді болса, алдағы қысқа мерзімде саяси өмірі тұрақты даму деңгейіне көшеді деген тұжырымға келуімізге болады.
Дерекнама - Казак yнi (Алматы), № 43 (652), 06.11.2014