09
Қантар

Отандық өнеркәсіпті дамыту мәселелері «FIBC KAZAKHSTAN» ЖШС базасында талқыланды

2026 жылғы 9 қаңтарда «FIBC KAZAKHSTAN» ЖШС өндірістік алаңына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаева жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ұлан Қозыбақов, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары Әсем Ілиясова мен Раушан Жалимбетова, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Ақтөбе облысы бойынша директоры Айнагүл Ниязова болды.

 

Сапар барысында қонақтар кәсіпорынның қызметімен, өндірістік қуаттарымен және технологиялық үдерістерімен танысты. «FIBC KAZAKHSTAN» ЖШС – өнеркәсіптік қаптаманы толық циклмен өндіретін қазақстандық кәсіпорын. Компания жұмсақ контейнерлер (биг-бэгтер), полипропилен мата, строптар, таспалар және жинақтаушы бұйымдар, соның ішінде вагондық вкладыштар, пологтар мен техникалық таспа шығаруға маманданған. Сонымен қатар, кәсіпорында өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу және тазалау жүзеге асырылып, полипропилен гранулдары өндіріледі. Аталған кәсіпорын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауын алған.

 

Кездесу барысында отандық өндірісті дамыту, локализациялау, заманауи технологияларды енгізу және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда кәсіпорында 102 қызметкер еңбек етеді. Өндірілетін өнімнің барлығы сертификатталған және СТ KZ сертификаттарымен расталған талаптарға толық сәйкес келеді.

 

Делегация өкілдері өндірісті ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін, кәсіпорынның Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңыздылығын және елдің өңдеуші өнеркәсібін дамытуға қосып отырған үлесін атап өтті. Сапар қорытындысы бойынша өндірісті одан әрі кеңейту перспективалары мен мемлекеттік қолдаудың мүмкін шаралары талқыланды.