20
Сәуір

Парламент – есеп-қисап емес, саяси орган: «Ақ жол» демпартиясы Парламенттің бюджетті ғана емес, Үкіметтің іс-қимыл Бағдарламасын бекітуін талап етеді

20 сәуір 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың 2022 жылдың 20 сәуірінде Мәжілістің пленарлы отырысында өткен республикалық бюджетті нақтылау барысында сөйлеген сөзінің тезистері

Құрметті әріптестер.

Үкімет ұсынған бюджетті нақтылауды ескере отырып, шығындардың бірден 17%-ға өскенін атап өту керек. Бюджетті нақтылаудың мұндай ауқымы 10 жыл бойы болмаған шығар, мүмкін одан да көп. Негізінен бюджеттің жаңа нұсқасы туралы айтып отырмыз.

Шығындардың былай ұлғаюына өткен жылдың күзінде бюджетті қарау кезінде үкімет тарапынан тиісті назардан тыс қалған немесе болжануы мүмкін емес объективті жағдайлар себеп болғанын мойындау керек.

Осылайша, қосымша шығыстардың үштен екісі Президент Қ.Тоқаевтың қаңтар оқиғасының зардаптарын жою, сондай-ақ олардың алғышарттары, бірінші кезекте халықтың кедейлігін еңсеру жөніндегі тапсырмаларын орындауға байланысты. Зейнетақылар мен әлеуметтік төлемдердің 11%-ға ілгері индекстелуін, жалақысы төмен қызметкерлер санаттарының жалақысын көтеруді және т.б. қарастыру керек.

Мысалы, денсаулық сақтау саласында қызмет ететін медициналық емес қызметкерлер мен білім беру саласындағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын көтеруге 956 млрд теңгеден астам қаржы жоспарланған. Естеріңізге сала кетейін, осыдан бір жыл бұрын, 2021 жылдың 21 сәуірінде «Ақ жол» фракциясы Үкіметке осындай шешімнің қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдаған болатын.

Анығында, қоғамның әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оның ішінде, инфляциялық процесстерді тежеу мен ұлттық валюта курсын мөлшерден тыс ауытқудан қорғауға бағытталған шараларды да осыған жатқызуға болады.

Әрине, бюджетті жоспарлауға аса күрделі халықаралық жағдайлардың да әсер ететіні сөзсіз.

Мелекеттік кіріс комитетінің мәліметі бойынша, бюджетіміздің  ресейге қарсы санкциялар салдарынан ұшыраған тікелей шығынының өзі 276 млрд теңгені құрайды. Алда күтілетін жанама шығындарды бағалау қазірше мүмкін емес.

Бұдан бөлек, БАҚ хабарлауынша, КҚК құбырындағы апат кесірінен Қазақстан тағы 100-150 млрд теңгеден айырылып отыр.

Сонымен қатар, Республиканың аумақтық тұтастық пен конституциялық тәртіпті қамтамасыз ететін қарулы күштерін модернизациялау мен қайта жабдықтау қажет екені айдан анық. Бұл мәселенің өзектілігі туралы «Ақ жол» демократиялық партиясы екі жыл бұрын мәлімдеген болатын.

Осының барлығы бюджетке салмақ салып, шұғыл шаралар қолдануға мәжбүрлейді.

Бизнес өкілі ретіндегі «Ақ жол» демократиялық партиясы үшін осының өзінде Үкімет экономиканың нақты секторын қаржыландыруды бірден 66%-ға ұлғайтып, яғни қосымша 1 трлн. 330 млрд теңге. жолдауы, бюджет шығыстарындағы нақты сектордың үлесін бірден 12,6-дан 18%-ға дерлік жеткізу көңілге қонымды жайт.

Бұл бюджеттің кіріс бөлігі шығындарының едәуір көлемін қалпына келтіру үшін сауатты алғышарттарды қалыптастарады.

Дегенмен, ұсынылған нақтылаулар бірқатар алаңдатарлық макроэкономикалық көрсеткіштерді қамтиды.

Мәселен, мұнайлық емес тапшылық 2 триллион 227 миллиард теңгеге өсіп, жалпы ішкі өнімнің 10,2 пайызын құрады. Естеріңізге сала кетейін, Еуропа елдерінде 3 пайыздан астам тапшылық дағдарыс деп саналады.

Бюджеттік шығындардың өсуін жабудың ұсынылатын тәсілдері:

- мемлекеттік қарыздың өсуі арқылы және

- Ұлттық қордан трансферттердің ұлғайту.

Сыртқы қарызды 1 триллион 626 миллиардқа ұлғайту ұсынылып отыр. Бюджет саясатының тұжырымдамасында сыртқы борыштың шекті мөлшері жалпы ішкі өнімнің 27 пайызы деңгейінде белгіленген. Бюджетті нақтылау сыртқы қарыз деңгейінің 25% құрайды.

Яғни, сыртқы қарыз мәселесінде біз мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де жар жағалап келе жатырмыз.

Мемлекеттік қарыз көлемінің ұлғаюымен қатар қарызға қызмет көрсету құны да өсуде – олар бюджет кірісінің 12%-дан астамын құрайды.

Бірақ сыртқы қарыз шетел валютасында есептелетіндіктен, айырбас бағамының өзгеруіне байланысты сыртқы қарыз сомасы да, төлемдердің нақты шығындары да рұқсат етілген межеден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

Бюджет шығыстарын жабудың екінші көзі – Ұлттық қор. Нақтылау Ұлттық қордан аударылатын трансферттерді бірден 68%-ға (4 трлн 030 млрд теңгеге дейін) арттыруды көздейді.

Осы орайда, 2016 жылға дейін Ұлттық қор қаражатын пайдалану тұжырымдамасында республикалық бюджетке 8 миллиард АҚШ доллары көлемінде кепілдендірілген трансфертті бекіту және оны 15 пайызға дейін түзету мүмкіндігі қарастырылғанын еске сала кетейік.

Ал біз бүгінде 15, тіпті 50 пайызға емес, бірден 68 пайызға ұлғайтып жатырмыз.

Біздің ойымызша, дәл осы норманың жойылуынан Ұлттық қордың өзімізге емес, қазақстандықтардың болашақ ұрпақтарына тиесілі қаржысын пайдалану – барлық Үкіметтердің әдетіне айналды.

Нәтижесінде сыртқы қарыз жағдайындағыдай, Ұлттық қордан аударым жасаудың да шегіне жеттік. Қордың рұқсат етілген ең төменгі қалдығы ЖІӨ-нің 30%-нан кем емес мөлшерінде белгіленді. Бүгінгі құжатта Ұлттық қорда ЖІӨ-нің 32%-дан азы қалатыны көрсетілген.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы тиісті заңнама аясында Ұлттық қордан аударылатын трансферттердің көлемін түзетуге шектеулерді қалпына келтіруді ұсынады.

Біздің ойымызша, мемлекеттік қарыздың өсуі мен Ұлттық қордың жұмсалуына байланып қалған Үкімет мемлекет иелігіндегі неғұрлым қомақты резервтерді дұрыс есепке алмайды. Біріншіден, бұл мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылғанымен, қоғам мен парламенттен жасырын пайдаланылатын квазимемлекеттік сектордың кірістері.

Еске салайық, пандемия шарықтап тұрған кезде, 2020 жылғы 23 наурызда Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік компаниялардың таза кірісінің 100 пайызын бюджетке аударуды тапсырған болатын.

Алайда, Үкімет 2020 жылғы 27 наурыздағы «Мемлекеттік акциялар пакеттері бойынша дивидендтер туралы» өз қаулысына сілтеме жасай отырып, оны «біржолғы» нұсқау деп түсінді. Ал 2021 жылы бюджеттің атқарылуы туралы есеп бойынша мемлекетке квазимемлекеттік сектордан түскен пайданың 100, тіпті 50 пайызы емес, тек 1,4 пайызы ғана жіберілген.

Бүгінгі күні нақтылау кезінде бұл үлесті 11 пайызға жеткізу жоспарлануда. Қалған 90% жуық табыс (бұл жүздеген миллиардтар) менеджерлердің қарамағында қалады. 40 миллион теңгенің жалақысы, сыйақысы бар алып бонустардың барлығы осыдан шығады. Ал мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындау үшін болашақ ұрпақтың ақшасын қарызға алып, жұмсауға мәжбүр.

Мәселен, бір ғана «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның таза кірісі өткен жылдың өзінде 1 триллион 600 миллиард теңгені құрады.

Естеріңізге сала кетейін, дәл осындай соманы – 1 триллион 600 миллиардты – біз Ұлттық қордан қосымша алып жатырмыз, сол соманы – 1 триллион 600 миллиардты – біз шетел валютасында өтеуге тиісті қосымша сыртқы қарыз ретінде аламыз.

Осы сандарды қосып қарастырып көріңіздер.

«Ақ жол» фракциясы бұл тәсілді, жұмсартып айтқанда, дұрыс емес деп санайды.

2021 жылдың 26 ​​мамырында біз үкіметке барлық ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың кірістерін қамтитын кеңейтілген бюджетке көшу туралы депутаттық сауал жолдаған болатынбыз.

Біз де бүгінгі құжатты талқылағанда осындай түзету енгіздік: Ұлттық қорға тиіспеу және мемлекеттік кәсіпорындардың барлық 100 пайыз кірісін бюджетке аудару.

Алайда, Экономика министрлігі – міне, олардың ресми жауабы – түзетуді бұл жерде емес, мемлекеттік мүлік туралы заңға енгізу керек деп жауап берді.

Жарайды, бұл дауды сол заң аясында жалғастырамыз.

Резервтердің екінші бөлігі бюджеттің тиімсіз шығыстарын қысқарту болып табылады. Қазірдің өзінде «қанды қаңтардан» сабақ алмаған кейбір шенеуніктердің ескі әдістері мен ескі тәбеттерін жиі көріп жүрміз.

Мәселен, Миялы ауылында 2 автокөлікке арналған өрт сөндіру бекетінің құрылысына 584 млн.теңге жоспарлануда, яғни. бір миллион үш жүз мың доллар.

Миллион долларға екі көлікке арналған боксты ғана емес, жарты ауылды сатып ала алуға болады. Осы мәселелерді фракцияда талқылағанымызда аудандық мәслихат депутаттарының бірі мұның орнына 100 миллион қосып, үш ауысымды емес, толыққанды ауыл мектебін салуға болатынын атап өтті.

Бірақ есеп-қисаптарды негіздеуді сұрасақ, олар бізге жобалық-сметалық құжаттамада барлығы келісілген, сараптама да бекітілген деп жауап береді.

Бұл жауап емес. Біз өз мүдделеріне сай жасалаған ЖСҚ мен экспертизаларды көп көрдік. Мәселен, «Ақ жол» фракциясының ЛРТ жобасындағы ұрлық фактілерін тергеу жағдайы туралы сауалына құқық қорғау органдары бюджеттен миллиардтарды ұрлау мүмкіндігі бастапқыда консультациялар бағасын көтеру, ЖСҚ әзірлеу жұмыстарды жасау үшін жоғарылатын көрсетілген бағалар салдарынан арын алған деп жауап берді.

Бұл байламның қалай жұмыс істейтінін бәрі бұрыннан біледі: тапсырыс беруші-жобалаушы-мердігер, олардың әрқайсысы жобаның құнын «көбейтуге» мүдделі.

Бүгінде Ресейге қарсы санкциялар аясында, тіпті ЕАЭО шеңберінде де барлық елдер өздерінің отандық өндірушілерін қолдау мақсатында шетелдік жеткізушілерді ұлттық режимнен босатуда. Бірақ жобалық-сметалық құжаттар ұрлық жасау үшін «қосымша табыспен» осылай көрсетіліп берілсе, бұл шараның мәні жоқ.

Бұл тәсілдерді қайта қарау қажет, ең алдымен, жалпы конкурстан Қазақстан Республикасында шығаруға болатын, көбінесе 1,5-2 есе арзанырақ материалдар мен жабдықтарды бөліп шығару керек.

Тиісті заңда бұл мәселеге қайта ораламыз.

Шынын айтқанда күмәнді шығындар да бар. Мәселен, жоғары жетістіктер спортына, яғни кәсіби спортшыларға 81 млрд теңге бөлу ұсынылған.

Бұл ретте бұқаралық спортқа 1 миллиард 370 миллион теңге ғана қарастырылған.

Яғни, шетелдік легионерлерге өз балаларымыздан 80 есе көп бөлеміз.

Мемлекеттік спорт тапсырысын (балалар секцияларын) жан басына шаққандағы қаржыландыру қаражаты – 8 облыста екі айда бітуі кездейсоқ емес.

Біз үшін артынан масқара боп айырылып қалатын жалған медальдер маңызды ма, әлде, жаппай бұқаралық спортпен шұғылданатын салауатты ұлты маңызды ма?

Басымдылықтарымызды дұрыс анықтайық. «Ақ жол» фракциясының көзқарасы бойынша, миллиондаған ұл-қыздар спортпен шұғылданса, Олимпиада алтыны ешқайда кетпейді.

Тағы бір жайт: көптеген министрліктер түрлі зерттеулер мен консультацияларға ақша жұмсаудан бас тартуда. Бұл дұрыс, өйткені саладағы жағдайды талдау және түсіну министрліктердің өздері мен олардың қызметкерлерінің тікелей міндеті. Әйтпесе, олар не үшін тағайындалды?

Бірақ Цифрлық даму министрлігі кенеттен консалтингке 953 миллион, ал Ұлттық экономика министрлігі тіпті 1,5 миллиард жұмсауға шешім қабылдады.

Әріптестеріміз сөз еткен басқа да көптеген жайттар бар.

Ең бастысы, жүйелік сұрақ.

Парламент бір-екі аптаның ішінде ондаған мемлекеттік органдар бірнеше ай бойы дайындаған орасан зор қаржылық құжатты қарап, шенеуніктер жасырған сәйкессіздіктерді іздеуі керек.

Біз бұл жұмысты жасап жатырмыз және жасай береміз. Бірақ Үкіметтің логикасын жан-жақты түсінбей, кемшіліктердің белгілі бір бөлігі байқалмай қалу қаупі бар.

Нәтижесінде, Үкімет жұмысын бағалау бухгалтерлік баға болып табылады: нәтиже бойынша емес, қаражаттың игерілуі бойынша – дебет-кредит-баланс сальдосы.

Меніңше, бұл Есеп комитетінің жұмысы. Оның үстіне Президент оның мәртебесін Аудиторлық палата деңгейіне дейін көтеруде.

Ал Парламент бухгалтерлік емес, саяси орган.

Бюджетті дұрыс бағалау үшін қоғам мен Парламент Үкіметтің нақты тапсырмалары бар іс-қимыл бағдарламасын түсінуі қажет: осынша жұмыс орнын құру, зейнетақы мен орташа жалақыны мынадай деңгейге дейін көтеру, инфляцияны осындай пайыздарға дейін төмендету, аурушаңдық пен жұмыссыздықты азайту, жаңа технологиялық өндірістер ашу т.б.

Сонда Үкіметті де, оны құрған партияны да сандармен емес, халықтың жетістіктері мен өмір сүру сапасымен бағалауға болар еді.

2007 жылға дейін «Үкімет туралы» Конституциялық заңның 7-бабында Үкіметтің Парламентте өз іс-әрекетінің бағдарламасын бекіту міндеті көзделген болатын. Бірақ кейін бұл норманы ың-шыңсыз алып тастады.

Президенттің жуырдағы Жолдауын ескере отырып, жарияланған конституциялық реформа аясында «Ақ жол» демократиялық партиясы бюджетпен бірге Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын да Парламенттің бекіту талабын қайтаруға бастамашы болады. Өйткені, мәселе жеке сандарда емес, біз қайда барамыз және оған қалай қол жеткізгіміз келеді деген жан-жақты көзқараста.

Назарларыңызға рақмет.