04
Наурыз

04.03.2026

Отандық тауар өндірушілер Тізілімін жетілдіру және қазақстандық қамтуды ынталандыру туралы

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі

Е.Нағаспаевқа

«Ақ жол» демократиялық партиясы қазақстандық қамтуды дамыту мен елдің өнеркәсіптік іргесін нығайтуды дәйекті түрде қолдап келеді. Сыртқы тұрақсыздық пен бәсекелестіктің күшеюі жағдайында өндірісті локализациялауды тереңдету экономикалық тұрақтылық пен ұлттық экономиканың өнеркәсіптік іргесін дамытудың негізгі факторы болып табылады.

Отандық тауар өндірушілердің тізілімін құру локализацияны есепке алудың ашық жүйесін қалыптастыру мен технологиялық операцияларды игерудегі маңызды қадам болды. Тізілім қазақстандық кәсіпорындардың корпоративтік сатып алуларға басымдықпен қатысуына институционалдық негіз жасап, ұлттық бизнесті қолдаудың тиімді құралына айналуы тиіс.

Оны технологиялық операцияларды игеруді бағалау арқылы енгізудің өзектілігі нақты өндірушілерді жалған өндірушілерден ажыратуға және өндірістік процестерді жаңғыртуды ынталандыруға мүмкіндік береді.

Биыл ақпанның 10 күнгі Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былай деп атап өткен еді: «Жоспарланған өндіріс көлеміне нұқсан келтірмей... Отандық тауар өндірушілер тізілімін шұғыл түрде іске қосу қажет. Министрліктер қабылдап жатқан жаңа ережелер мен шешімдер шетелдік және отандық компанияларға төбеден жай түскендей болмауы тиіс. Бұл жөнінде отандық және шетелдік компаниялардан белгілер келіп түсуде».

Шынында да, «Ақ жол» демпартиясына машина жасау, химия өнеркәсібі және IT-сектор кәсіпорындарынан («Инкар-1» ЖШС, «КазПолимер» ЖШС, «Q-Space» ЖШС, «Stark Alpha» ЖШС және басқалар) Тізілімнің жекелеген жұмыс істеу аспектілерін жетілдіру мәселелері бойынша өтініштер түсуде.

Атап айтқанда, стандартталмаған өнімді Тізілімге енгізу кезінде технологиялық операцияларды фото және бейнефиксациялау үшін бұйымдарды алдын ала дайындау талап етіледі. Өндірістің жобалық сипатын ескере отырып, салалық ерекшеліктерге сай мұндай операцияларды растаудың қосымша, неғұрлым икемді түрлерін Тізілім рәсімдеріне енгізу орынды деп санаймыз.

Компьютерлік техника өндіретін отандық кәсіпорындарынан өнімін Тізілімге енгізу үшін HDD магниттік дискілері мен оқу бастиектерін өндіруді растау талап етіледі. Алайда қазіргі заманғы компьютерлік техникада бұл компоненттер көп жағдайда қатты денелі жинақтағыштармен (SSD) және жаңа буындағы өзге де өнімдермен алмастырылған. Бұл саланың қолданыстағы технологиялық стандарттарын ескере отырып, критерийлерді жаңалау қажеттігін көрсетеді.

Кейбір отандық өндірушілер өтінімдерді қарау рәсімдерінің созылып кететінін атап өтіп, бағдарлама операторлары тарапынан нақты әрі болжамды мерзімдерді қамтамасыз етудің маңыздылығын көрсетеді, өйткені олар үшін бұл ірі келісімшарттарды жасасу немесе олардан айырылып қалу тәуекелімен тікелей байланысты.

Тізілімнің инновациялық және инвестициялық сипатын ескере отырып, рәсімдердің уақытында жүзеге асырылуы өңдеуші өнеркәсіпті дамыту және оның өнім экспортындағы үлесін арттыру үшін аса маңызды мәнге ие.

Мемлекет басшысы жоғарыда аталған Үкімет отырысында өңдеуші былтыр өнеркәсіп 6,4% деңгейіндегі тұрақты өсім көрсеткенін атап өтті. Алайда, сонымен бірге өңделген тауарлар экспортының төмендеуі тіркелуде. Сондықтан, өңдеуші өнеркәсіпке ерекше назар аудару қажет деп тапсырған еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дәл осы сала Отандық тауар өндірушілер тізілімінің реттеу нысанасы болып табылады.

Бұдан бөлек, «Ақ жол» демпартиясы Тізілімнің қолданылу аясын тек мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларымен шектемей, шетелдік қатысуы бар ірі тау-кен өндіруші компаниялардың келісімшарттарына да тарату қажет деп санайды.

Отандық кәсіпорындардың мәліметінше, ірі тау-кен металлургия кешеніндегі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында мемлекет ішілік құндылық бойынша талаптар болғанына қарамастан, көп жағдайда қазақстандық өндірушілерге басымдық қамтамасыз етілмейді және ашық бақылау жүйесі жоқ.

2022 жылғы конституциялық реформаға және Жаңа Конституция жобасына сәйкес жер қойнауы Қазақстан халқына тиесілі екенін ескере отырып, тау-кен өндіру саласындағы шикізат алпауыттары үшін де Отандық тауар өндірушілер тізілімін міндетті түрде қолдануды қамтамасыз ету қажет деп санаймыз.

Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясы төмендегіні сұрайды:

1. Отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу және мәртебесін ұзарту жөніндегі өтінімдерді қараудың болжамды әрі регламенттелген мерзімдерін қамтамасыз ету, сондай-ақ өтініш берушілерді қарау барысы туралы міндетті түрде хабардар ету.

2. Жобалық, машина жасау және жоғары технологиялық өндіріс ерекшеліктерін ескере отырып, технологиялық операцияларды растау критерийлерін жаңарту, оның ішінде локализацияны растаудың неғұрлым икемді түрлерін енгізу.

3. Деректерді объективті верификациялау мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы мемлекет ішілік құндылықты есептеудің бірыңғай ашық цифрлық әдістемесін әзірлеп, енгізу,.

4. Тізілімге енгізілген отандық өндірушілер өнімінің басымдығын тау-кен металлургия кешенінің ірі жер қойнауын пайдаланушылары мен олардың мердігерлерінің сатып алуларында нақты қолдануды қамтамасыз ету, сондай-ақ мұндай сатып алулардың үлесі бойынша міндетті есептілікті енгізу.

Құрметпен, 

«Ақ жол» фракциясының депутаттары:

О. Нұралдинов

А. Перуашев

Д. Еспаева

С. Ерубаев

Е. Барлыбаев

Қ. Иса