16 сәуір 2025 жыл, Жамбыл облыстық филиалы
Жамбыл облыстық мәслихатына бір мандаттық жүйемен сайланған депутат, партия
филиалы төрағасының міндетін атқарушы Дәурен Ахметжаевтың төрағалығымен өткен
жиынға кеңес мүшелері офлайн және онлайн форматта қатысты.
Кеңес отырысы ізгі тілекпен басталып, партияластар Тараз қалалық
мәслихатының депутаты, кеңес мүшесі Руслан Мырқалықовты туған күнімен
құттықтады.
Күн тәртібінде бірінші кезекте Байзақ ауданы Көктал ауылы әкімінің
сайлауына кандидат ұсыну туралы мәселе қаралды.
Байзақ аудандық сайлау комиссиясының 9 сәуірдегі шешімімен 2025 жылдың 18
мамырына Байзақ ауданының Көктал ауылы әкімінің бос лауазымына сайлау
тағайындалған болатын. Бұл лауазымды 2021 жылы «Ақ жол» партиясының ұсынуымен
сайланған Серік Қайпулдаев атқарып келгені белгілі.
«Өздеріңізге белгілі Серік осы қызметті бүгінгі күнге дейін абыроймен
атқарып келді. Партия филиалының кеңес мүшелерімен тығыз байланыста жұмыс
істеді. Іс-шаралар өткізуге атсалысып, белсенділік танытты. Сондықтан,
Қайпулдаев Серік Қалыбекұлын Көктал ауылының әкімі сайлауында екінші рет
кандидат ретінде ұсыну қарастырылып отыр», - дей келе Дәурен Ахметжаев,
ұсынысты кеңес мүшелерінің талқысына салды.
Партия филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова кандидаттың
өмірбаянымен таныстырып өткен соң, кеңес мүшелері бірауыздан Серік Қайпулдаевты
қолдап, дауыс берді.
Кеңес отырысының күн тәртібіне сәйкес әртүрлі мәселелер қаралып, алдағы
атқарылатын іс-шаралар жоспары талқыланды.